Алдағы уақытта аймақтағы мектепке дейінгі мекемелерде мемлекеттік тілді оқыту сапасын арттыруға басымдық берілмек. Ал жасөспірімдер арасындағы әлімжеттіктің алдын алу мақсатында атааналар альянсы құрылады деп жоспарлануда. Сондайақ, ауыл мектептеріндегі маман тапшылығы мәселесін шешу үшін педагогтерге қомақты грант үлестіру көзделуде. Осы және өзге де мәселелер Естай атындағы мәдениет сарайында ұйымдастырылған павлодарлық педагогтердің кеңейтілген алқа отырысында талқыланды.

Аталмыш жиынға облыс әкімі Асайын Байханов, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің техникалық және кәсіптік білім департамен-тінің директоры Серік Жартыбаев, басқарма басшылары, өңірдегі мектеп директорлары, ұлағатты ұстаздар мен ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысты. Шара барысында білім беру саласындағы жетістіктер айтылып, өзекті мәселелерді шешу жолдары қарастырылды. Алғаш болып баяндама жасаған Серік Жартыбаев отандық білім беру саласын-дағы оң өзгерістерге тоқталды.

— Қазақстандық білім беру жүйесі халықаралық рейтингте жақсы нәтижелер көрсетуде. Жыл сайын осы саланы қаржыландыру еселеп өсіп келеді. Мәселен, 2021 жылы білім беру шығындары бойынша еліміз 62-орында болса, 2023 жылы 3-орыннан көрінді. Тек биыл бұл бағытқа 5,5 триллион теңге қарастырылды. Педагогтердің еңбекақысы да жыл сайын артуда. Қазіргі таңда мұғалімдердің орташа жалақысы 450 мың теңгені құрайды. Оқушылар игілігі үшін биыл 132 мың орынға арналған 154 мектеп бой көтеруде. Ерекше балалар үшін 5760 мектепте инклюзивті білім беруге жағдай жасалды. Сонымен қатар, елдегі 11 мың мектепке дейінгі мекемеде 1 млн балғын тәрбиеленуде. Қазақстан бойынша 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 89,1 пайызды құрап отыр, — деді Серік Жартыбаев. Сондай-ақ, ол мұғалімдерді аттестаттау талабына енгізілген оң өзгерістермен де бөлісті. Бұдан былай, ұстаздар бұрынғыдай педагогика және оқыту әдістемесі бойынша тест тапсырып қиналмайды, тек өзінің бейіндік пәні бойынша ғана білімін сынайды. Болашақта педагогтерді жұмысқа қабылдау рәсімі де автоматтандырылып, осы салада 30 жылдан астам уақыт бойы еңбек еткен ұлағатты жандарға «Еңбек ардагері» медалі табысталады деп жоспарлануда.  Алқалы жиында сөз алған аймақ басшысы алдымен өңір ұстаздарының еңбегі ерекше екенін атап өтті.

— Ертіс-Баян өңірінің педагогтері республика көлемінде үздіктер қатарынан табылуда. Соңғы 3 жылда білім беру сапасы бойынша біздің өңір көш басынан көрінді. Облыс мектептерінің қоржынында халықаралық және республикалық олим-пиадалардың 280-нен астам медалі бар. Бұл — мұғалімдердің адал еңбектерінің айқын дәлелі, — деді Асайын Байханов. Өңір басшысы, сондай-ақ, соңғы жылдары білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықпен қамтамасыз етуге арналған бюджет шығындары 3 есеге ұлғайтылғанын, 3 жылдың ішінде 165 мектепке 20 миллиардқа жуық қаражат бөлініп, тек биыл 33 мектепке толық жөндеу жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді. Келелі кездесуде білім саласында көңіл бөлінуі тиіс мәселелер де талқыланып, тапсырмалар беріліп, ұтқыр ұсыныстар ортаға салынды. Бала тәрбиесі бесіктен басталатынын айтқан облыс әкімі алдағы уақытта мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілін үйретуге баса көңіл бөлу керектігін тілге тиек етті.

— Біздің басты мақсатымыз – жас ұрпаққа игі дәстүрімізді дәріптеу. Бұл балаларды мемлекеттік тілдегі балабақшаға беруден басталады. Осы мәселені басшылыққа алуымыз қажет. Мемлекеттік тіл – ұлттың рухани тірегі. Сондықтан жас буынға ана тілімізде білім беруді және оны үйретуді нәтижелі іске айналдыру керек. Мемлекеттік тілдің қажеттілігін ескере отырып, мектепке дейінгі мекемелерде балаларды қазақ тілінде оқыту бойынша сапаны күшейту – бәрімізге ортақ міндет, – деді Асайын Байханов. Бүгінде білім беру саласындағы өткір тұрған мәселенің бірі – ауыл мектептерін-дегі маман тапшылығы. Облыс әкімі осы түйткілді шешу үшін ауылға баратын педагогтерге қомақты грант тағайындау жайлы ұсынысын да ортаға салды.

— Облыстағы 356 білім ордасының 212-сі шағын жинақты мектеп болып табылады. Оларды ұстап тұру үлкен шығынды қажет етеді. Әрине, қанша бала оқыса да, біз қаржыландыруды тоқтатпаймыз. Алайда, бұл мектептерді қажетті кадрлармен қамтамасыз етуде мәселе бар. Қазіргі таңда мұндағы мұғалімдердің 12 пайызын зейнеткерлер құрайды. Оларды алмастыратын маман жоқ. Сондықтан ауыл мұғалімдеріне грант беру бағдарламасын іске қосуды ұсынамын. Бес миллион теңгеге дейінгі мөлшерде біржолғы төлем енгізіп, жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етуді қарастыру қажет, — деді аймақ басшысы. Сонымен қатар, ол жауапты мекемеге аталған бағдарлама бойынша тиісті ережелер мен талаптарды әзірлеуді тапсырды. Жиында балалардың қауіпсіздігі де назардан тыс қалмады. Соңғы уақытта өңірімізде орын алған жасөспірімдердің бір-біріне әлімжеттік көрсету оқиғасы қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Бұған жол бермес үшін өңір басшысы буллингтің алдын алуға бағытталған жол картасын әзірлеуді ұсынып, бұл іске барлық бастаманы қолдауға дайын сарапшылар мен ата-аналар қауымдастығын тарту керектігін қадап айтты. Сонымен қатар, білім басқармасына осы жылдың 10 қыркүйегіне дейін «Отбасы күніне» орай ата-аналар альянсын құруды және оның бірінші аймақтық форумын өткізуді жүктеді. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина саладағы қол жеткен жетістіктер мен алдағы жоба-жоспарлар жайында баяндады. Оның айтуынша, павлодарлық балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдай жасалған. Соңғы кезде мектептер мен қосымша білім беру ұйымдарындағы түрлі үйірмелерге қатысатын бала саны өскен. Бүгінде 40 мыңнан астам оқушы спорттың 36 түрімен айналысуда. Сондай-ақ, ерекше балаларды қолдау шараларына да назар аударылуда.

— Өкінішке қарай, елімізде ерекше балалар саны жыл сайын көбейіп келеді. Сол себепті өңірде біраз жұмыстар қолға алынуда. Мәселен, биыл Павлодар қала-сында аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған орталық ашылды. Келесі жылы Екібастұз және Ақсу қалаларында инклюзияны қолдауға арналған арнайы кабинеттер ашу жоспарлануда, — деді Самал Оспанқызы. Шара барысында білім сапасы жағынан алдыңғы қатардан көрінген Ертіс ауданын-дағы оқушылардың жетістігі де сөз болды. Аталмыш аудан әкімінің орынбасары Нығман Жүсіповтің айтуынша, өткен оқу жылында 800-ге жуық ертістік оқушы түрлі байқаулар мен олимпиадаларға қатысып, жоғары нәтиже көрсеткен. Түлектердің ҰБТ-дағы көрсеткіші де өсіп, осы жылы 56 мектеп бітіруші білім грантының иегері атанған. Осындай талантты да талапты балаларды қолдау мақсатында жылына екі рет оқу үздіктеріне аудан әкімінің шәкіртақысы берілуде екен. Кеңейтілген кеңес соңында Асайын Байханов мұғалімдерге алдағы жаңа оқу жылында сәттілік тілеп, білім беру саласының 29 үздік қызметкерін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің және облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапаттады.

Нұржайна ШОДЫР.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.