Қазақстан Тәуелсіздік алғалы отыз жылдан аса уақыт өтті. Осы  аралықта еліміз жан-жақты дамып, өзгелермен терезесі тең мемлекетке айналды. Қазақ елінде өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдері де Қазақстанның дамуы мен экономикалық әрі саяси тұрақтылығы үшін тер төгіп келеді. Әсіресе, өзге ұлт азаматтарының қазақ тілін меңгеруіне ден қойғаны қуантады. 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай, облысымыздағы осындай жандардың бірі – Инга Гросс жайлы жазуды жөн көрдік.

 

Инга Гросс бүгінде Павлодар қаласының №39 инновациялық үлгідегі гимназия сыныптары бар орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Жуырда Инга Петропавл қаласында мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдері арасында өткен «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты республикалық байқауда облысымыздың намысын қорғап, бас жүлдеге ие болды. Жалпы, байқауға Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстарда іріктеуден өткен 20 үміткер – мемлекеттік тілді жетік меңгерген, мемлекеттік қызмет көрсету ұйымдарында қызмет атқаратын, 18-35 жас аралығындағы этнос өкілдері қатысты.

– Мен қазақ халқын айрықша құрметтеген апамның тәрбиесін көріп өстім. Анамның бағыттауымен қазақ тілін жақсы білемін, салт-дәстүрден де хабарым бар. Бұған қоса, балалық шағым кішкентай ғана ауылда өткен. Өзім де қазақ отбасының келінімін, екі ұлым бар, – дейді Инга Гросс. Инганың сөзінше, 30-шы жылдардың соңында КСРО мен Германия арасындағы қарым-қатынас шиеленісіп, салдарынан 1941 жылы немістерді күштеп жер аудару туралы бұйрық шыққан. Сол жылдың тамызында күштеп жер аударылған 1 млн 200 мың халықтың 500 мыңға жуығы қазақ жеріне қоныстандырылған. Оның ішінде атасы мен әжесі де болған.

– Атам Гросс Отто Райнгольдович 1928 жылы 3 мамырда, ал әжем Дубс Эрика Ивановна 1930 жылы 20 желтоқсанда дүниеге келген. Қазақ жеріне келгенде атам 13 жастағы ойын баласы, ағасы және немере ағайындары бар еді. Ата-анасы жол үстінде қайтыс болды. Қай жерде және қалай қайтқаны, қай тұста жерленгені туралы мүлдем хабарсыз. Оң-солын танып білмеген атам мен бауыры мүлдем панасыз қалды. Алайда, бір топ неміс отбасыларын Май ауданы Саты ауылының Абай бөлімшесіне әкелгенде сол жердің тұрғылықты халқы құшақ жая қарсы алып, бауырларына тартқан екен. Олардың арасында екі жетім бала болған, – дейді Инга Гросс. Гросс отбасы 1949 жылы шаңырақ көтеріп, он баланы дүниеге әкелген. Олардың жетеуі – ұл, үшеуі – қыз. Балаларын қазақы тәрбиемен өсіріп жеткізген. Ұлдары қазақтан қыз алса, қыздары қазақ отбасыларына келін болып түскен.

– Қазір Гросс әулеті – немере-жиен, шөберелер сүйген үлкен әулет.  Мен Отто атамның алтыншы баласы Райнгольдтің қызымын. Анам — қазақ, есімі — Жангүл. Отбасында екі баламыз, Станислав есімді бауырым бар, – дейді Инга. Инга 2021 жылы жоғары кәсібилігі мен өскелең ұрпақтың бойында рухани және зияткерлік қасиеттерді дамытқаны үшін Павлодар қаласы әкімінің Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен марапатталған.

 

Өз тілшіміз.