Еліміздің барлық өңірінде мектеп бітіретін түлектерге арналған алғашқы ұлттық бірыңғай тестілеу науқаны басталды. Қаңтар айында өтетін білім сынына қатысуға республика бойынша 136 мың талапкер өтініш берген. Олардың қатарында 3634 павлодарлық шәкірт бар. Айта кетелік, ҰБТ жылына 5 рет өткізіледі. Бұл жолғы сынақ талапкерге ақылы негізде ЖОО-ға түсуге мүмкіндік береді.

 

Павлодар қаласындағы ҰБТ орталығы филиалының жетекшісі Сәния Ниязованың айтуынша, бұл жолғы білім сынында жоғары оқу орындарының ақылы топтарында оқығысы келетін ұл-қыздар бақ сынайтын болады. Жалпы, осы жылы да мектеп бітірушілер 5 рет ҰБТ тапсыра алады. Яғни, қыс, көктем, жаз айларында 3 рет ақылы оқуға түсу үшін, ал мамыр-шілде айлары аралығында білім грантын иелену үшін негізгі тестілеуден өтеді.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, қаңтар-ақпан айында өтетін сынаққа қатысушылардың 76,3%-ы қазақ тілінде, 23,6%-ы орыс тілінде, 126 адам ағылшын тілінде тест тапсыруға өтініш білдірген. Сондай-ақ, талап­керлер өтініш беру барысында тестілеу күнін, уақытын және орнын өздері таңдаған.

Аталмыш министрлік өкілдерінің сөзіне қарағанда, соңғы бірнеше жылда алғаш рет түлектер ең көп таңдайтын бейіндік пәндер комбинациясы өзгерген. Мәселен, талапкерлердің 18%-ы биология-химия, 17%-ы математика-физика, 12%-ы математика-информатика пәндерін таңдағаны белгілі болды.

Атап өтерлігі, биыл да ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалмақ. Үш пән міндетті және екі пән таңдау бойынша ұсынылады. Бірақ «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұратын болады. Яғни, бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды. Сонымен, ҰБТ тапсырмаларының

саны да өзгеріссіз қалады. Барлығы 120 сұрақ болады. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша әрқайсысынан 40 тапсырма бар. Жоғары балл саны — 140. Сонымен қатар, тестілеуге берілетін уақыт 4 сағат (240 минут), ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталады.

Ескеретін тағы бір жайт, тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат аппеляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Тестілеу шарасы 10 ақпанға дейін жалғасады. Қазіргі таңда мектеп бітірушілерге қолдау көрсету мақсатында Ұлттық тестілеу орталығының ұйытқы болуымен тегін онлайн сабақтар жүргізілуде. Ол туралы толық ақпаратты талапкерлер аталған орталықтың әлеуметтік желідегі @testcenterkz парақшасынан біле алады.

Н.АҚЫТЕГІ.