Биыл кәсіпкерлерге қайтарымсыз грант беру ережесіне өзгерістер енгізілген. 5 млн теңгеге дейін берілетін мемлекеттік гранттың іріктеу кезеңіне биыл әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері де қатысатын болады. Жалпы, қайтарымсыз гранттар кімдерге беріледі? Оған қатысудың талабы қандай? Ережеге қандай өзгеріс енгізілді? Осы орайда, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Руслан Тілеулесовпен тілдескен болатынбыз.

— Руслан Қайратұлы, қайтарымсыз гранттың мөлшері қандай? Оны алуға кімдер қатыса алады?

— Қайтарымсыз гранттың мөлшері 5 млн теңгені құрайды. Биылғы конкурстың негізгі ерекшелігі – грантқа тек әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері және «Бір ауыл — бір өнім» бағдарламасының финалистері, яғни шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Қатысушыларға бірнеше талап қойылады. Бұл ретте олар берілетін гранттың 20 пайызын қатысушы қаржыландыруы тиіс. Яғни, 1 млн теңгені қалтасынан салады. Бұдан бөлек, қатысушы әлеуметтік кәсіпкерлік реестрінде тіркелуі шарт. Ал «Бір ауыл — бір өнім» бағдарламасының финалистері мәртебесін дәлелдейтін құжаттарды қоса тапсырады. Сонымен қатар, барлық қатысушыға қойылатын ортақ талап — «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінде білім алуы тиіс. Оны оқыған мерзімі 3 жылдан аспауы керек.

— Грантқа өтінім беру қашан басталады?

— Конкурс қыркүйек айында басталады. Қатысушылар Kezekte.kz сайтында өтінім бере алады. Бизнес-жобаны іске асыру мерзімі 18 айдан аспауы керек. Тұрғындар қызықтырған сұрақтары бойынша8 (7182) 32-33-82, 32-33-21, 66-03-11 телефондарына қоңырау шалып, мамандардан кеңес алса болады. Сонымен қатар, Павлодар қаласы Астана көшесі, 61-үй мекенжайы бойынша орналасқан ғимараттағы 106-шы кабинетке келіп, қажетті мәліметті алса болады.

— Қатысушылар қаржыны қандай мақсатқа жұмсай алады?

— 5 млн теңге мөлшеріндегі қаражатты қатысушылар бірнеше мақсатқа жұмсай алады. Мәселен, грантты жеңіп алғандар ақшаны құрылысқа, қайта қалыпқа келтіру және жаңғырту, күрделі жөндеу жүргізу, қандайда бір тауарды өндіруге қажетті өнім алуға, жаңа технология енгізу, зерттеу жұмыстарын жүргізу, технология сатып алу сынды бағыттарға жұмсай алады.

— Гранттан үмітті адамдардың жас ерекшеліктеріне шектеу қойыла ма?

— Жоқ. Қатысушылардың жас ерекшелігіне ешқандай шектеу қойылмайды. Бастысы, олар жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелуі керек. Жоғарыда аталған әлеуметтік кәсіпкерлік реестрінде тіркеліп немесе «Бір ауыл — бір өнім» бағдарламасының финалисі болуы шарт.

— Қаржыны ұқсату туралы кейін есеп тапсыра ма?

— Әрине. Конкурс аяқталған соң жеңімпаздармен Kezekte.kz сайтында электронды форматта үшжақты келісімшарт жасалады. Бұл ретте облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен кәсіпкер арасында өзара келісім болады. «Даму» қоры бизнес-жобалардың жүзеге асырылуы бойынша мониторинг жүргізеді. Жеңімпаздар қаражатты қайда жұмсағаны жөнінде толық есеп тапсырады. Ұтып алған қаражат шарттағы мақсаттарға жұмсалуы тиіс.

— Жеңімпаздар қалай анықталады?

— Жеңімпаздар Kezekte.kz сайтында онлайн негізде анықталады. Конкурс комиссиясы ұпай қою арқылы шешім шығаратын болады. Комиссия құрамы жыл сайын өзгеріп тұрады. Олар өтінімдерді қарап, қатысушылардың бизнес жобасын тыңдайды. Дауыс беру арқылы жеңімпаздарды анықтайды.

— Әңгімеңізге рақмет!

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА.