Биыл еліміздегі бірқатар әлеуметтік төлемдердің көлемі артады деп күтілуде. Сондай-ақ, зейнетақы төлеу, медициналық сақтандыру жүйесінде де оң өзгерістер орын алып, ауыр жұмыс істейтін азаматтарға алғаш рет арнайы жәрдемақы тағайындалмақ. Сонымен, ұлу жылы кімге қанша тиесілі болмақ?

2024 жылғы әлеуметтік көрсеткіштер:

Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) — 3692 теңге;

*  *  *

Ең төменгі күнкөріс деңгейі — 43407 теңге;

*  *  *

Ең төменгі зейнетақы мөлшері — 57853 теңге;

*  *  *

Ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері — 28215 теңге;

*  *  *

Ең төменгі жалақы мөлшері – 85 000 теңге.

 

Зейнетақы көлемі көбейеді

Республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, 2024 жылы базалық зейнетақы – 7 пайыз, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері 9 пайызға өсетін болады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, аталған көрсеткіш заңға сәйкес инфляция деңгейі бойынша белгіленген.

— Бұл республикалық бюджет туралы заңда қарастырылған. Егер инфляцияға қатысты қандай да бір өзгеріс болса, көрсеткіш те заң негізінде қайта қаралады. Қазіргі кезде елімізде 2 миллионнан астам зейнеткер бар. Орташа зейнетақы мөлшері 120 мың теңгені құрайды. Ең жоғары зейнетақы мөлшері — 183 мың теңгеге жетеді, — деді министр. ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Алмагүл Мұхамедованың айтуынша, қазіргі таңда облысымызда 113 мың зейнеткер бар.

— Бұл ретте, зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері облыс бойынша 122 188 теңгеден 134 405 теңгеге дейін, базалық мөлшері 38 409 теңгеден 43 261 теңгеге дейін, ал ортақ мөлшері 83 709 теңгеден 91 144 теңгеге дейін ұлғаяды, — дейді департамент басшысы.

Жаңа жарна енгізіледі

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерге өз қаражаты есебінен зейнетақы жарнасын аудара бастайды. Ол 2024-2028 жылдар аралығында 1,5%-дан 5%-ға дейін кезең-кезеңімен өсіп отырады деп жоспарлануда. Нәтижесінде, жұмысшылар зейнетке шыққан кезде қосымша жинақтаушы зейнетақы төлемімен қамтамасыз етіледі. Мамандардың айтуынша, бұл шара әсіресе жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған. Яғни, олардың зейнетақысы аударымына тікелей байланысты болады. Сонымен, бұдан былай зейнетақы үш компоненттен: мемлекеттен базалық зейнетақы, жинақтаушы зейнетақы — Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударым есебінен және шартты-жинақтаушы зейнетақы — жұмыс берушілердің жарнасы есебінен құралады. Осылайша, әлемдік тәжірибені ескере отырып, қазақстандық азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру үшін мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкердің ортақ жауапкершілігі қалыптастырылмақ.

Қосымша төлемақы беріледі

Осы жылдан бастап 40 мыңға жуық қазақстандыққа алғаш рет арнайы төлемақы тағайындалмақ. Жақында ғана ҚР Парламентінің Сенат депутаттары кеншілер мен зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін басқа да жұмысшыларға негізгі жалақыдан бөлек 200 мың теңге көлемінде арнайы төлемдерді қарастыратын заңды мақұлдады. Демек, енді ауыр жұмыс істейтін бірқатар отандасымыздың еңбегі еселене түспек.

— Президентіміздің 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын әзірлеу және зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт бойы жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік тұрғыда қолдау жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында жаңа заң жобасы әзірленіп, онда зиянды жұмыс істейтіндерге арнайы әлеуметтік төлемдер тағайындау мәселесіне басымдық берілген болатын. Сонымен, бұл қаржылай қолдау зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін, 55 жасқа толған және 7 жыл бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бар жұмыскерлерге тағайындалатын болады. Нәтижесінде, олар 63 жасқа дейін зейнетақысын күтіп жүрмей, алдын ала әлеуметтік төлемдерге қол жеткізе алады. Жалпы, бұл құжат ауыр жұмыста істейтін азаматтарымыздың құқықтарына кепілдік береді, — деген еді таяуда аймағымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова. Оның айтуынша, аталмыш арнайы әлеуметтік төлемдер төрт көзден, нақтырақ айтқанда республикалық бюджеттен, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті кәсіптік зейнетақы және жинақталған зейнетақы жарналары есебінен, өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан, сондай-ақ, жұмыс берушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылады деп жоспарлануда.

Жәрдемақылар өседі

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы мемлекеттік әлеуметтік төлемдер 7 пайызға өсетін болады. Оларға мыналар жатады:

— мүгедектiгi және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар,

— мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мүгедектiгi және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар;

— №1 және №2 тізім бойынша мемлекеттік арнаулы жәрдемақылар;

— жерлеуге арналған біржолғы төлем;

— бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы;

— бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;

— мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айрылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемдерді алушыларға міндетті зейнетақы жарналарын ай сайынғы бюджеттік субсидиялау;

— арнаулы мемлекеттік жәрдем-ақылар;

— бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақылар;

— «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға ай сайынғы төленетін мемлекеттік жәрдемақы;

— мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайын-далатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мен І-інші топтағы мүгедекті күтетін адамға тағайындалған мемлекеттік жәрдемақы. Міне, осы аталған әлеуметтік төлемдердің көлемі артып, тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға сәл де болса септігін тигізбек.

 

МӘМС-ке қанша төлейміз?

2024 жылы ең төменгі жалақы көлемінің өсуіне байланысты кейінгі сома да өзгереді. Бірақ міндетті медициналық сақтандыру бойынша жарналар мен аударымдардың пайыздық мөлшерлемесі сол қалпында сақталады. Осылайша, биыл жұмыс берушілер қызметкер жалақысының 3 пайызын шегереді, бұл ретте салық салынатын айлық табыс 10 ең төменгі жалақыдан (2024 жылы 850 000 теңге) аспауы тиіс, дейді мамандар. Яғни, жұмыс беруші жарналарының максималды мүмкін сомасы айына 25 500 теңге болады. Бұл қаражат қызметкердің еңбекақысынан ұсталмайды. Оны жұмыс беруші мекеме өз есебінен төлейді. Жалдамалы жұмысшылардың өздері және ЖҚҚ (ГПХ) шарты негізінде қызмет көрсететіндер ай сайынғы табысының 2 пайыз мөлшерінде міндетті медициналық сақтандыруға жарна аударады. Сонымен қатар, салық салу объектісі айына барлық жұмыс орындарынан 10 ең төменгі жалақыдан (850 000 теңге) аспауы керек. Нәтижесінде, қызметкерлердің ең жоғары мүмкін болатын жарнасы 17 000 теңгені құрайды. Ескеретін жайт, жарналарды төлеу кезінде барлық жұмыс орынынан жиынтықта максималды кіріс есепке алынады. Мәселен, жұмысшының 600 000 теңге жалақысы бар делік, ол қосымша біреуге қызмет көрсетіп, 350 000 теңге алады. Жалпы табыс мөлшері — 950 000 теңге, яғни 10 ең төменгі жалақыдан асады. Мұндай жағдайда бір жұмыс орнынан ғана қызметкердің жарналары толық көлемде ұсталуы тиіс. Ал бірыңғай төлем төлеушілер 21,5 пайыз төлейді. Жалақыдан бір реттік төлем бірқатар салық төлемдерін есептеудің стандартты әдісіне балама болады. Бұл жалақыдан бес төлемнің жиынтығы, атап айтар болсақ, міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар, міндетті медициналық сақтандыру аударымдары, жеке табыс салығын біріктіреді. Бірыңғай төлемді жеңілдетілген декларация және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге арналған арнайы салық режимі бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкер мен шағын және орта бизнестің заңды тұлғасына пайдалануға рұқсат беріледі. Биылдан бастап бірыңғай төлем мөлшерлемесі еңбекақы төлеу қорының 21,5%-ын құрайды. Бұл төлемді ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей Мемлекеттік корпорацияның шотына бір төлеммен жүргізіледі. Айта кетерлігі, 2024 жылдан бастап жеке кәсіпкерлер 5950 теңге төлейді. Бұл ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөл-
шерінің 5 пайызын құрайды. Ал тәуелсіз төлеушілер үшін жарна сомасы — 4 250 теңге болып белгіленді.

Нұржайна ШОДЫР.