Елімізде такси жүргізушілері де кәсіпкерлерге теңестіріліп, күнделікті табысынан мемлекет қазынасына салық төлеуі тиіс деген бастама жиі көтеріледі. Әзірге жолаушылар тасымалымен айналысатын жүргізушілердің көпшілігі ресми түрді тіркелместен нәпақасын тауып жүр.

Мұндай бизнесті «көлеңкеден» шығару мақсатында такси жүргізушілері үшін платформалық жұмыспен қамту бойынша пилоттық жоба басталды. Мемлекеттік кірістер комитеті «Яндекс такси»-мен бірлесіп, Астана және Алматы қалаларында аталған қосымша арқылы қызмет көрсететін такси жүргізушілері үшін жобаны қолға алды. Қазіргі уақытта қатысушылар саны 500 адамнан асты. Мемлекеттік кірістер органдары өкілдерінің айтуынша, оның бірқатар басым тұсы бар. Айталық, таксопарктердің делдалдық қызмет-терін алып тастауға болады. Бұл өз кезегінде қаржыны үнемдеп, оны салық пен әлеуметтік төлемдерге бағыттауға мүмкіндік береді. Тиісінше, жүргізуші әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатысады. Пилоттық жоба арқылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеу де жеңілдейді. Яғни Яндекс платформасы арқылы салық органдарына бармай-ақ, кәсіпкерлікті тіркеуге мүмкіндік туады. Сонымен қатар, пилоттық жобаға қатысушылар нақты алынған табыстың 1 пайыз көлемінде салық төлейді. Ал қызметкердің табысынан салық 10 пайыз мөлшерінде ұсталады. Бастысы, есептілікті ұсыну, салық пен әлеуметтік төлемдерді есептеу бойынша міндеттемелер болмайды. Жүргізушілердің келісімімен салықты және әлеуметтік төлемдерді ұстап қалу мен аударуды Яндекс жүргізетін болады. Бұл ретте әлеуметтік төлемдер такси жүргізушісінің алған табысының сомасына қарай айқындалатын болады. Алдағы уақытта аталған пилоттық жобаға Glovo, Wolt, InDrive  және т.б. компанияларды қосу жоспарлануда.

Өз тілшіміз.