Биыл жыл басынан бері «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» (БЖЗҚ) тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында өз салымшыларының зейнетақы жинақтарын пайдалану туралы 1,4 миллионнан астам өтінішін қанағаттандырған. Оның 98 мыңнан астамы павлодарлықтарға тиесілі.

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «БЖЗҚ» АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Владимир Питраков мәлімдеді. Оның айтуынша, баспана мәселесін шешу үшін павлодарлық салымшылардың шоттарына 100,6 млрд теңгеден астам қаржы аударылған.

— Барлығыңызға мәлім болғандай, қазір заң бойынша азаматтарға жинақталған зейнетақы қаражатының бір бөлігін тұрмыс жағдайын жақсартуға, емделуге ақы төлеуге пайдалану құқығы берілді. 2023 жылғы 1 қарашадағы мәліметке сүйенсек, біздің қор қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту туралы өтініштерін орындау мақсатында олардың банктерде ашылған арнайы шоттарына шамамен 3,3 трлн теңге аударды. Сондай-ақ, салымшыларымызға емделуі үшін жалпы сомасы 391,79 млрд теңге бөлген. Ал облысымызда осындай 19 мыңнан астам өтініш қаралып, салымшыларға 14,7 млрд теңге аударылды, — дейді Владимир Питраков. Сонымен қатар, ол егер зейнет жасына келген азаматтың шотындағы қаражат шектік мөлшерден асатын болса, сол ақшаны алу үшін екі рет өтініш беруге болатынын да жеткізді. Баспасөз мәслихатында филиал директоры келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) енгізілетінін де атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, бұл өзгеріс биыл 1 шілдеден бастап күшіне енген «Әлеуметтік кодекс» аясында жүзеге аспақ. Сонымен, алдағы 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ қызметтері жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен және 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған қызметкерлер үшін ғана жүзеге асырылатын ЖМЗЖ есебін жүргізу мінде-тімен толықтырылады деп жоспарлануда.

— Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары әр қызметкердің ай сайынғы табысы бойынша есептеледі. Сөйтіп, 2024 жылғы 1 қаңтарда 1,5 пайыздан бастап, 2028 жылы 5 пайыз мөлшеріне дейін жыл сайын ұлғайып отырады. Қызметкердің ЖМЗЖ есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табысы ең төменгі жалақы мөлшерінен кем болмауы тиіс және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген көлемінен аспау керектігі көрсетілген, — дейді Владимир Юрьевич. Айта кетерлігі, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары шартты жинақтаушы болып есептеледі. Сол себепті бұл қаражат қызметкердің меншігі болып табылмайды әрі мұра ретінде берілмейді. Сондай-ақ, зейнетақы аннуитетін сатып алу үшін сақтандыру компаниясына және сенімгерлік басқаруға да аударылмайды.

Нұржайна ШОДЫР.