Бүгінгі таңда емделушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында саланы цифрландыру мәселесі өзекті болып тұр. Осы орайда, Павлодар облыстық денсаулық сақтау саласы бойынша бес мобильді қосымша жұмыс істейді. Атап айтқанда, қолданыстағы «Infomed Kazakhstan», «Damumed», «InFoDonor», «Надежда», «Көмек» қосымшалары танымал.

 

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева 197 мыңнан астам адам осы мобильді қосымшаларды пайдаланатынын айтты. Бұл интернетті белсенді қолданушы халықтың 50,1 пайызын құрайды.

– Тұрғындар электрондық үкімет порталы және мобильді қосымша арқылы электрондық тіркеу негізінде дәрігерді үйге шақыру және дәрігердің қабылдауына жазылу, бастапқы медициналық санитарлық көмек ұйымына тіркелу секілді кең сұранысқа ие қызметтерге жиі жүгінеді. Биыл 2,1 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның басым көпшілігі электрондық форматта, – деді спикер. Емханалық қызметтерде электрондық рецептілерді жазып беру жүйесі енгізілді. Сондай-ақ, облыстың медициналық ұйымдарын-
да диагностикалық зерттеулердің нәтижелерін цифрландырып, электрондық денсаулық паспортында сақтауға мүмкіндік беретін PACS жүйесі белсенді түрде енгізілуде. Бүгінгі таңда
728 мыңнан астам электронды паспорт құрылып, облыс халқының 96,5 пайызы қамтылды. Енгізілген зертханалық-зерттеу жүйесі деректерді медициналық ақпараттық жүйеге автоматты түрде енгізуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда емханаларда дәрігерлерге кіруге кезек күтудің соңы кейде жанжалға ұласып жататыны жасырын емес. Себебі дәрігерге өз бетінше қаралуға келгендер мен мобильді қосымша арқылы жазылғандар арасында түсінбеушілік туындайды. Павлодар қалалық №5 емханасы басшысының орынбасары Оксана Валованың айтуынша, тұрғындардың 10-20 пайызы – мобильді қосымшаларды пайдаланбайтын қарт адамдар. Соның нәтижесінде мем-
лекеттік және жеке емханаларда кезек күтуде келеңсіз жағдайлар туындайды.

– Біз іс-қимыл алгоритмін әзірледік: әр қабылдау үшін біз қабылдауға жазылған пациенттердің тізімін басып шығарамыз, оған телефон және Damumed мобильді қосымшасы арқылы жазыл-ғандар кіреді, – деді Ольга Валова. Жаңа ереже бойынша 65 жастан асқан адамдарға тек үйде қызмет көрсетіледі. Дәрігерге жазылу аяқталып қалған жағдайда, пациент дәрігерден кеңес алу үшін науқасты қолдау қызметі немесе дәрігерге дейінгі қабылдау бөлмесі-
нің көмегіне жүгіне алады.

Т.ӘБІЛДА.