Облыс әкімдігінде су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері қаралды. «Қазгидромет» дерегіне сәйкес облыс бойынша жауған қардың мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға жоғары.

Ақтоғай және Шарбақты аудандарында қардың биіктігі 2 метрге жетті. Ылғалдың қоры нормадан 40,6 пайызға артық. Топырақ 157 сантиметр тереңдікке дейін қатып қалған. Бұл еріген қар суының сіңуіне әсер етеді және су басу қаупін арттырады.

Топырақтың қатуынан бөлек ауа температурасы да сіңу жылдамдығына әсер етеді. Ақтоғай ауданының аумағындағы топырақтың қатуына байланысты қардың жылдам еруі кезінде Шілікті ауылының маңында еріген су көп мөлшерде жиналуы мүмкін. Өйткені, бұл ауыл географиялық тұрғыдан ойпаң жерде орналасқан.

Облыс әкімі Асайын Байханов қарды шығаруға баса назар аударды. Павлодар, Железин, Аққулы, Май, Успен, Ертіс аудандарында қар шығару жұмыстарының қарқыны төмен. Ақтоғай және Баянауыл аудандарындағы су басу қаупі бар шалғайдағы ауылдардан қарды шығару жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеуде.

– Бұл – әкімдердің жергілікті жерлердегі жұмысындағы олқылық! Жылдан-жылға ақпан айында қарды уақытылы шығару мәселесі өткір тұрады. Екі апта ішінде шалғай ауылдардағы қарды шығаруды тапсырамын, – деді облыс әкімі.

Су тасқыны ахуалы кенет нашарлайтын болса, төтенше жағдайды жоюға жедел ден қою мақсатында 1 702 адам жұмылдырылады, сондай-ақ, 616 техника, 42 жүзу құралы және 198 мотопомпа дайындалды.

Май ауданының Қаратерек ауылы маңындағы Ертіс арнасының жағалауын нығайту және тазарту, Ақтоғай ауданының шекарасындағы Сілеті өзенінің арнасын тазарту, түбін тереңдету және жағалауды нығайту жұмыстары атқарылды. Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ботақара автожолының 2 көпірінің құрылысы аяқталуда.

Жиналыс қорытындысы бойынша өңір басшысы алдағы су тасқыны кезеңінен өту үшін күштер мен резервтердің толық дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды. 1 наурызға дейін республикалық және өңірлік маңызы бар жолдардағы су өткізу құбырларын ашу шаралары қабылдануы тиіс.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.