Павлодар қаласында жақында Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына орай облыс деңгейінде «Ақынның сыйлығынан сөзі қымбат» ақындар айтысы ұйым-дастырылмақ. Жалпы, елімізде жас ақындардың айтыс өнеріне бетбұрып, шетелдік азаматтардың қызығушылық танытып келе жатқанын айтуға болады. Ал өңірімізде аталмыш өнердің аяқ алысы қалай? Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде айтыс ақындары мен жыршытермешілер халық-аралық одағының Павлодар облыстық филиалының төрағасы, «Желдірме» ақындар мектебінің жетекшісі Асығат Тұрғанбекті әңгімеге тарттық.

— Асығат Сәулетұлы, алдымен, айтыс өнерінің қоғамдағы рөлі турасында айтып берсеңіз. Жалпы, ақынға артылатын жүк қандай?

— Айтыс – қазақ халқының бай ұлттық мұраларының бірі, импровизатор-ақындардың сайысы. Айтыс өнері арқылы халықтың музыкалық және эстетикалық мәдениетін тәрбиелеуді мақсат етеміз. Ақындықтың өнердегі шығар-машылық процесі ойлауды, белсенділікті, аңғарымпаздықты және тапқырлықты дамытады. Ақын қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, елдің көкейіндегі жүрген түйткілдерді дөп басуы тиіс. Сонысымен көрерменінің көңілін табады.

— Айтыс ежелден келе жатқан өнердің бір түрі екенін білеміз. Ал қазіргі айтысқа көңіліңіз тола ма? Осы өнерді халық арасында дамыту мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде?

— Бүгінде айтыс өнері қарқынды дамып келеді. Көңілден шығып жүрген айтыстар баршылық. Алайда кемшін тұстары да жоқ емес. Мәселен, айтысқа еш дайындықсыз келетін ақындар бар. Оны бірден байқауға болады. Бірақ бұл жарамайды. Мұны қазіргі сөз шеберлерінің өздері де мойындады. Себебі, қазіргі көрермендердің талғамы да, талабы да өзгеше. Сол себепті, ақындар жарысқа қатыспас бұрын жан-жақты дайындалуы керек. Бұл тек суырыпсалмалықтан бөлек, білім жағынан іздену керектігін дәлелдейді. Мәселен, бір ақынның немесе ғұламаның мерейтойына орай өткізілетін сайыстарда сол кісі жайлы толығырақ танысып, зерттеуі тиіс. Елімізде 4 жылдан бері Жүрсін Ерманның басшылығымен айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағы жұмыс істейді. Әр облыста өз филиалдары бар. Ол филиал біздің өңірімізде ашылмас бұрын да ақындардың дайындығы жоғары болды. Сондай-ақ, аймағымызда 20 жылдан аса уақыт «Желдірме» ақындар мектебі жұмыс істейді. Бұл мектептен республикаға белгілі айтыскер ақындар түлеп ұшқан. Өскелең ұрпақты ұлттық өнерімізге тарту үшін жыл сайын облыстық оқушылар айтысын өткізуді дәстүрге айналдырдық.

— Жуырда ақын Мұзафар Әлімбаевтың мерейтойына орай аймақтық айтыс өткізілмек екен. Соған толығырақ тоқталсаңыз…

— 9 қыркүйек күні сағат 11.00-де Естай атындағы мәдениет сара-йында «Ақынның сыйлығынан сөзі қымбат» атты облыстық ақындар айтысы өтеді. Жыр додасына өңіріміздің 12 ақыны қатысады. Атап өтсек, Бексұлтан Қайдар, Гүлшекер Батай, Оразбек Саяхат, Нұрқанат Қайрат, Бөкен Жігер, Ерлан Аманқожа, Нұрбек Бәкір, Қайролла Хафиз, Қазбек Ибарһим, Алпысбай Хонж, Нұрсұлтан Рымбай және Мизан Жұмалі. Ақындарымыз айтыссүйер қауымға әдемі өнер кешін тарту етеді деген үміттеміз.

— Ақпаратыңызға рақмет!

 

Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.