Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі театр режиссері Ерсайын Тәпеновтің есімін мен ертеректе естігенмін. Ол Москвада оқып жүріп студент жастарға бас болған Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезовпен бірге тәуелсіздігімізді аңсап, «Жас тұлпар» ұйымына қатысқан азаматтардың бірі болған деп алматылық жастар айтып жүрді.

 

Ал Ерсайын Қандержанұлы мені Алматыдан берілген «Павлодарда қазақ театры өртенсе де, қазақ өнері өртенген жоқ» деген хабарым арқылы біліпті. Осы театр жайлы менің хабарымды көргеннен кейін өзі Павлодарға келіп, басшылар жағымен кездесіп, егер облыстарыңызда театр ашыла қалса, сіздердің театрларыңызға келер едім деп қолқа салыпты. Шынында да, кейін осы театрға сұранып келгеннен кейін ол қаншама жұмыс атқарды. Театр ашу үшін қаншама қиындықтар болды. Ерсайын Тәпенов – соның бәріне шыдап, театрдың аяғынан тұрып кетуіне ерен еңбек сіңірген қайраткер.

Театрдың ашылуы сол кезде Металлургтердің мәдениет сара-йында өтті. Тұсаукесер рәсіміне Алматыдан КСРО Халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, режиссер Әзербайжан Мәмбетов, Қазақстанның халық әртісі Кәукен Кенжетаев, белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығаев, Қазақстанның Халық әртісі, белгілі киноактер Асанәлі Әшімов сынды өнер қайраткерлері келіп, қуаныштарын бөлісті. Сөз алған Кәукен Кенжетаев ағамыз: – «Бұл тамаша қуанышты салтанатқа бос келгенім жоқ. Өзім оқытқан бір топ өнерлі жастарды осы театрға ала келдім. Басында баспанасы болмаса да, театрдың ашылып отырғанына қайран қалам. Ерсайын Тәпеновке рахмет, қиындыққа мойымай, осы театрға өзі сұранып келгеніне. Театр ұжымына шығармашылық табыс тілеймін» – деген еді.

Шынында да, театр ашылғаннан кейін бірнеше жыл Павлодар облыстық театры әр жерде жүрді. Ерекеңнің әртістермен бірге біраз уақыт аудан, ауыл тұрғындарына өнер көрсетеміз деп айлап гастрольде жүрген кездері де  болды. Осының бәрі өнерге деген құрмет, өнерге деген сүйіспеншіліктен туған еңбек еді.

Павлодар облыстық Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ театрының іргетасын қалап, алғашқылардың бірі болып келген әртістердің есімін ерекше айтуға болады. Олар – Қазақстан Респуб-ликасына еңбегі сіңген әртіс, кезінде  театр директоры болған Мұхтар Манапов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Роза Тәжібаева, Сейітжан Тәжібаев, Құрманғазы Айтмурзаев, Бейбіт Шәнім, Талжібек Атамбек, Бақытбек Иманғожаев пен Сапаргүл Құлдәулетова, Сансызбай Бекболатов, Алма Бекболатова, Мұхтар Байжұманов, Бахаргүл Құрбановалар еді. Кейін театр труппасына қосылған Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Шолпан Байғабылова мен Жанат Чайкиналар да болды.

Актерлердің ішкі жан дүниесі мен олардың болмысын түсіну – ол тек режиссердің еншісінде. Сахна өнері үнемі ізденіс үстінде. Ол – өлшеусіз еңбек. Спектакльдің алға қойған мақсатын, оның тақырыбын ашу – режиссердің міндеті. Режиссер сахна ойынын әртістер арқылы көрермен жүрегіне жеткізіп қана қоймайды, әрбір образдың бейнесін дөп басу үшін сол кейіпкердің қыры мен сырын өзі сезіне отырып, оны актерлердің жүрегіне ұялатады.

Осындай ішкі жан дүниеңді тебірентетін кез келген драма-тургиялық шығарманы биік белеске ол үнемі көтеріп келді. Ерсайын Тәпеновтің «Айман-Шолпан», «Заманақыр», «Абылайхан», «Ақан сері-Ақтоқты», «Король Лир», «Шағала», «Еңлік-Кебек», «Майра», «Медея», т.б. қойылымдары – оның театр өнеріндегі жеткен жетістіктері.

Семей полигонының зардабын көрсететін «Заманақыр» трагедиясы – Ерекеңнің қажырлы ізденісі мен зор еңбегінің жемісі, ішкі толғанысынан туған жанкешті туындысы дер едім. Осы жерде тағы бір шегініс жасай кетсек. Айтайын дегенім, кезінде ай сайын демейін, тоқсанына бір осы облыстық қазақ театры жайлы «Сахна» деген хабар дайындап тұрдым. Театрдың жеке баспанасының жоқтығы жайлы да жиі айтып, жаңалықтардан сыни сюжеттер де беріп жүрдім. Бірде қазақ театрына «Октябрь» кинотеатрын беретін болды деп қуанышты хабарды облыстық телеарнадан айтып та жібердік. Сол-ақ екен, орыс ағайындарымыз кино-театрды тартып алатын болыпты деп реніштерін білдірсе, менің телеарнадағы бір әріптесім арнайы дайындалған әдеби бір хабарында «Кому-то горе, кому-то радость» деп маған қарсы шығып, жауап хабар дайындады.

Содан тағы үнсіздік, театр үйсіз қалды, әртістеріміз жер-жерде тентіреп жүрді. Сондағы біздің ішкі сезімімізді түсінсеңіздер, кірерге жер таппай мен де қатты қиналдым.  Бұл проблема ұзаққа созылар ма еді, егер облысқа Даниал Ахметов әкім болып келмесе, қайдам. Театр үйі жайында кезінде мен Дәкеңнің де мазасын алған едім. Осындай жерде отырып, қазақ театрына қалай үй алып бере алмайсыз деген сұрағыммен мазасын алған едім.  Бір күні Дәкең қазақ театрына Алюминий зауытының мәдениет үйі берілетін болды деп хабарлағанда қалай қуанғанымды білсеңіздер ғой… Сөйтіп көптен күткен бұл жаңалық халқымыздың үлкен қуанышына айналды…

Кезінде мен Ерсайын Тәпеновпен талай рет кездесіп, теле-радио хабарлар жасадым. Сұхбаттарының бірінде Ерекең «театрдың өрлеу кезеңі 1995 жыл еді», – деп есіне алған еді. Сол  жылы олар Каирге халықаралық өнер фестиваліне шақырылған болатын. Шет мемлекетке жалғыз өнер жалаң болады деп облыс әкімі Даниал Ахметов тағы да қолдау көрсетті. Шетелде емін-еркін жүру үшін қаржылай көмек берді. Театр әртістері бұл сапардан жүлделі оралды.

Театр ұжымы жыл сайын ізденіс үстінде болды. Мәскеу, Петербург, Жезқазған, Шымкент, Жамбыл, Астана, т.б. қалалардағы фестивальдерге театр күндеріне қатысып, жүлделі орынды иеленіп отырды. Шынында да, өнер сапары театр үшін үлкен серпіліс болды. Олар өз өнерлерін көрсету арқылы, басқа театрдың да өнерлерін көріп шыңдалды.

Ғабит Мүсіреповтің туған жері Қызылжарда жазушының 150 жылдығына Павлодар театры «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклі мен Көкшетауда өткен Хан Кененің 200 жылдығына «Қыз Жібек» қойылымдарымен барып, ондағы көрермендердің де зор ілтипатына бөленіп қайтты.

Ал көршілес Ресейдің Омбы қаласындағы өткен мәдениет күндері естен кетпес сәтті әрі мазмұнды, мағыналы өнер сапары болды, деп бірде еске алған еді сол жылдардағы облыстық мәдениет басқармасының бастығы Айым Мүкәрамқызы Қанафина.

Ғұлама тарихшылар айтқандай, «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Абылай ханның ақ жолы» деген асыл сөздерін есте сақтап, Ерекең үш жүздің басын қосқан Абылай хан жайлы қойылымды қойып шықты. Осы спектакльді Ресейде тұратын қазақ бауырларымыз өте жылы қарсы алды. Тіпті, соңғы күні көрермен халық залда «Абылай хан» деп айқайлап, тік тұрып алыпты. Еліне, туған халқына оң жол тілеген Абылайхан бейнесін сомдаған әртіске және спектакльді қойған режиссер Ерсайын Тәпеновке омбылықтар зор алғыс білдірген көрінеді. Абылайхан ролін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұхтар Манапов өте тамаша сомдаған екен.

Жыл сайын Павлодар театрында актерлер мектебі толысып, классикалық өнер қалыптасты. Бірнеше толқын актерлер шыңдалып, талай қойылымдар, сан түрлі бейнелер жасалды. Бүгінде Жүсіпбек Аймауытов атындағы театрдың репертуарында 40–тан астам қойылым бар. Сол сияқты мұнда симфониялық оркестр жұмыс істейді. Көптеген әртістердің ән айтуға бейімі бар. Опералық–эстрадалық сазбен әнді тамаша орындайтын Бейбіт Шәнім, Талжібек Атамбек, Мұхтар Байжұманов, Құрманғазы Айтмұрзаев, Гүлжан Қайырбекова, Еркін Жанайхан, Доскен Ұябай, Гүлмира Саймасаевалар сегіз қырлы, бір сырлы өнер саңлақтары дейміз.

«Әке көрген оқ жанар» демекші, белгілі әнші Байғабыл Жылқыбаевтың қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шолпан Байғабылованың Павлодар театрына келуі үлкен серпіліс болды. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жанат Чайкина –
өте дарынды актрисалардың бірі. Керекуліктер оны «Ақын махаббатындағы», «Күзеуде», «Шағала» спектакліндегі басты рольдері арқылы біледі. Бұл – көрермендерді ерекше толған-дырған бейнелер.

Жүсіпбек Аймауытов атындағы театрды еске алсам, оның профессионал дәрежедегі тұңғыш режиссері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республи-касының өнер қайраткері, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері Ерсайын Қандержанұлы Тәпеновтің еңбегін есіме аламын.

«Өздеріңіз білесіздер, актер дегеніңіз – сезімтал, қиялшыл, ақкөңіл жан. Тіпті, жас бала сияқты. Олардың ішкі жан дүниесін түсіну, оның ойынан шығу, құдай берген қабілет, дарын көзін ашу үшін еңбектенуің керек» – деген еді әңгімесінде Ерсайын Тәпенов. Иә, бұл режиссердің көп еңбектеніп, ізденуі мен шеберлігіне байланысты. Ерекең өз бойына осы қасиетті жинақтаған. Бүкіл өмірін, өнер жолын осы театр жолына арнаған еңбекқор режиссер.

Ерекең бірде мына бір жайды айтты. «Театрға әр кез таңертең ертемен таң атып, күн жаңа ғана шығып жатқанда келемін.  Күні бойы, кеш мезгілінде де дайындықта боламын. Ал үйге түннің бір уағында қайтамын. Кей күндері далада, түзде, үйде тіпті не болып жатқанын білмейтін кезім де болады», – деген еді Ерсайын Қандержанұлы.

Иә, Ерекең өнер жолына жай келген жоқ. Жас кезінен қазақтың бай мұрасын бойына жинақтап, соны халыққа қалай жеткізсем деген арманның жетегінде жүріп, ұзақ ізденіспен келген режиссер.

Ол көп оқыды, ізденді. Орыс классикасының, қазақтың зиялы қауым өкілдерінің, Ұлы Абайдың шығармаларын көп оқыған. Әртістеріне де сол шығармалар жайында көп оқыңдар деп талап қоятын.

Ерсайын Тәпенов қызмет жолында Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан», «Дос – Бедел дос», Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» («Махаббат туралы поэма» деген атпен), Е.Брусиловский мен Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», Бейімбет Майлиннің «Шұға», Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік – бөрік астында», Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы», «Күшік күйеу», Әкім Таразидің «Жақсы кісі», Дулат Исабековтің «Әпке», Олжас Сүлейменов пен Баққожа Мұқайдың «Заманақыр», Мұхтар Шахановтың «Отырар дастаны», Маман Байсеркеұлының «Кене хан» шығармаларын сахнаға шығарды.

Сондай-ақ, Н.Гогольдің «Yйлену», А.Чеховтың «Шағала», Еврипидтің «Медея», У.Шекспирдің «Асауға тұсау», «Король Лир» және басқа да авторлардың туындыларын көрерменге ұсынды.

Ерсайын Тәпенов бүгінде арамызда жоқ. Өкінішті. Дегенмен оның өнер жолындағы биік тұлғасы, ерекше дарын қабілеті уақыт өткен сайын рухтанып, биіктей бермек! Ойы терең Ерсайын Қандержанұлы ұлттық өнеріміздің кейбір жарқын көрі-ністерін, халқымыздың өшпес мұрасы мен тарихын терең түсінген ұлтжанды азамат болды. Кезінде онымен пікірлес болғанымды мақтан тұтамын.

 

Ғалия Құсайынқызы Балтабай,  «Құрмет» орденді журналист, Павлодар облысының Құрметті азаматы.