18 мамыр Халықаралық музей күніне орай Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі «Музей түні» шарасын өткізді. Биылғы «Музей түніне» қазақ халқының мифологиясы арқау болды.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Арман Әлиақпаровтың айтуынша, мұндай идея өткен жылы қазақстандық мифологияның негізін қалаушы, ғалым Серікбол Қондыбайдың еңбектерін зерттеу кезінде пайда болған.

– Бүгінде, өкінішке қарай, тек еуропалық, скандинавиялық, Сібір халықтарының мифологиясын көбірек зерттейміз. Егер сол елдердің мифтері туралы ақпарат іздей қалсаңыз, бірден мыңдаған мақала шығады. Ал қазақстандық мифология бойынша материалдар сұрасаңыз, ақпараттар саусақпен санарлық. Сондықтан біз мифологиямызды жандандыру ісіне өз үлесімізді қосқымыз келді. Әр музей түнін ерекше ұйымдастыруға тырысамыз. Көріністерді тәжірибелі әртістер емес, өзіміздің қызметкерлер, ниет білдірушілер қойды, — дейді ол.

«Ertis» мультимедиялық музейінде өткен шарада жиналған қауым сол кезеңдердегі қоршаған ортамен танысып, қазақ халқының мифінде кездесетін кейіпкерлермен танысуға мүмкіндік алды. Мәселен, оқушылар саяқ жүрген аңшы мергендерді торып, олармен кешқұрым бейуақта кездесіп, қаскөйлік әрекет жасайтын Жезтырнақ, Мыстан кемпір, Қыдыр ата секілді «жанданған» мифологиялық бейнелерді тамашалай алды. Одан бөлек, биыл мерейтойлары аталып өтетін Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан секілді тұлғалардың шығармаларымен танысып, сол кезеңдерге саяхат жасады. Сондай-ақ, келушілер өзге ұлт өкілдерінің ұлттық киімдерін киіп, арнайы алаңда естелікке суретке түсті.

Павлодар қалалық №24 орта мектептің 4-сынып оқушысы Аружан Қасиет ғажайып кештен ерекше әсер алғанын айтады.

— «Музей түні» тамаша өтті. Кеште қазақ халқының тарихымен таныстым. Оның ішінде қазақ мифологиясының әлеміне саяхат жасадық. Бірқатар кейіпкермен таныстым. Қаныш Сәтбаев секілді ұлы тұлғалардың еңбектерін жақыннан тамашаладым, — дейді ол.

Аталған күн Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде де аталып өтті. Шара барысында көрермендер назарына музей қорындағы құнды жәдігерлер ұсынылды. Олардың арасында сақ дәуіріне тиесілі жәдігер бар.

— Музей қорында Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романының түпнұсқасы, 1926 жылы шыққан өзінің оқыған құран кітабы бар. Сонымен қатар, Сақ дәуіріне (б.з.б 7-8ғ) тиесілі көне құмыра бар, — дейді музей қызметкері Абзал Рымбек.

Сондай-ақ, әйгілі күрескер-палуан, әнші Мәди Бәпиұлының, Сайділдә Хазіреттің оқыған құрандары, «Темірқазық», «Жас қазақ» журналдары және Ертіс ауданынан табылған Абай Құнанбайұлының 1909 жылы шыққан өлеңдер жинағының түпнұсқасы көрмеге қойылды. Табылған кітаптардың барлығы араб қарпінде жазылған.

Одан бөлек, ұлы тұлғалардың балаларының да жеке заттары бар. Мәселен, Жаяу Мұсаның қызы Аннаның жайнамазы және Әміре Қашаубаевтың қызы Күләштің концерттік тақиясына тағатын үкісі музейден орын алған.

Сондай-ақ, Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде де «Музей түні» өткізілді. Орталықтың үлкен залында кескіндеме, графика, ассамбляж, бейне және медиа-арт стиліндегі еңбектер ұсынылды. Ал кіші залда танымал суретші Әнуар Игембаевтың суреттері ілінді. Сонымен қатар, холда Елена Шангай атты павлодарлық фотографтың туындылары орын алды.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Константин Шелков.