Қазақ даласын зерттеген ғалымдар баршылық. Әсіресе, алыстағы Америкадан, іргедегі Ресейден, өркениетке қолы ерте жеткен Еуропадан сансыз саяхатшылар келіп, қазақ өмірін, ұлы дала төсін қызықтап, көрген-білгенін естелікке алып қайтып жатты. Олардың кейбірі арнайы тапсырмамен де келді. Солардың бірі — дарынды этнограф, саяхатшы, Орталық Азия тарихы мен мәдениетін зерттеуші Самуил Дудин.

Өлкетанушы Самуил Дудин алғашқы экспедициясын 1891 жылы бастайды. Кезіндегі Орхон экспедициясының қатысушысы болған жас этнографқа жол сілтеген ғалым Василий Радлов еді. Ол Моңғол көне жәдігерлерін зерттеу жұмыстарын жүргізуде табысты нәтижеге қол жеткізген. Дудин үшін өмір экспедициядан тұратындай. Ол жауапкершілігі мол жұмыстың бірін аяқтаса, келесі бірі оны күтіп тұратын. 1893-1894 жылдары Дудин Василий Бартольдпен бірге Жетісу өңіріне, Тарбағатайға, Шығыс Түркістанға ат басын бұрады. Бұл экспедицияда Дудин суретке және фотографиялық бейнелеу жұмысына жауапты болды.

Арада бес жыл өткен соң, яғни 1899 жылы Дудин Ақмола, Семей және Жетісу облыстарында тұратын қазақтардың арасына барады. Ол осы сапарында қазақ халқының тұрмысына, қоғамдық өміріне қатысты сирек кездесетін фотосуреттер түсірген. Сонымен қатар ол сол кездегі ұлы даладағы тіршілікті аппарат көзіне түсіріп қана қоймай, кей суреттерді өз қолымен салған. Арасында Павлодар облысының Баянауыл, Қалқаман, Қарасор өңірлерінде түсірілген суреттерін байқауға болады.

Жуырда Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Ресей елінің Санкт-Петербург қаласын-дағы антропология және этнография музейінің коллекциясынан ұсынылған суреттер топтамасымен Самуил Дудиннің халық-аралық көрмесі өтті. Көрмеге фотографтың 50-ге жуық туындысы қойылды.

Аталған музейдің басшысы Арман Әлиақпаровтың айтуынша, бұл көрмені ұйымдастыруға бірталай уақыт кеткен. Себебі, алғашында Ресей елінің Санкт-Петербург қаласындағы музей қызметкерлерімен келісімге келу мүмкін болмаған.

— Бұл көрмені ұйымдастыру көптен бері ойымызда жүр еді. Алайда көршілес елдегі әріп-тестерімізбен келіссөзге келе алмай жүрдік. Осы мәселемен Ресей елінің Қазақстандағы өкілінің орынбасары, Өскемен қаласындағы вице-консул Александр Дьяченкоға көмекке жүгіндік. Александр Андреевич өтінішімізді қабылдап, антропология және этнография музейімен келісімге келдік. Дегенмен, олардың рұқсатынсыз бұл көрмені еш жерде өткізе алмаймыз. Олар бізге суреттердің электронды нұсқасын жіберді. Біз олардың әрқайсысын нөмірлеп, қажетті өлшемінде шығардық, — дейді А.Әлиақпаров.

Самуил Дудиннің фотосурет-терінен біз өткен ғасырдағы қазақ халқының ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған көптеген күнделікті киімінің ескі үлгілерін көре аламыз. Байыптап қарасақ, көне жәдігер саналатын ерлердің киім үлгісі ретінде қазақы тымақ пен кісе, яғни былғары белдік аппарат көзіне түскен. Суретте тұрған екі ер кісінің басындағы қазақы тымақ киізден, түлкі терісінен жасалғанын көруге болады. Бұл бас киімді ХХ ғасырда, әсіресе малшылар қыста кигені мәлім. Қысқы киімдер қатарында қалың тон, қой терісінен тігілген шекпен, тоқыма матадан жасалған қыстық киім бірге берілген. Ал ерлердің сәнін келтіретін былғары кісе — ғалым Шоқан Уәлиханов атап өткендей, ХІХ ғасырдың аяғында ерекше сәндік сипатқа ие болған ұлттық киімнің бір белгісі. Сол кездерде кісемен қатар мақта белбеу де сәндік бұйым ретінде қолданылғанын байқай аламыз.

Дудин қазақтар мен қырғыздар арасында кең тараған қалпақты да аппарат көзінен таса қалдырмаған. Қалпақ жұқа киізден тігілген және оның түсі иесінің кескін-келбетін шама-лауға мүмкіндік береді. Анығырақ айтсақ, байлар ақ түсті, ал кедейлер қара, сұр және қоңыр түсті қалпақтар киетінін де деректер дәлелдейді. Ал ел басқарған би-төрелер жібек немесе алтын жіппен өрнектелген барқыт қалпақ киген деседі. Бұл жәдігерлер бізге халқымыздың ежелден бай да бақуатты тұрмыс кешкенін, өз стилі бар киім-кешек мәдениеті бар екенін айғақтайды.

Айта кетейік, аталмыш көрме маусым айының 5-іне дейін жұмыс істейді.

 

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.

Айдана БОРАНБАЕВА.