Ерте заманда облысымызда керіктер мен үш тұяқты жылқы өмір сүрген деседі. Оған дәлел, ерекше жануарлардың сүйегі Павлодар қаласындағы «Қаз қонақ» табиғи ескерткіш орнынан табылған.

Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында «Қаз қонақ» орнынан табылған жәдігерлер сақтаулы. Музейдің экскурсия бөлімінің жетекшісі Надежда Майбаның айтуынша,  1928 жылы палеонтолог Юрий Орлов қаладағы Ертістің оң жағалауында ежелгі заманғы, осыдан 5-7 миллион жыл бұрын өмір сүрген жануарлардың сүйегін анықтаған. Ол жерде  қазба жұмыстары жүргізіліп, барлығы екі вагон жануардың сүйегі табылған.

Солардың ішінде ерекше жәдігерлердің бірі үш тұяқты жылқы – Гиппарионның сүйегі. Қазіргі жылқылардан айырмашылығы — бойы
аласа, үш бақайлы болған.

— Ол шапқан кезде алдыңғы үлкен саусағына күш салады, ал ақырын жүргенде үшеуіне де сүйенеді. Тісінің орналасуы да ерекше болған. Ол жұмсақ шөпті жұлып жей білген. Сондықтан бұл жерде жұмсақ өсімдіктер болды деп айтуға болады. Олар табын болып, көп мөлшерде өмір сүрген. Солтүстік Америкадан Еуропаға қоныстанып, кейін осында келген, — дейді Надежда Майба.

Сондай-ақ, «Қазқонақта» ежелде тіршілік еткен керіктің де сүйегі табылған. Бүгінде музейде керіктің жақ сүйегінің бөлігі мен алдыңғы аяғының сүйегі сақталған. Қызығы «окап» деп аталатын бұл керік түрі әлі күнге дейін Африкада тіршілік етеді. Сүйектің дәл осы жануарларға тиесілі екені зертханада зерттеліп, дәлелденген.

Бұдан бөлек, «Қазқонақта» бөкен, бұғы, мүйізтұмсық және тағы да басқа барлығы 60-қа жуық жануардың түрі өмір сүрген.

Айта кетейік, «Қазқонақ» –
әлемде табиғаттағы үздік 20 ескерткіштің қатарына жатады. Мұндай орын Павлодарда және Грекияның Афина қаласында бар.

 

Өз тілшіміз.