Қазақ өнерінің дара тұлғасы, ҚазКСРнің еңбек сіңірген өнер қайраткері, жерлесіміз Естай Беркімбайұлының 155 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті. Дүбірлі тойға еліміздің түкпіртүкпірінен өнерпаздар келіп, тойдың көрігін қыздырды.

Алдымен Беркімбаев көшесіндегі атақты Естайдың бюстіне гүлшоқтарын қою салтанаты өтті. Оған дәстүрлі ән өнерінің тойына арнайы келген қонақтар, жиналған зиялы қауым өкілдері, Е.Беркімбаевтың ұрпақтары қатысты. Бұдан кейін мерекелік шаралар шоғыры Екібастұз қаласының 50 жылдығы атындағы көшебақта жалғасты. Саябақ ішінде сәні мен салтанаты келіскен этноауыл орналасып, Естай тойына ерекше реңк берді. Павлодар облысы әкімі Асайын Қуандықұлы Байханов қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. «Естай деп атым шықты қалың елге» атты республикалық дәстүрлі әншілер байқауының гала-концертінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнер майталмандары дәстүрлі әннен шашу шашты.

– Қазақтың дәстүрлі ән өнерінің шыңында тұрған әйгілі жерлесіміз Естай Беркімбайұлының 155 жылдық мерейтойы Екібастұз қаласында кең көлемде аталып өтті. Қысыл-таяң кезеңге қарамастан, елеулі датаны ескерусіз қалдырмаған қала билігі екібастұздықтар мен қала қонақтарын қуанышқа бөледі. Ұлттық өнер ұлықталған бұл мерейтой қатпарлы тарих қойнауына мәнді де мызмұнды, сәнді де салтанатты іс-шара ретінде енгені даусыз, – дейді Естайдың ұрпағы Фархат Әміренов. Екібастұз қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен қазақ өнерінің дара тұлғасы, ҚазКСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, жерлесіміз Естай Беркімбайұлының 155 жылдық
мерейтойына орай Екібастұз қаласында тұңғыш рет республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтті. Естай Беркімбайұлының ән мұрасын зерделеу, қайта жаңғырту, шығармашы-лығын насихаттау мақсатында ұйым-дастырылған байқау Естай атындағы балалар музыка мектебінде өтті. Оған еліміздің түпкір-түпкірінен 22 дәстүрлі әнші қатысып, екі кезеңде бақ сынады. Дәстүрлі ән додасына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері – Ербол Айтбаев, Дәуренбек Әркенов, Қайрат Кәкімов, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облысы бойынша филиялының директоры Серік Елікбай төрағалық етті. Байқау талабына сай қатысушылар әр кезеңде халық әні, халық композиторларының әні және Естай Беркімбайұлының төлтуындысын орындады. Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен Жайдар Шұнан (Екібастұз қаласы), Нариман Әбдірахманов (Алматы облысы), Нұрболат Ұзақбай (Балқаш қаласы) байқаудың үшінші дәрежелі дипломы, Мирлан Жамбылов (Орал қаласы) пен Диана Алтайқызы (Қарағанды қаласы) екінші дәрежелі диплом, Диас Мұратхан (Алматы қаласы) бірінші дәрежелі дипломға және лауреат атағына ие болды. Байқау лауреаттары мен барлық қатысушылар ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ал Естай Беркімбайұлы атындағы республикалық байқаудың бас жүлдесін Дәуренбек Сләмғали (Павлодар қаласы) жеңіп алды. Мерекелік мәдени шара аясында арнайы тұрғызылған этноауылда көшпелі өркениет әлемінің көрмесі ұйымдастырылды. Онда қолданбалы өнер шеберлерінің жәрмеңкесі, ұлттық спорт ойындары – гір көтеру, қол күресі, асық ату және бес асық, қошқар көтеру, аударыспақ өткізілді. Қазақстан суретшілер одағы мүшелерінің пленэрінде Павлодар қаласынан келген онға жуық қылқалам шебері Естай Беркімбайұлының портретін кенеп, майлы бояумен бейнеледі.  Қазақтың домбыра жасау шебері Қамар Қасымовтың 130 жылдық мерейтойына арналған ұлт аспаптар көрмесі және шеберлік сағаттары өтті. Көрмеде Павлодар облысы Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі мен С.Торайғыров мемориалдық музейлер қорынан музыкалық аспаптар дайындау шебері Қамар Қасымовтың фотоқұжатты материалдары, домбыра мен қобыз қалыбы, Қ.Қасымовтың жеке заттары – домбыра, қобыз, скрипка, даңғырасы қойылды. Этноауыл алаңында Ақтоғай, Ертіс, Железин аудандарынан арнайы келген өнерпаздар мен Екібастұз қаласының шығармашылық ұжымдары өнерлерін паш етті. Мерейтойда ақсақалдар жастарға ақ батасын беріп, ұйымдастырушыларға рақметін айтты. Тойға келген қауым рухани демалып, өз ризашылықтарын білдірді. Мерейтой аясында көптеген спорттық шаралар ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды.

Торғын ОРАЗАЛЫ.

 

Ғайып құсы

Өмір бұл…

Бақ пен сордан жаратылған.

Көңілім періштедей жаңа туған.

…Кешкілік көлге қонған көкала үйрек

Сусыған қандай өлең қанатыңнан?

Бұл елдің сөз ұғатын естілері,

Күн ауса елесің де ескіреді.

Ән салсам қара Ертістен Естай болып,

Қорлан қыз дауысымды естімеді.

Тауыса алман жұлдызыңның санап бәрін,

Әйтеуір сиремесін санаттарың…-

Алаштың баласынан атың озсын,

Медғат,

Қайрат Айтбай, қарақтарым.

Жанымды әнсіз өмір тұсайды анық,

Көңілім Қорланды айтсам-

Үш ай жарық.

… Ақкөл мен Жайылманың аспанында

Ғайыптың жүрген шығар құсы айналып.

Дертінен келген кезде айыққысы,

Қанатын ұшқандай ма жайып кісі?…

… «Бозбала, қалма қапы бұл жалғаннан»

Бір күні қонары анық ғайып құсы.

Сол құстың кезігеді қиясы алдан,

Сұлулық бір бойына сыя салған.

Қорланның әнін байлап қанатына –

Естайдың жүрегіне ұя салған.

Мінгенім, кемемісің,

қайықпысың?

Ақынды аялауға лайықтысың.

Ақкөл мен Жайылмаға жолға шығам –

Қонғанын көрем бе деп ғайып құсын…

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ

 

Әнші мұрасы құнды

«Өнер» қалалық мәдениет орталығында қазақ өнерінің дара тұлғасы, ҚазақКСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының алғашқы мүшелерінің бірі, жерлесіміз Естай Беркімбайұлының 155 жылдық мерейтойына арналған «Естай әлемі» атты сұхбат алаңы өтті.

Зиялы қауым Естай Беркімбайұлының шығармашылығы туралы құнды баяндамалар жасады. Естайды әлемдік деңгейде ұлықтауға үлес қосып жүрген азамат, қоғам қайраткері, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Дүйсен Қасейінов, ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай, Халықаралық дәстүрлі музыка кеңесінің (ICTM) мүшесі, өнертану ғылымының докторы Саида Елеманова, опера әншісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбілов, өнертанушы, күйші Қайрат Айтбаев дәстүрлі ән өнерінде есімі алтын әріптермен жазылған ақын, әнші, композитор Естай Беркімбаевтың мұрасы туралы ой бөлісті. Аталмыш шара барысында Естай Беркімбайұлының 125 жылдық мерейтойындағы бейнефильм көрсетілді. Бұл – бейнефильм қоғам және өнер қайраткері Дүйсен Қасейіновтің тойға жеке арнауы. Түпнұсқада 2,5 сағаттық бейнефильмнің тұшымды тұстары он минуттық үзіндіде екшеліп берілген. Фильмде Естайдың көзін көрген, Ақкөлде екі апта бірге болып, әндерін нотаға түсірген, белгілі музыкатанушы, өнер зерттеушісі Борис Ерзакович, әндерінің текстологиясын зерттеген, оның шығармашылығын насихаттаған педагог-ғалым Төлеутай Ақшолақов, өнер зерттеушісі, Естай әндерінің мәтінін зерттеген Зейнұр Қоспақовтың бейнесі, әнші Шахимардан Әбіловтің шырқаған әні, сол кездегі Ақтоғай ауданының әкімі Әбілқақ Түгелбаевтың қонақтарға ат мінгізген сәттері таспаланыпты. Кезінде әйгілі жазушы Рамазан Тоқтаров: «Естайдың ендігі тойы «ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілсін» деген тілек білдірген екен. Сол тілегі қабыл болып, Естайдың 150 жылдық мерейтойы «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының мұрындық болуымен Түркияның Анкара қаласында кең көлемде атап өтілді. Қазақстаннан Түркияға үлкен делегация барып, Естайдың шығармашылығын насихаттағаны – бүгінде тарих. Ақын Ғалым Жайлыбай Естай тойына жырдан шашу шашты. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ертіс-Баян өңірінің ғана емес, бүкіл қазақтың мақтанышы Шахимардан Әбілов Естай әндерінің ерекшелігіне тоқталып, көрермен қауымға Естай Беркімбайұлы шығармашылығының жүрегі саналатын «Құсни-Қорлан» әнін тарту етті. Диалог алаңында 1993 жылы Естайдың тойын ұйымдастырған Ақтоғай ауданының бұрынғы әкімі, Павлодар облысының Құрметті азаматы Әбілқақ Түгелбаев ерекше бейне жазбаның сақталып қалғанына ризашылық білдіріп, келген меймандарға алғысын білдірді.

Торғын ОРАЗАЛЫ,

Екібастұз қаласы.