Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінде геолог-ғалым, профессор, академик Қаныш Сәтбаевтың жақында табылған баспа машинасының таныстырылымы өтті. Жәдігердің бір ғасырға жуық тарихы бар.

Аталмыш музей бұрыннан бері ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып келеді. Оның ішінде түрлі экспедициялар жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде биыл түрлі еңбектер мен жәдігерлер табылды. Солардың бірі – қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаевтың қолданған баспа машинасы. Музей басшысы Ербол Қайыровтың сөзінше, бұл жәдігерді Баянауыл ауданының тұрғыны Михаил Байек тапсырған.

– Өткен айдың соңында музейге Баянауыл ауданының тұрғыны Михаил Байек хабарласты. Ол өзінің қолында Қаныш Сәтбаевтың жазу машинасы бар екенін айтты. Кейін музей қорына тапсырды. Күні кеше ғана таныстырылымы өтті, – дейді Е.Қайыров. Михаил Байек сирек кездесетін бұл құрылғыны 1920 жылдары фельдшер болып қызмет еткен Леонтий Бельдининовтің отбасынан алған.

– Қаныш Сәтбаевтың 1926 жылдары сырқаттанып жүрген кезі. Дертіне дәру іздеп, сол кезде аудандағы белгілі дәрігер Леонтий Бельдининовтің үйінде емделеді. Сол жерде аталмыш құрылғымен еңбектерін жазады. Онымен жақсы қарым-қатынаста болған соң машинасын оған қалдырып кеткен деседі, – дейді музейдің қор сақтаушысы Мейрамғали Есмұханов. Мамандар бұл жәдігерді 19-ғасырда ағылшын шеберлері жасағанын айтады. Өкінішке қарай, оны енді пайдалану және қалпына келтіру мүмкін емес. Айта кетейік, жыл басынан бері ғылыми зерттеулер барысында Ахмет Байтұрсыновтың «Маса», «Қырық мысал», Нәзір Төреқұловтың Мәскеу қаласында басылған «Темірқазық» журналы, Қошмұхамбет Кемеңгеровтің «Қазақ тарихынан», Абай Құнанбаевтың өлең жинақтары табылды. Бұл еңбектерді облыстың әр елді мекенінің тұрғындары тапсырған. Олар бұл кітаптарды араб тілінде жазылғаннан соң Құран ретінде сақтап келген. Музей алдағы уақытта да экспедияларды жалғастыруды жоспарлап отыр.

Айдана БОРАНБАЕВА.