Музыкалық білім беру жүйесіндегі бірінші кезең – ол музыкалық мектеп. Ал біздің орталықтың негізгі міндеті – тек музыканы емес, сонымен қатар, ол арқылы оқушылардың рухани әлеміне әсер ету, олардың адамгершілік бейнесін қалыптастыру. Балаларды өнерді сүюге, онда өз орнын табуға үйрету әлдеқайда маңызды.

Биыл Павлодар қаласындағы Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебінің құрылғанына – 80 жыл. Осы уақыт аралығында орталық эстетикалық тәрбие беру, өскелең ұрпақты үйлесімді дамыту, сондай-ақ, музыкалық дарыны бар балаларды кәсіби іс-әрекетке дайындаудың басты міндетін лайықты атқарып келеді. Біздің мектеп – Павлодар облысындағы алғашқы музыка мектебі. Ол 1943 жылы Қазақ мемлекеттік филармониясының бөлімшесінде соғыстың қызып тұрған шағында Мәскеу мен Ленинградтан эвакуацияланған музыканттардың көмегімен ашылды. Ол кезде қала мен облыстағы жалғыз музыкалық орталық болды. Құрылған алғашқы жылдардан бастап нағыз музыка мәдениетінің орталығына айналды. Көптеген шығармашылық қуаныш пен шабыт әкелген дәрісхана ұйымдастырылды. Жергілікті радиода концерттер мен дәрістер, қала мен облыстық пионер жетекшілерімен ән үйрену бойынша семинарлар өткізілді, бірнеше концерт берілді. Қазіргі уақытта мектеп үш қабатты типтік ғимаратта орналасқан. Оқыту 7 бөлімде 24 мамандық бойынша жүргізіледі: фортепиано, ішекті аспаптар, үрмелі және соқпалы аспаптар, қазақ халық, орыс халық аспаптары, хор және жеке ән айту, теориялық пәндер. Мектеп қабырғасынан 4000-нан астам түлек ұшты. Олардың көпшілігі үшін музыка өмір жолын анықтады. Қазір олар республикада, жақын және алыс шет елдерде музыкалық өнерді дамытуға үлкен үлес қосуда. Жыл сайын оқушылар түрлі деңгейдегі жас музыканттар конкурстарына және балалар шығармашылығы фестивальдеріне белсенді қатысады. Мектебіміз дәстүрлі музыкалық білім беру жүйесіне сүйене отырып, оқытудағы инновациялық бағыттарды және сыныптан тыс жұмыстың дәстүрлі емес түрлерін пайдаланады. Осылайша музыкалық білім беруді ұйымдастырудың өзіндік жүйесін жасайды. Бұл көбінесе ұжымның инновацияларға ашықтығымен және оларды жүзеге асыруға дайындығымен байланысты. Қазіргі білім беру кеңістігінің стратегиялық басымдықтары оқу үдерісін ұйымдастыру және оқытудың жаңа технологияларын енгізу үшін оңтайлы жағдайларды қамтамасыз ету болып табылады. 2004 жылдан бастап мектеп ҚР Білім және ғылым министрлігінің республикалық қосымша білім беру орталығымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. Оның мақсаты – балаларға қосымша білім беру жүйесін дамытуды оқу, әдістемелік, бағдарламалық, тәрбиелік, ақпараттық қамтамасыз ету құралдарымен қамтамасыз ету. Кез келген кәсіпорынның табыс-
ты болуы оның басшыларының ұйымдастырушылық қабілетіне байланысты. Мәселен, аталмыш мектептің басшысының оқу ісі және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары Қуаныш Ермекбаев және Нұрлан Қайшанов – мектептің білім беру және мәдени-ағарту жұмыстарын ұйымдастыруда үнемі жаңа идеялар мен жоспарлар іздейтін сарқылмас энергиясы бар адамдар. Музыка мектебінің тәрбиелік және білім беру кеңістігі ажырамас бірлікті білдіреді. Бұл оқу циклы пәндерінің (мамандық, сольфеджио, музыкалық әдебиет, хор, оркестр) және сыныптан тыс шаралар (конкурстар, фестивальдар, концерттер) жиынтығы. Соңғы жылдары оқу орнының ерекшелігін, оның өмірінің өзгешеліктерін көрсету туралы көп айтылып та, жазылып та жүр. Бұл орталықтың беделін қалыптастыруға қатысты және қазіргі әлемде өзекті болып табылады. Бүгінде мектеп басшылығы пернетақталық синтезатор, этносольфеджио, музыкалық уақыт негіздері, музыкалық шығармаларды талдау, композиция, музыка теориясы, деко сияқты музыкалық циклдың жаңа пәндерін енгізу арқылы білім беру кеңістігін кеңейтудің жаңа жолдарын іздеуде. Оқушылардың қабілеттерінің әртүрлі жақтарын ашу үлгерімнің артуына және шығармашылық ахуалдың құрылуына әкелді. Балалар оқуға қызығушылық танытты. Бұл орталық қабырғасында балалардың жеке дамуына, көркемдік шығармашылығына және кәсіби өзін-өзі анықтауға жағдай жасай отырып, өзіне жүктелген міндеттерді толық көлемде орындайды. Дәл осы жерде таланттар ғана емес, дамыған еліміздің жоғары білімді жаңа ұрпағы қалыптасуда. Қазіргі жағдайда музыка мектебі музыка мәдениетін кеңінен таратудың негізгі базаларының бірі болып табылады. Музыкалық мектептің мақсаты – музыканы өз кәсібін таңдайтын дарынды балалардың ғана емес,
сонымен қатар, мектепте оқитын-дардың барлығының меншігіне айналдыру, өйткені барлық балалар байыпты музыкалық тәрбие алуы керек. Музыка мектебінде оқитын
бала міндетті түрде музыкант бола бермейді. Мүмкін, ол керемет инженер, дәрігер, мұғалім, жұмысшы бола алады. Ол қандай мамандықты таңдаса да, оның шығармашылық қиялы, жаңа нәрсе жасауға деген ұмтылысы, өз өмірін арнауға шешім қабылдаған жақсы, алға ұмтылатын ісі балалардың әуестенуінің ізі болады. Біз оқушыларымыз мектептің
бай тарихынан шабыт алып, өмірлерінің шынайы жасаушылары болып өсіп және уақыт пен ұрпақ байланысын үзбеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бұрыннан келе жатқан дәстүрді сақтай отырып, біз мектептің болашағын жасаймыз.

Ольга БОБРОВСКАЯ,

Құрманғазы атындағы музыка мектебінің басшысы, Павлодар қаласы.