Қазіргі таңда есірткіні жасырып (заклад) таратумен айналысқан жастарға қатысты қылмыстық істер күннен-күнге көбеюде. Себебі жұмыс іздеген көптеген жас әлеуметтік желіден «курьер жұмысы», «жеткізу қызметі» батырмасын басып, тасымалдаушыға қалай айналғанын білмей қалып жатады. Жақында Мәжіліс отырысында халық қалаулылары мұндай жастардың түзелуіне, олардың қоғамға қайта оралуына мүмкіндік беру мақсатында құқық бұзушылық жасағандарға кінәні мойындау түріндегі процестік келісім жасау мүмкіндігін беруді ұсынды. Мұндай саудагерлерге рақымшылық жасау қаншалықты дұрыс? Аталмыш тақырыпты «Алаң» қатысушыларының талқысына салып көрдік.

Ержан СӘДЕНОВ, ҚР Ішкі істер министрі (пікір интернеттен алынды):

— Қазақстанда шамамен 700-ге жуық есірткі немесе оның аналогы бар. Елдегі есірткі ахуалына үш негізгі фактор әсер етеді. Яғни, каннабис шикізаты, «Солтүстік бағыт» арқылы өтетін ауған героині, синтетикалық есірткінің таралуы. Кейінгі 5 жылда синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі 10 келіден 1 тоннаға дейін күрт өсті. Сондықтан бұл проблема одан әрі назар аударуды және тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін күрес шараларын жетілдіруді талап етеді. Бүгінгі таңда жастар есірткі таратушылардың қатарына жеңіл табысты көздеп, құқықтық сауаттылығының, мәдени және әлеуметтік жауапкершілігінің төмендігі салдарынан түседі. Биыл кәмелетке толмаған 6 бала сотталып, тағы 26 жасөспірім заң алдында жауапқа тартылған. Жалпы 10 айда есірткі қылмысымен 3 мыңнан астам адам сотталды. Ішінде тура жолдан тайып, алғаш рет адасып қалғандар да бар. Сол себепті біз заңнамаға түзетулер әзірледік. Соған сәйкес, егер қылмыс бірінші рет жасалса, сондай-ақ, кінәлі тергеу органдарымен белсенді жұмыс істесе, есірткі тасымалдаушыларды жауапкершіліктен босату мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз.

Айдын ӘБДІМӘЛІКОВ, заңгер, Павлодар қаласының тұрғыны:

— Қазіргі уақытта есірткі сатушылар бұл бизнесті толықтай цифрлық трансформациядан өткізді. Барлығы цифрлық форматта, электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы жедел және құпия түрде жүргізіледі. Оларды ұстау мүмкіндігі өте аз. Осы негізде, аталған санаттағы құқық бұзушылықтың бастауы әлеуметтік желіден орын алатынын ескере келе, Қазақстан аумағы ішінде ғана орын алатын байланыс желісін ойластыру қажет деп санаймын. Себебі, әлеуметтік желідегі жарнаманы тоқтатпаған жағдайда бұл қылмыстық құқық бұзушылықтың саны артып, жастар арасында көбеюі ықтимал. Сонымен қатар, телеграмм желісінің өкілдіктерін елімізде ашуды, олардың алдына мемлекет тарапынан желіні бақылау туралы талаптар енгізуді қамтамасыз ету қажет. Болмаса, желінің қызметін шектеу немесе баламалы арналар әзірлеу қажет. Ал жазаны жеңілдету мәселені ушықтырмаса, шешпейді. Жеңіл жолмен ақша тапқысы келетін азаматтарды жеңіл жазамен қорқыта алмайтынымыз белгілі. Қазірден бастап бұл мәселеге жауаппен қарамасақ, кейін кеш болуы мүмкін.

Айсұлу КӨПЖАСАРОВА, Ақсу қаласының тұрғыны:

— Бүгінгі таңда есірткі саудасына байланысты істердің жылдан- жылға, күннен-күнге саны артып келе жатқаны жанымызды ауыртады. Қазір 15 жастағы мектеп оқушысынан бастап, ересек адамдарға дейін, ер адам да, қыз балалар да есірткі сатумен айналысып жүр. Соның кесірінен жастардың арасында бұл қылмыстық құқық бұзушылық көп орын алуда. Бұл жағдайға немқұрайлық танытып, әліптің артын бағып отыра беруге болмайды. Әрине, құқық қорғау органдары тарапынан есірткінің заңсыз айналымын анықтауға және жолын кесуге бағытталған жедел-іздестіру арнайы іс-шаралары, тінту және ұстау жұмыстары көп жүргізілгенін көріп отырмыз. Бірақ, тәртіп сақшылары қазір тек жеткізушілерді (курьерді) ұстайды. Ол онсыз да өмірден баз кешіп, амалсыз әрекеттер жасап жүрген адам болуы мүмкін. Ал бұл қылмыстық бизнесті басқарып отырғандар шымылдық артында қала береді. Міне, құқық қорғау органдарының қызметкерлері осыған назар аударуы қажет. Олай болмаған жағдайда, бұл тірлігіміз тамыры шабылмаған теректің жапырағын жұлумен бірдей.

«Алаңды» үйлестірген – Алтынбек МҰҚЫШЕВ.