Санаулы күндерден соң Жаңа жыл есік қағып кіреді. Ал бұл мерекені түрлі түсті отшашусыз елестету мүмкін емес. Алайда мерекеге сән қосатын пиротехникаларды пайдалану кезінде жылда қаншама адам жарақат алады. Осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін қандай қауіпсіздік ережелерін сақтаған дұрыс? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде  облыстық төтенше жағдай департаменті басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Оразбек Уәлихановпен әңгімелестік.

— Оразбек Тоқболатұлы, жылда Жаңа жыл мерекесін тойлау кезінде сапасыз пиротехниканы дұрыс қолданбаудың салдарынан көптеген адам зардап шегіп жатады. Соңы өртке ұласпас үшін облыс тұрғындары қандай қауіпсіздік ережелерін сақтағаны жөн?

— Алдымен отшашу орнын таңдау қажет. Таңдалған орыннан 50 метр қашықтықтағы радиуста ғимараттар және басқа да құрылыстар болмауы керек. Отшашу нұсқаулыққа сәйкес мықты жерге орнатылуы тиіс. Адамдар міндетті түрде от шашу алаңынан 15-20 метр қашықтықта, жел жағында тұру қажет. Фейерверктерді ғимарат ішінде, әсіресе адамдар болған кезде пайдалануға тыйым салынады. Отшашуды қатты жел болған жағдайда тұтатпаған жөн. Ол қауіпті 3-4 есе арттырады. Пиротехникалық бұйымдарды ағаштардың, электр желілерінің астында және тез тұтанатын заттардың жанында атуға, сертификатталмаған, бүлінген және жарамдылық мерзімі өткен бұйымдарды пайдаланбау керек. Пиротехникалық өнім жанбай қалса, 10 минут көлемінде оған жақындамаңыз.

— Сақтық шараларын сақта-мағандарға қандай  шаралар қолданылады?

— Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК 410-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке және ҚР ҚК-нің 204-бабы және ҚР ҚК-нің 292-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылатын болады.

— Пиротехникалық заттарды сататын орындарға қандай талаптар қойылады?

— Пиротехниканы саудалау үшін қауіпсіздік талаптары сақталып, сауда орнына арналған құжаттар, барлық тауарға сертификаттар болуы керек. Кез келген пиротехникалық өнімде екі тілдегі нұсқаулық болуы керек: қазақ және орыс тілдерінде, ал сатушының қолында сертификат болуы тиіс. Сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдардың, сондай-ақ рұқсат құжаттарынсыз стихиялық сауда үшін әкімшілік Кодекстің 196-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген.

— Пиротехниканы қалай таңдауға болады?

— Ашық көшеде пиротехниканы сатып алу жоғары қауіпті тудырады. Өйткені, өнімдер дымқыл болып, не мүлде жанбауы, не қолда жарылып кетуі мүмкін. Сапасыз пиротехника адам өміріне өте қауіпті. Себебі, ол күтпеген жерде, кез келген уақытта – қолда, көліктің жүксалғышында, сөмкеде және т.б. жерде жарылып, салдарынан адамдар күйік, көздің зақымдануы, контузия және т. б. жарақаттар алуы мүмкін. Пиротехникалық өнімдерді сатып алу кезінде сатушыдан тиісті мемлекеттік стандарттарға жүгіне отырып, орнатылған үлгіге сәйкес келетін сертификаттың болуын талап етіңіз. Сертификатты сатушы фирма емес, өндіруші куәландыруы керек.

— Мерекелік күндері өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында сіздердің тараптарыңыздан қандай жұмыстар жүргізіледі?

— Жыл сайынғы тәжірибеге сүйене отырып, жаңа жылдық мерекелер қарсаңында оларды қауіпсіз өткізу мақсатында жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, пиротехникалық бұйымдардың рұқсатсыз сауда орындары бойынша күнделікті рейдтік іс-шаралар өткізеді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілерімен, атап айтқанда, жаңа жылдық кештер өтетін мейрамхана бизнесінің өкілдерімен кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

— Ақпаратыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Айдана БОРАНБАЕВА.