Бүгінде Қазақстан әскери әлеуеті жыл санап жаңа белеске көтерілуде. Техникалық база жанданып, әскери ұрыс қимылдарының озық модельдері қолданысқа енді. Оған қоса Отан қорғаушыларды әлеуметтік қолдау ісі де жанданып келеді. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде әскери қызметкерлердің мәселелері оң шешім табуда. Сондай-ақ, биыл 8 қарашадан бастап әскери есепке алу үрдісі жаңа форматқа ауысты.

Павлодар облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Алмасбек Бұхарбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда әскерге шақырушыларды есепке алу қағида-
сына толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Жаңа заңнамаға сәйкес, енді 17 жасқа толған жасөспірімдерге жеке іс құжаттарын жинап, әскери комиссариатқа барудың қажеті жоқ. Тіркеу жүйелеріндегі бар мәліметтер негізінде енді есепке алу автоматты түрде жүзеге аспақ.

— Елдегі жүргізіліп жатқан цифрлық трансфармацияларға сәйкес жақында әскери міндеттілерді және әскерге шақырушыларды есепке алу қағидасы өзгерді. Ағымдағы жылдың 8 қарашасынан бастап оның жаңа нұсқасы заңды күшіне енді. Бұл уақытқа дейін болашақ сарбаздар мекенжайы ауысқан жағдайда әскери комиссариатқа келіп есепке тұруы қажет еді. Қазіргі танда мекенжайы ауыстырылған азаматтар әскери комиссариатқа бармай, тұрақты мекен-жайын «www.egov.kz»-пен тіркеуге болады. Сондай-ақ, жаңа заңға сәйкес, қазір 27 жасқа толған азаматтарға әскери билет берілмейді. Оның орнына әскери міндеттіліктің мәртебесі мен есебі жеке кабинетінде көрсетілмек, — деді ол. Алайда билетті алудың да, әскери қызметтен босатылудың да өзіндік ережелері бар. Әскери билетті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ және «www.egov.kz» электрондық порталы арқылы алуға болады. Билетті «www.egov.kz» порталынан алу үшін алдымен оның сайтына кіру керек. Кейін «кіру» батырмасын басып, «электронды цифрлы қолтаңба» сертификатын таңдап, құпиясөз енгізу қажет. Одан әрі азамат «әскери есеп және қауіпсіздік» бөліміне кіріп, қай санатқа жататынын таңдайды. Сонымен қатар, Алмасбек Бұхарбаев қазір жұмысқа орналасу кезінде де әскери қызметке қатысты анықтамалар алу үшін азаматтарға әскери комиссариатқа барудың қажеті жоқ екенін атап өтті. Енді жұмыс беруші бұл ақпаратты «www.egov.kz»-тан өз бетінше көре алады.

— Жаңа заңға сәйкес, қазір барлық қағаз жұмыстар электронды форматқа ауысып, ақпараттар автоматтандырылып, бірізділікке көшуде. Мәселен, бүгінгі күні шетелге тұрақты тұруға көшкен азаматтарға әскери комиссариаттарға бас сұғудың қажеті жоқ. Біз өзіміз қажетті ақпаратты көші-қон қызметіне жібереміз. Сондай-ақ, қазір мемлекеттен жеңілдіктер алу мақсатында әскери борышыңызды өтегендігін растайтын анықтамалар алу үшін де әскери комиссариаттарға барудың қажеті жоқ. Біз бұл ақпаратты сұранысқа сай Еңбек министрлігіне жібереміз. Оған қоса, зейнеткерлікке шықпас бұрын әскери қызмет өткергенін растау туралы анықтаманы алу үшін де әскери комиссариаттарға жүгінудің қажеті жоқ. Барлық қажетті ақпарат зейнетақы төлемдерін есептеу жөніндегі уәкілетті органға автоматты түрде жіберіледі. Бұл ҚР Қорғаныс министрлігінің ақпараттық жүйесінің басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен қамтамасыз етілген интеграциялық өзара іс-қимылының арқасында қолжетімді болды. Инновациялар Мемлекет басшысының «Көрінбейтін Үкімет» — «Invisible Government» құру туралы талаптарына толық сәйкес келеді, — деді А.Бұхарбаев. Бұдан бөлек, әскери қызметкер 2023 жылдан бастап әскери борышын өтеп жүрген кез келген жас сарбаз жоғары оқу орындарына гранттар алу мүмкіндігіне ие болып отырғанын айтты. Оған қоса, әскери қызметін атқару кезінде азаматтардың несиесі де уақытша тоқтатылмақ.

— Жастардың Отан қорғау қызметін атқарып қайтуы – адамгершіліктің ең асыл парызы. Ал, әскер әр азаматты тәртіптілік, тәлімділік пен шыдамдылыққа баулиды. Міне, сондықтан болар, мұндай азаматтарды еліміздің түкпір-түкпірінде ішкі істер саласына жұмысқа алып жатады. Өйткені, олар ел күзетінде болып, ердің ерен жүгін көтеріп, сымдай сыпталып, болаттай беріктеніп, әскердің қатаң тәртібінен өтіп келеді. Сонымен қатар, жыл сайын әскери борышын өтеген азаматтарға мемлекет тарапынан көптеген жеңіл-діктер қарастырылуда. Былтырғы жылы ҚР Қорғаныс министрлігі мен 60-қа жуық жоғары оқу орындарының ректорлары арасында келісімшарт жасалды. Қазір әскери борышын атқарған азаматтар ешқан-
дай тестілеусіз жоғары оқу орындарына түсе алады. Ал әскери боры- шын атқару кезінде ерлігімен ерек-шеленіп, өжеттілігімен көзге түскен жас жауынгерлер ҚР бойынша өзі қалаған 60-қа жуық ЖОО барып, болашақ мамандығына құжаттарын тапсыра алады. Бұдан басқа, бүгінгі күні әскери борышын өтеп жүрген азаматтар 13 айға кредиттік каникулға босатылады. Жалпы, биыл күзгі әскери науқанда облыс бойынша 700-ге жуық азамат әскерге шақырылмақ, — деді ол. Сондай-ақ, Алмасбек Бұхарбаев бүгінгі таңда әскери колледждерде «Әскери істегі автоматтандыру және инфокоммуникациялық технологиялар», «қару-жарақ пен әскери техникаға техникалық қызмет көрсету» және «РХБҚ инженерлік бөлімшелері мен әскерлерін басқару» мамандықтары бойынша техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары іске асырылып жатқанын жеткізді. Құрылған әскери білім беру жүйесі оқу-тәрбие процесінің барлық бағыттары бойынша оқу орындарының өзара байланысын және білім беру деңгейлері бойынша оқу бағдарламаларының сабақтастығын қамтамасыз ететінін атап өту қажет. Сонымен қатар, қазіргі уақытта кадрлық әлеуетті арттыру мақсатында әскери білім беру жүйесін дамыту және кадр саясатын жетілдіру шаралары қабылдануда. Бұл тұрғыда Қарулы күштердегі кадр саясатының 2027 жылға дейін тұжырымдамасы бекітілді.

 

Мемлекет басшысы армияны қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи және жоғары технологиялық үлгілерімен жабдықтау қажеттігіне баса назар аударып келеді. Осыған сәйкес, әскерлердің сапалық параметрін арттыру мен оларды кезең-кезеңмен қайта қаруландыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Осылайша Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштері жыл сайын қуатты күшейтіп, өзінің жауынгерлік қабілетін арттырып келеді.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.