Биыл аграрлық саланың мәселесі өзекті болып тұр. Оған ауа райының қолайсыздығы салқынын тигізді. Шаруалар жағдайларын айтып, шарқ ұрды. Билікке де, депутаттарға да талаптілектерін айтып, жәрдем сұрады. Диқандардың түйткілдері түрлі деңгейде талқыға түсті. Шешімін тауып жатқаны да бар. Осы ретте, аймақтың ауыл шаруашылығындағы ауқымды мәселелер жанжақты қаралатын үлкен бір алаң бар. Олоблыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы. Міне, осы комиссияға төрағалық ететін, облыстық мәслихаттың «Ауыл» партиясынан депутаты Болат Аманжоловпен сұхбаттасып, өзі жауаптанған салаға қатысты ойпікірін білген едік.

 

Болат Әменұлы, мәслихаттың аграрлық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясына төрағалық етесіз. Осы комиссияның атқарған жұмысына аз-кем тоқталып өтсеңіз.

— Біздің комиссия сайлаудан кейін бірден мәселелерді талқылауға кірісіп кетті. Солардың алғашқыларында мал союға арналған орталықтандырылған орындардың жоқтығы көтерілді. Бар болғанымен көбі стандарттарға сай келмейтіндігі айтылды. Қаңғыбас иттердің де көп мәселе тудыратыны сөз болды. Сонымен қатар, тұрғындардың төрт түлігіне жауапсыздығы да қоғамда жайсыз жағдайларға әкеліп жатқаны депутаттарды алаңдатты. Олай дейтініміз иесіз жүрген мал күрежолдарға шығып кетіп, қаншама жол апатына себеп болуда. Одан бөлек, төрт түлікке түрлі ауру жұқтыратын жабайы аңдармен де күресу қажеттігінің маңызына тоқталдық. Сондай-ақ, ветеринарлық саланың да қордаланған тұстарын көтердік. Нақтысы, ветеринарлық мамандарға қажетті құралдардың, халат, арнайы аяқ киім, тіпті қолғаптардың жетіспейтіні белгілі болды. Бұл мәселелер бойынша құзырлы органдарға нақты ұсыныстар айтылды. Қазағымыз «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дейді.  Яғни, кез келген түйткілді бірлесіп шешкенде ғана оның нәтижесі де оң болатыны анық. Сондықтан, біз облыстық қоғамдық кеңестің агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері жөніндегі комис-сияның мүшелерімен бірлесіп, ауыл шаруашылығындағы проблемаларды талқылап, ойымызбен бөлістік.

— Иә, ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін биылғы жыл оңайға соқпай тұр. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылды?

— Аймағымызда қуаңшылықтың салдарын азайтып, фермерлерді барынша қолдау мақсатында бірқатар шаралар қолға алынды. Мәселен, республикалық бюджеттен басым бағыттарға жалпы сомасы 7,9 млрд теңге қосымша қаржы бөлу қарастырылды. Тарқата айтсақ, егін шаруашылығын қолдауға 3,9 млрд теңге бағытталса, мал шаруашылығына 2,3 млрд теңге бөлінді. Одан бөлек, 1,7 млрд теңге инвестициялық субсидиялауға бағытталып отыр.

— Тығырыққа тіреліп, бере-шегін төлеуде қиналып жатқан шаруалар бар. Олардың мәсе-лесі қалай шешілуде?

— Аймағымызда несиені төлеу мерзімін ұзарту мәселесін пысықтау үшін арнайы жұмыс тобы құрылғанын білесіздер. Бұл топ мүшелері аудандарды аралап, несие төлеу мерзімін ұзартуға мүдделі шаруашылықтардың тізімін түзуде. Сондай-ақ, төлеу мерзімін кейінге шегеру және қарызды қайта құрылымдау шарттарын жан-жақты түсіндіруде. Жалпы, өңірімізде 152 ауыл шаруашылығы өндірушілері несиесін төлеуде қиналып отыр. Соның ішінде 37 шаруа несиені «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы алған. 63-і – несиелік серіктестік. Ал 52 ауыл шаруашылығы өндірушісі «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы несиелендірілген. Қаржы институттарына мәселелерін айтып, 28 шаруашылық жүгінген. Айта кетейін, аграрлық сала — асыраушы сала. Сондықтан бұл салаға қанша қолдау жасаса да, артық етпейді. Үлкен еңбек, маңдай тер жатыр.

— Биыл мал азығын дайындау да күрделі іске айналды. Қуаңшылықпен қоса Ертіс өзеніне жіберілетін су көлемі мардымсыз болып, селдір шөпті шабу да мандымады. Осы түйткілді шешуге араласқан боларсыздар. Нақты қандай шаралар қолға алынды?

— Облыста тұрғындарға сату үшін тұрақтандыру қорына 5 мың тонна жемдік астық сатып алынуда. Сондай-ақ, малдың жем-азығына жұмсалатын шығынды азайту үшін оның құнын арзандатуды субсидиялауға жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге бөлініп отыр. Қара малдың және ұсақ малдың бір басына берілетін жем-азық құнын арзандатудың нормативі ұлғайтылды. Яғни, бұрын қара малдың бір басына 7 мың теңге болса, қазір 15 мыңға жеткізілді. Ал ұсақ мал үшін бұл сома 3 мыңнан 5 мыңға көтерілді. Осылайша, аймағымызда 1,5 мыңнан астам шаруаны субсидиялаумен қамту жоспарлануда. Ертіс өзені жайылымының қолжетімсіз аумақтарының өзінен шөп шауып алу жолдары қарастырылды. Мемлекеттік орман қорына жататын жерлерден шөп шабуға 25 мың гектар алқап бөлінді. Бұл аумақтан 25 мың тонна шөп дайындалады деп күтілуде. Шөп шабу науқанына бөлінетін арзандатылған дизель отынының көлемі 4 мыңнан 10 мың тоннаға ұлғайтылды. Жалпы, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жәрдем беру бойынша барлық шаралар біздің тұрақты бақылауымызда.

— Өзіңіз «Ауыл» партиясынан екеніңізді ел біледі. Сондықтан болар, ауылдарды аралап, шаруашылықтардың тыныс-тіршілігімен танысып жүресіздер. Бұл сапарларда қандай талап-тілектер айтылады?

— Иә, әріптестеріммен ауылдық елді мекендерді жиі аралаймыз. Көбінде шаруалардың мәселелеріне құлақ түреміз. Өйткені, дәл осы ауыл шаруашылығы саласы біз бен сіздің дастарқанымыздың дәмін қамтып отыр ғой. Мысалы, тамыз айында облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының депутаттары Успен ауданына бардық. Іс-сапарымызды Константиновка ауылындағы «РЭГТайм» шаруа қожалығынан бастадық. Қатты ірімшік шығаратын зауыттың жұмы-сымен таныстық. Бұл кәсіпорын өнімге қажетті шикізат – сүтті де өздері өндіреді. Сондай-ақ, Успен ауылындағы «Галицкое» ЖШС-нің тазартылмаған иіссіздендірілген күнбағыс майын шығаратын зауыттың жұмысымен таныстық. Ал «МТС Успен Агро» ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің кооперативінде түйіршіктелген мал азығы өндірісінде болдық. Бүгінде мұнда жаңа өндіріс қолға алыныпты. Оған қажетті жаңа жабдық та орнатылған. Түйіршіктелген өнім малға өте пайдалы азық болмақ. Успен аудандық аграрлық-техникалық колледжіне барғанымызда білім ордасының материалдық-техникалық базасын нығайту қажеттілігі айтылды.

— Депутат ретінде тұрғын-дарды жеке қабылдайсыз. Сайлаушылардан қандай  сұрақтар жиі түседі?

— Түрлі сұрақ қойылады. Бірі жеке мәселесімен келсе, бірі көпшілікке ортақ жағдайды реттеуді сұрай келеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты да мәсе-лелерді, тұрмыстық түйткілдерді де қозғап жатады. Қазіргі таңда сайлаушылар өте белсенді, ауылдың да, қаланың да өміріне араласып, үн қосуға, қол ұшын беруге әзір. Сайлаушылардың өтініші бойынша құзырлы мекемелерге сұраныс хат жолдау да жолға қойылған. Мәселен, тұрғындар-
дың бірі Тобылжан ауылындағы ортақ қолданыстағы қазаншұңқыр қазуға, осы жермен жүргізілетін жұмыстарға қатысты мәселелерді шешуге жәрдемдесуді сұрады. Осы өтінішке байланысты аудан әкіміне және облыстың жер ресурстарын басқару департаментінің басшысына депутаттық сауал жолдадым. Мұндай жұмыстар жалғаса бермек.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.