Ауыл шаруашылығы саласындағы реформаларға сапалы заңдар қажет.
Бұл жұмысқа Мәжілістен орын алған «Ауыл» партиясы өз үлесін қосады деп сенемін».

 ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жылдары елімізде ауылды, ауыл тұрғындарын қолдауға бағытталған көптеген ауқымды бағдарламалар  қабылданды. Бұған «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының да қосқан үлесі зор. Себебі аталмыш партия ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіп кешені саласындағы кең ғылыми әлеуетті біріктіріп, ауыл тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатын арттыруды көздейді. Партия қызметінің негізгі бағыты да – осы. Жақында партия төрағасы, Мәжіліс депутаты, Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің жетекшісі Серік Егізбаевпен кездесіп, ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар мәселелер туралы әңгімелесудің реті түсті.

– Серік Рахметоллаұлы, Ертіс-Баян өңіріне хош келіпсіз. Жалпы, былтырғы жыл «ауылдықтар» үшін өзгеріс пен серпіліс жылы болды десек, артық емес. Бұл ретте, жаңа 2024 жылға арналған партияның жоба-жоспарларымен бөлісе
кетсеңіз…

– «Ауыл» партиясы ұлттық әл-ауқатты арттырудың түбегейлі жаңа саясатын ұсынып, оны жүзеге асыруға дайын. Партия елді мекендердің дамуын кешенді түрде қамтамасыз ету үшін, ауылдың инженерлік, әлеуметтік және экономикалық әлеуетін ашу мақсатында «Ауыл инфрақұрылымы» атты мемлекеттік бағдарлама әзірлеп, жүзеге асыру қажет деп есептейді. Әр азаматтың көкейінде жүрген тұрақты кіріс көзін табу, сапалы медициналық көмек алу, тұрмысты жақсарту, жеке қауіпсіздік пен құқықтық еркіндік сияқты сұрақтар партияның күн тәртібінде. Ең маңыздылары –
еңбек нарығының тиімділігін арттыру, әлеуметтік көмекпен аз қамтылғандар мен жұмыссыздардың проблемаларын шешу. Сондай-ақ, елімізді индустриалды-аграрлық державаға айналдыру және сол арқылы азық-түлік қауіпсіздігі деңгейі өте жоғары мемлекет құру. Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені экономиканы дамыту үшін ғана емес, жалпы мемлекет үшін де маңызды стратегиялық мәнге ие. «Ауыл» партиясы бүгінде еңбек адамының мәртебесін көтеру, қоғамда жұмысшы мамандықтарына деген оң көзқарасты қалыптастыру, ауыл еңбеккерлерінің абыройын асқақтату, беделі мен танымалдылығын арттыру жөніндегі барлық іске бастамашы, ұйытқы болып қана қоймай, соның заңнама тұрғысында нақты мәртебеге ие болуы үшін күш салып жүр.

Қазақстанды мықты индустриалды – аграрлық мемлекетке айналдыру саланы басқаруға мүлдем жаңа көзқарастарды қолдануды және жылдам даму үшін ең қолайлы жағдайлар жасауды талап етеді. Сондықтан «Ауыл» партиясы барлық ауыл шаруашылығы өндірушілерін, шаруа және фермер қожалықтарын борыштық кредиттік жүктемеден, ал олардың активтерін кепіл ауыртпалығынан босату үшін қаржылық сауықтыруға, 100 пайыз мемлекеттік жарғылық капиталмен Агробанк құруға, екінші деңгейдегі банктер алдында аграрлық саланы қаржыландыру бойынша олардың пайда нормасын (пайыздық мөлшерлемені) реттей отырып заңнамалық негізде міндеттемелерді белгілемек. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімін, шикізатын және азық-түлік тауарларын өндірушілерге, бастапқы және терең қайта өңдеу кәсіпорындары үшін салықтардың барлық түрлерін (әлеуметтік аударымдардан басқа) толық жоюға, коммуналдық тарифтерді барлық АӨК нысандары, сондай-ақ, азық-түлік тауарларын өндірумен, сақтаумен және көтерме сатумен айналысатын шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін өзіндік құн деңгейіне дейін субсидиялауды енгізуді көздейді. Бұдан басқа, агробизнес тиімділігінің төмендеуіне және экспорттың дамуына тікелей немесе жанама қауіп төндіретін мемлекеттік органдар тарапынан шектеу немесе өзге де реттеу шараларын қолдануға тыйым салуды белгілеуге, отандық бизнесті импорт қысымынан қорғау үшін жаңа кедендік-тарифтік саясатты әзірлеуге, кооперативтерді атаулы қолдау және квазимемлекеттік сектор ұйымдары арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін кепілді сатып алу және өткізу жүйесін құруға ұмтылып, барлық күш-жігерін осы бағыттарға жұмылдырмақ.

– «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы өзінің 20 жылдық тарихында былтыр тұңғыш рет парламенттік партияға айналды. Неге осы уақыт бойы «Ауыл» партиясы Мәжіліске өте алмады?

– Былтыр Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлаудың қорытындысында «Ауыл» партиясының атынан саяси додаға түскен 8 кандидат Мәжіліс депутаттығына өтті. Ал, дауыс жинау деңгейін есептесек, онда «ауылдықтар» «AMANAT»-тан кейінгі орынды иеленіп, ел ішіндегі іргелі саяси партиялардың қатарына қосылды. Бүгінде жоғары заң шығарушы палатада «Ауылдың» өз фракциясы белсенді жұмыс жасайды. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізілген елдегі саяси реформаларының нәтижесінде жүзеге асты.

Ал енді осы уақытқа дейін неге Мәжіліс төрінен орын ала алмағанға келсек, бұған көп факторлар әсер етуі мүмкін. Жалпы, біз осы уақыт аралығында барлық сайлау науқандарына белсенді қатысып келеміз. Соңғы 7-8 жылда екі үлкен президенттік сайлау науқандарына үміткерлерімізді ұсындық. Саяси жұмыстарға да араласып жүрміз. Алайда Мәжіліске өтпегеніміз – факт. Ешкімді кінәламаймыз, өзімізден көру керек. Мүмкін үгіт-насихат жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмеген болар. Партия лидерлері халықтың арасына жиі шықпаған болар. Десек те, былтыр жоспарлы жұмыстың нәтижесінде Мәжіліске өттік. Енді парламенттік партияға айналған соң, Орталық аппарат та құрылымдық өзгеріске ұшырап, аграрлық-экспорттық, экономика және бизнес, сондай-ақ, әлеуметтік салалар бойынша орталықтар ашып, жұмысымыз жандана бастады.

– Қуаңшылық салдарынан зардап шеккен шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Дегенмен, өсімдік шаруашылығына өзгеріс енгізіп, болашақта табиғаттың тосын мінезіне төтеп беретін ауқымды бір жоба қажет сияқты…

– Дұрыс. Өте ауқымды әрі тың жоба қажет. Былтыр Парламенттің күзгі сессиясы жұмысының алғашқы күндерінен бастап Аграрлық мәселелер комитетінің депутаттары Ауыл шаруашылығы министрлігімен, басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен және фермерлердің өздерімен бірлесіп, тым қолайсыз ауа райы жағдайлары салдарынан аграрлық салада орын алған ахуалды шешуді іздеумен айналысуда.

Бұл тұрғыда Үкімет стандартты емес шешімдер қабылдап және осы жағдай бойынша дағдарысқа қарсы Жол картасын қабылдауы тиіс. Оның ішінде азық-түлік корпорациясының форвардтық сатып алуы бойынша астықтың осы санатымен тауар алмасу бойынша шешім қабылдау, ағымдағы жылдың соңына дейін ауыл шаруашылығы қызметкерлері алдындағы субсидиялар бойынша барлық берешекті төлеу, тұқым импорты кезінде ҚҚС өтеу, сондай-ақ, 2024 жылдың егіс науқанында 2-нші және 3-репродукциялы тұқымдарды пайдалану мәселесін қарастыру, фермерлердің барлық міндеттемелерін кемінде 24 айға ұзарту мерзімін ұлғайту және Ресей Федерациясының аумағынан астық әкелуге және астық транзитіне бақылауды күшейту шараларын көздеу тиіс деп санаймыз.

– «Ауыл» партиясы жетекшілерінің «Агробанк» құру жөніндегі бастамасы шаруалардың көңіліне қуаныш ұялатты. Осы жөнінде толығырақ тарқата кетсеңіз…

– «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасында 100 пайыз мемлекеттік жарғылық капиталмен Агробанк құруға ұмтылатыны жазылған. Бүгінгі таңда Үкіметке Агробанк құру жөнінде талап қоя отырып, бірнеше депутаттық сауал жолдадық. Жақында Мәжілісте өткен дөңгелек үстел отырысында осы мәселені тағы да талқыладық. Біз өз бастамамыздан тайынбаймыз. Яғни, «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» және тағы басқа қаржы институттарының басын біріктіріп, мемлекеттен жыл сайын бөлініп жатқан қаржыны бір жерге топтастырып, мемлекеттің қатысуымен Агробанк ашуды ұсынамыз. Себебі Агробанк шаруаларға төмен пайызбен несие бере алар еді. Ал қазір Үкіметтен жеңілдікпен берілетін несиеге екі ортада делдалдық етіп отырған квазимемлекеттік кәсіпорындар өзге банктермен бірігіп, шаруаларды пайызбен «қанап» отырғаны жасырын емес.

Жалпы, қазір еліміздегі ауыл шаруашылығы саласында қордаланған мәселелерді шешуге құзырлы министрлікке ұсыныс хаттар жіберіп жатырмыз. Қадағалап, орындалу барысын бақылап отырамыз. Шаруалардың талаптары орынды. Жыл-он екі ай күннің ыстық-суығында тауар өндіретін, жұмыстың да ауырын көтеретін – шаруалар. Біз олардың ұсыныс-пікірлерін негізге ала отырып, заңға өзгерістер енгіземіз. Мәселен, бізде «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» заң жоқ. Бұл ретте біз қазір ұсыныстар жинақтап, Заң жобасын әзірлеп, тиісті сараптамадан өткізіп, оны Парламентке енгізуге дайындап отырмыз.

– Спорттық бағыттағы қазақы жылқылардың тұқымын сақтау бойынша заң әзірленеді дедіңіз…

– Иә, Мәжіліс депутаттары «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жұмысқа алды. Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Парламент депутаттары заң шығару бастамасы тәртібімен әзірледі.

Заң жобасында көзделген өзгерістер спорттық жылқы шаруашылығына мемлекеттік қолдау шараларын көрсетіп жатыр. Спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және оның еліміздегі популяциясы өсу үшін жағдай жасауға, ұлттық ат спорты түрлерін дамытуды, қазақ халқының мәдениетін, дәстүрі мен өмір салтын насихаттауға мүмкіндік береді.

– Мәжілістегі Үкімет сағатында ауыл шаруашы-лығындағы субсидия беру ережесін кемінде 5 жыл бойы өзгермейтіндей етіп бекітуді ұсынған болатынсыз. Бұл не үшін қажет?

– Саланың шешімін таппай отырған мәселесінің бірі – қаржы институттарының несиесін кепілмен қамтамасыз ету. Мысалы, Агрокредит корпорациясынан «Агробизнес» бағдарламасы бойынша төртінші буындағы 1 гектар жылыжай кешенін салуға 1 млрд теңге несие алу үшін 1 млрд теңге кепіл ұсыну қажет. Фермерлердің жұмыс істегісі келгенімен, қаржыгерлер цифрларды «ойнатып», олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан фермерлерге несие беру шарттары мен кепілмен қамтамасыз ету талаптарын түбегейлі қайта қарау қажет.

Министрлік басшылығы 2021 жылғы қыркүйектен бүгінгі күнге дейін ғана субсидия беруге қатысты бұйрықтарды 21 мәрте өзгертті. Субсидия беру жөніндегі мемлекеттік саясат әрбір жарты жыл сайын өзгеретін болса, фермерлер өз жұмысын қалай жоспарлауы керек? Министрлікке субсидия берудің тұрақты және түсінікті ережелерін белгілеу және оны кемінде 5 жылға дейін өзгертпеу қажет.

– Барлық бастамаларыңызға сәттілік тілейміз. Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан – А.МҰҚЫШЕВ.