Кеше облыс әкімі Асайын Байханов Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Аймақ басшысы көпшіліктің назарын аудартқан мәселелерге тоқталып, алдағы уақытқа белгіленген жоба-жоспарлармен де бөлісті.

Жобаның «тағдыры» күзде шешіледі

Алдымен Асайын Байханов өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды. Бұл ретте электр энергиясы мен көмір өндіру, химия өнеркәсібі, мұнай өңдеу және машина жасау көлемі артып жатқанына баса назар аударды. Сонымен қатар, биыл өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық инвестиция тартылып, оның жалпы көлемі 235 млрд теңгеге жеткен. Ерекше атап өтерлігі, бұл соманың 84 пайызы, яғни 196,9 млрд теңге – жеке инвесторлардың қаражаты. Жалпы, аймақта 2 трлн теңгеден асатын сомаға 113 инвестициялық жоба қолға алынды. Соның нәтижесінде 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылуы қажет. Өндіріс өркендеп, индустриялық жобалар сәтті жүзеге асып жатқан жақсы, әрине. Бірақ соның салдарынан экологиялық ахуалдың қиындай түсетіні тағы бар. Мұны аймақ басшысы да алға тартты.

— Өкінішке қарай, біздің аймақ ластаушы заттардың атмосфераға шығарылуы бойынша елдегі көшбасшы облыстардың бірі болып отыр. Былтыр оның көлемі 727 мың тоннаға жуықтады. Бұл қоршаған ортаға жүкте-мені азайту және кәсіпо-рындардың кешенді экологиялық рұқсаттарына біртіндеп көшу бойынша белсенді жұмыс жүргізу керек екенін білдіреді. Осы жылдың алғашқы тоқсанында облыс бойынша эмиссиялар көлемі өткен жылдың үш айымен салыстырғанда шамамен 1,8 мың тоннаға азайды, — деді А.Байханов. Осы орайда журналистер өңірдегі ірі индустриялық жобаларға қатысты сауалдарын жолдады. Олардың бастысы – «Павлодар Сода» зауытының жобасы. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы аумағында жылына 200 мың тонна кальциленген сода шыға-ратын кәсіпорын шығару ойда болған-ды. Ол үшін мемлекеттік бағдарлама аясында инженерлік-коммуникациялық желілер де тартылды. Бірақ көпшілік бұл кәсіпорынның пайдасынан зияны көп деп пайымдап, оның салынуына қарсылық танытты. Ендігі ретте бұл зауыттың, соған арнайы тартылған құбырлардың «тағдыры» не болмақ?

-«Павлодар Сода» зауытының жобасына қатысты осыдан бірнеше жыл бұрын өткен қоғамдық тыңдауда бірқатар талап қойылып, ұсыныс айтылды. Олардың қатарында пай-
даланылатын су көлемін 2,4 млн текше метрден 1,1 млн текше метрге дейін азайту, көмірден сұйытылған газға көшу, зауыттан шығатын 17 мың тонна қалдықты өңдеу бар. Осындай шарттар қойылған соң жоба авторлары тағы бір мәрте қоғамдық тыңдау өткізу туралы өтініш берген жоқ. Десе де, кәсіпорын өкілдерімен кездесіп, мәселені талқыладық. Қазіргі уақытта қаржыға қатысты түйткіл бар көрінеді. Бастама авторларына оларды шешу үшін күзге дейін уақыт берілді. Оған дейін мәселенің оң шешім тапқанын күтеміз немесе бұл аумаққа басқа жобаларды тартамыз, — деді аймақ басшысы.

 

Жылумен қамтуда қиындық болмайды

Әлбетте, соңғы жарты жылда ел назары Екібастұзға ауды. Бұл жолғы брифинг барысында да жылыту маусымы мәселесі шет қалған жоқ. Бұған қатысты сауал да көп түсті. Асайын Қуандықұлы олардың әрқайсысына толымды жауап беріп, алдағы қыста екібастұздықтар да, жалпы облыс тұрғындары да жылудан қиындық көрмеуі үшін жергілікті билік пен осы салаға жауапты ұйымдар барын салып жатқанын атап өтті.

— Былтырғы жағдайдың қайта-ланбауы үшін бес бағыттағы кең ауқымды жұмысты қолға алдық. Алдымен техникалық аудит жасалды. Оның бірінші кезеңінде-ақ бірталай гидравликалық олқылық анықталды. Көктем кезінде жылдағыдан жоғары қысыммен сынақ өткіздік. Соның барысында белгілі болған 200-ге жуық ақаудың барлығы бүгінде жойылды. Күзде тағы бір гидравликалық сынақтар жүргізі-леді. Жылу-электр станциясындағы қазандықтар белгіленген жоспарға сай жөнделіп жатыр. Бұл ретте Екібастұздағы көпқабатты 690 үйдің 184-інде басқарушы компанияның жоқ екенін баса айтқым келеді. Оларды қала құраушы кәсіпорындар өз мойнына алып, қолғабыс жасауда. Нәтижесінде алғаш рет осы уақытта кеншілер шаһарындағы 570 көппәтерлі баспана дайындық актісін алды. Оның ішінде басқарушы компаниясы жоқ 132 тұрғын үй бар, — деді облыс әкімі. Айта кетейік, Екібастұз жылу- электр орталығының акционері — Орталық-Азиялық электрэнерге-тикалық корпорациясы желтоқсаннан бастап жылыту маусымының соңына дейін жылу желілерін жөндеуге 2,2 млрд теңге жұмсады. Сонымен қатар, акционер жылу станциясында 5 энергетикалық қазандық пен құрал-жабдықтарды күрделі жөндеуге барлығы 9 млрд теңге салмақ. Бүгінде оның тең жартысы игерілді. Ал жылу-электр станциясындағы тағы 5 су қазандығы коммуналдық меншікке тегін берілді. Оларды күрделі жөндеуге бюджеттен 7,4 млрд теңге бөлінді. Екібастұзға баса назар аударылғанымен, бұл Павлодар, Ақсу қалаларындағы дайындық барысы шетте қалды дегенді білдірмейді. Облыс орталығындағы үш станция да жөндеу жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Ақсудағы ферроқорытпа зауыты да өзіне қарасты қазандықтарды ретке келтіруде. Ал бұл шаһардағы жаңа қазандықтың ертеңі әлі де белгісіз болып отыр. Әу баста техникалық-экономикалық негіздеме дұрыс жасалмай, мердігер компания жобада қарастырылмаған қондырғыларды қоюының кесірінен оны іске қосу мүмкін болмай тұр.

— Жалпы, Павлодар облысында 1, 438 шақырым жылу желісі бар. Оның 82 пайызы әбден тозған. Қазір үш қалада барлығы 22 млрд теңгеге 52 шақырым жылу құбырын салу, қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстары атқарылуда. Ауылдық жерлердегі әлеуметтік нысандардағы қазандықтарды да жылыту маусымына әзірлеу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Өңірдегі 400 қазандықтың барлығы біздің жіті бақылауымызда, — деді аймақ басшысы. Соңғы жылдары облыстағы алдыңғы қатарлы мәселелердің біріне айналған шыбын-шіркеймен күрес тақырыбы да қаузалды. Брифингке жиналғандар биыл масаның аз болуының сырын сұрады. Асайын Қуандықұлының айтуынша, әуеден өңделетін аумақтың 27 мың гектардан 71,5 мың гектарға көбейіп, алғаш рет өзен салаларының өңделуі қансорғыш дернәсілдерінің 98 пайызын жоюға мүмкіндік берді. Бүгінде қалалықтар мен ауылдағы ағайын «Масадан көзіміз ашылды» десе, бұл — билік, мердігерлер мен ғалымдардың бірлескен жұмысының нәтижесі. Бірақ шыбын-шіркей – жыл сайын шығатын қансорғыш. Сондықтан бүгінде оған қарсы күрестің кешенді жоспары әзірленуде.

Нөсерден кейін…

Жақында облыста болған нөсер жауын да бұған дейін қордаланып қалған біраз мәселенің бетін ашып берді. Облыс орталығының көшелерін су басып, адам түгілі көлік өте алмайтын жағдайға жетті. Аймақ басшысының өзі де Ломов көшесінің осылайша су басқанын алғаш рет көргенін жасырмады. Сол уақытта асфальттың опырылып түсуі, жарықтың сөнуі сынды мәселелердің бірден шешілгенін де тілге тиек етті. Ал төбесінен су аққан екі көпқабатты үйдің төбесі тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы аясында жақын арада жөнделуі керек. Сел боп өткен жауын көрсеткен басты проблема – қала көшелерінде суағардың болмауы. Бұл жайт бұрыннан белгілі. Асайын Байханов қала әкімі боп тұрған тұста осыған баса назар аударған-ды. Нәтижесінде суағар жүйесін салудың жобасын дайындау бойынша шаралар басталды. Тамыз айында оның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуы тиіс. Содан соң жоба мемлекеттік сараптамадан өтеді. Кейін жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді.

— Шыны керек, мұндай жүйе қала көшелері салына бастаған кезде, тым құрығанда 1970-ші жылдары салынуы керек. Бұған дейін мұндай тәжірибе болмағандықтан, суағар құрылысына қажет қаражат көлемі мен уақытты дөп басып айту қиын. Әйтсе де, алдын ала есептеуім бойынша, бірінші кезеңнің өзіне кем дегенде 30-40 млрд теңге керек. Мұндай қомақты сома облыстық бюджетте жоқ, — деп кесіп айтты А.Байханов.

Орын тапшылығы қашан жойылады?

Облыс орталығында жылдар бойы күрмеулі боп келе жатқан түйткілдердің тағы бірі – мектептерде оқушыларға арналған орындардың тапшылығы. Әсіресе, Усолка шағын ауданында білім алатын балаларға орын жоқ. Сондықтан олар басқа аудандардағы мектептерге баруға мәжбүр. Бұл мәселені шешу үшін келесі жылы шағын ауданда 1200 орындықтың оқу орнының құрылысы басталмақ. Сол сияқты Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп пен №34 білім беру мекемесі шәкірттерге тарлық етеді. Мұндағы жағдай қосымша ғимарат салу арқылы шешілмек. Шапық Шөкин атындағы лицейдегі орын тапшылығын жою үшін де осындай әдіс қолданылып жатыр. Мектеп жанынан салынып жатқан 100 орындық ғимаратқа биыл бастауыш сынып оқушылары баратын болады.

— Үш ауысымдық мектеп, орын тапшылығы мәселесі тек облыс орталығында бар. Басқа аудан-қалаларды бұл жағдай өткір тұрған жоқ. Павлодар қаласындағы түйткілдің түйінін екі жылдың аралығында тарқатпақ ойымыз бар. Ол үшін Достық шағын ауданында 1200 орындық, №4 мектеп жанынан 600 орындық білім беру нысандары салынады. Қазіргі уақытта мердігерді анықтау үшін мемлекеттік конкурс өтіп жатыр. Жалпы, 2026 жылға дейін өңірдегі 176 мектеп күрделі жөндеуден өтеді, — деді Асайын Қуандықұлы. Сондай-ақ, биыл 16 денсаулық сақтау нысанын жөндеу мен жаңартуға 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Келесі жылдың наурыз айында №1 қалалық аурухананы ауқымды жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Сол сияқты «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» аясында екі жыл ішінде 15 мың ауыл тұрғыны үшін 30 жаңа медициналық нысан салынады.

Мердігердің міндеті — сапалы жұмыс атқару

Осыдан біраз уақыт бұрын Павлодар қаласындағы Катаев көшесінің жолын жөндеген астаналық «Partners Reality» компаниясы Асайын Байханов қала әкімі боп тұрған кезде басқа өңірден келген мердігерлерді кеудесінен итеріп, олардың жұмыс істеуіне кедергі келтірді деген мәлімдеме жасаған еді. Тіпті, аталмыш компанияның өкілдері әлеуметтік желі арқылы шаһар басшысы сол үшін қамауға алынуы тиіс, деп байбалам салды. Асайын Қуандықұлы брифинг барысында осы мәселеге қатысты түсініктеме беруді жөн көрді. Бұл жайт журналист қауым тарапынан да қызығушылық тудырды.

— Аталмыш компания жұмысты сапасыз атқарғаны үшін оларға алты бірдей ескерту жолдадық. Бірақ оларды елеген жоқ. Келісімшарт мамыр айында жасалса да, жұмыс-
тар тек тамызда басталды. Сол көшенің бойында мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандар болғанына қарамастан, жаяу жүргін-шілердің жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалған жоқ. Жұмысты да сапалы дей алмаймыз. Сондықтан сотқа жүгінуге тура келді, — деп түсіндірді аймақ басшысы. Бүгінде екі инстанциядағы сотта да Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жеңіп, сот аталған компанияны жосықсыз мердігер деп таныды. Сондай-ақ, қазіргі уақытта облыс әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелер мен басқа мердігерлік ұйымдар арасында 11 сот процесі жүріп жатыр.

— Астаналық кәсіпорын «Павло-дардың билігі біз жергілікті компания болмағандықтан жұмысымызға кедергі келтірді» дегенге саятын уәж айтты. Бірақ әсте олай емес. Біз мердігерлерді жергілікті, жергілікті емес деп бөлмейміз. Сапалы жұмыс атқаруды қалайтын әр инвесторға есігіміз ашық. Өңірдің мердігерлеріне де талап қатаң. Мәселен, таяуда Шарбақты ауданы Хмельницкое ауылындағы көшелерге төселген асфальт тұрғындардың наразылығын тудырды. Мердігерден олқылықты 10 күн аралығында жоюды талап еттік. Әйтпегенде, заң жүзінде сотқа жүгінеміз. Сол сияқты облыстағы тәжірибелі құрылыс компанияларының бірі – «Портал-ПВ» серіктестігінің Ақсу қаласына қарасты Мәмәйіт
Омаров және Береке ауылдарында салған спорт кешендері талапқа сай келмейді. Қазір олармен де соттасып жатырмыз. Айтпағым, бізге мердігердің тіркелген жері емес, атқарған ісінің сапалы болуы маңызды, — деді аймақ басшысы. Сол сияқты облыс орталығында заңсыз тұрғын үйлер салған
6 құрылыс компаниясымен де сот процесі жүріп жатыр.

Су арзандап, ұялы байланысқа қосылады

Брифинг барысында ауылдағы ағайынның мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Күні кеше өңірдегі шаруалар қуаңшылыққа, Ертіс өзеніне су босату жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуіне байланысты аймақта төтенше жағдай жариялауды ұсынды. Тиісті хат облыс әкіміне де түскен екен. Асайын Қуандықұлының айтуынша, жайылым аумағындағы шабындық жерлер 52 шаруашылыққа тіркелген. Олар жаз-күз кезінде сол аумақтағы шабындыққа шалғы салып, қысқы мал азығын жинайды. Бұл ретте бірден төтенше жағдай жариялауға келмес. Алдымен облыс басшылығы шаруалармен кездесіп, мән-жайды біліп, шешім жолдарын талқыламақ. Ауылдықтарды сапалы ауыз-сумен қамту мәселесі де алаңдатады. Бұл бағытта әкімдік тарапынан біраз іс атқарылып жатыр. Айталық, биыл елді мекендерде жаңа құбырлардың салынуы есебінен орталықтандырылған су жүйесімен қамту көрсеткіші 95 пайыздан 97,8 пайызға дейін жетеді. Десе де, күрмеулі мәселелер де бар. Олардың бастысы – тарифтің қымбаттығы. Бүгінде ең қымбат тариф – 264 теңге, ең арзаны – 100 теңге.

— Орталықтандырылған су жүйелерін салу істің басы ғана. Оларды күтіп-ұстау, сүзгілерді ауыстыру сынды жұмыстар да жетіп артылады. Шыны керек, бүгінгі тарифтер бұл шығынның барлығын жаппайды. Сондықтан Ертіс ауданында субсидиялау жүйесі енгізілді. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 390 млн теңге бөлінді. Субсидияның арқасында бір текше метр судың бағасы 264 теңге болды. Мемлекеттен демеуқаржы бөлінбген жағдайда бұл сома 580 теңге болар еді. Алдағы уақытта мұндай жүйені Май топтық су құбырының тұтынушыларына да ұсыну ойда бар, — деді аймақ басшысы. Сонымен қатар, облыс басшылығы ауылдықтар үшін өзекті мәселелердің тағы бірі – ұялы байланыс пен интернетті реттеу ісін қолға алды. Қазіргі таңда өңірдегі 28 елді мекенде ұялы байланыс та, мобильді интернет те жоқ. Байланыстан жырақ қалған бұл ауылдарға өркениетті жеткізу үшін салалық министрлікпен жекеменшік компаниялармен жұмыстар жүргізілуде. Келесі жылы бұл түйткіл толығымен тарқамақ.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.