Ертіс ауданының тұрғындары мәслихат депутаттарын сайлау кезінде осы қызметке лайықты деп таныған кандидаттарға дауыс берді. Мұндай жауапты шешімді қабылдау кімге болсын оңай емес. Себебі, халықты алаңдатқан негізгі мәселелерді билікке жеткізетін – осы мәслихат. Ертіс ауданы мәслихатының депутаттары бір жыл көлемінде не тындырды? Тұрғындардың өтініш-тілектері қалай ескерілуде? Ауданда депутаттардың тікелей араласуымен қандай мәселелер өз шешімін тапты? Осы орайда, Ертіс аудандық мәслихатының төрағасы Байшот Шыңғысовпен тілдескен едік.

– Байшот Қабытайұлы, әңгі-мемізді Ертіс аудандық мәслихаты депутаттарының бір жылдың ішінде атқарған жұмыстарынан бастасақ… Халық сайлаған депутаттар не тындырды?

– Өткен жылы 14-інші кезекті және кезектен тыс сессия, тұрақты комиссия отырыстары өткізілді. Ауқымды жиында депутаттар бірқатар әлеуметтік мәселені қарастырды. Оның ішінде бюджетті бекіту, оның орындалуын бақылау, аудандағы көмекке мұқтаж жандардың жекелеген санатының тізбесін айқындау, оларға әлеуметтік көмек көрсету сынды мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен салаларына жұмыс істеуге келген жас мамандарды қолдау шараларына атсалысты.

Былтыр тұрғындардың өтініші бойынша 26 депутаттық сауал жолданды. Бұл ретте есептік кездесу кезінде сайлаушылар Аманкелді ауылына кіре беріс жолды жөндеу туралы өтініш білдірген болатын. Осы мәселені шешу бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Нұржан Әшімбетов және Жарқынбек Амантайдың атына сауал жолдаған едік. Нәтижесінде мәселе оң шешімін тауып, республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Сондай-ақ, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының офисінде қоғамдық қабылдау жүргізіледі. Депутаттар белгіленген кестеге сәйкес азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдайды. Тоқсан сайын аудан, ауыл және ауылдық округтер әкімдерінің халық алдында есеп беру кездесулеріне қатысады. Биыл қаңтар-ақпан айларында депутаттар өз сайлау округтеріндегі сайлаушылармен жеке кездесу өткізді.

Құрылыс жұмыстарының сапасын анықтау үшін салынып жатқан нысандарға партиялық бақылау жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарының уақытылы орындалуын қатаң қадағалайды.

Былтыр депутаттар аудандағы мектептердің қазандығының дайындығын тексерді. Бұл ретте Ертіс ауылындағы №2 жалпы орта білім беру мектебі қазандығының тозғаны анықталды. Нәтижесінде мектеп-тердің қазандықтарын басқаратын уәкілетті ұйым бұл мәселенің шешімін тапты. Депутаттар «Мектепке жол», «Қайырымдылық», «Қамқорлық» атты республикалық акцияларға да өз үлестерін қосуда. Сонымен қатар «Ардагерлерді ардақтайық!», «Бақытты отбасы» атты партиялық жобаларға белсене қатысады.

– Депутаттар құрамы жаңарды ма?

– Ертіс аудандық мәслихаты депутаттарының жалпы саны – 11 адам. Соның ішінде 2 әйел бар. Өткен жылы депутаттық корпус 64 пайызға жаңарды. Оның құрамында өз ісінің мамандары жауапкершілікпен жұмыс істеуде. Олар өздеріне жүктелген міндетті толық атқаруда. Күн тәртібіндегі мәселелерді назардан тыс қалдырмайды. Мәселен, жуырда аудандық мәслихаттың экология, бизнес және өндірісті қолдау жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Павел Жамбаев және комиссия мүшелері «Желдордезинфекция-Павлодар» мердігер ұйымымен бірлесіп, Ертіс жайылмасына шығып, шыбын-шіркейге қарсы жүргізіліп жатқан дезинсекциялық шаралармен танысты. Аудан депутаттары ел басына күн туған шақта да алыстағы ағайынға жәрдемдескенін атап өткім келеді. Бұл ретте депутаттар су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысып, Ұзынсу ауылындағы су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға жәрдемдескенін атап өткен жөн. Тұрғындарды азық-түлікпен, суды бұру мақсатында мотопомпа, ассенизатор көліктерімен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, Ақмола облысының Атбасар ауданының зардап шеккен азаматтарға көмектесті.

– Тұрғындардың ұсыныс-тілегін қалай қарайсыздар? Жұртшылықты қандай мәселе алаңдатады?

– Тұрғындардың талап-тілегі ескерусіз қалмайды. Бұл ретте әр депутат өз сайлау округінде сайлаушылармен жүздеседі. Көп жағдайда кездесу барысында ауыз судың сапасы, жол жөндеу, интернет сапасын арттыру, көшелерді жарықтандыру, шалғайдағы ауылдарды жедел жәрдем қызметі көлігімен қамтамасыз ету сынды мәселелер көтеріледі. Аталған тақырыптар мәслихаттың тұрақты комиссиясында және сессия отырыстарында талқыланады. Оны шешуге жергілікті билік органдары да атсалысады. Сонымен қатар, аудан әкімі, мемлекеттік орган басшыларының қатысуымен «депутаттық сағат» та өткізіледі. Барлық жиында халықтың мәселесі назарға алынады.

– Ауданға оңтүстік өңірден көшіп келген отбасылардың біразы өз еліне қайта оралғанын білеміз. Олардың ауданда тұрақтап қалуына депутаттар қандай көмек көрсетуде?

– Өткен жылы ауданға Оңтүстік өңірден 123 адамнан тұратын 26 отбасы көшіп келді. Оның ішінде 10 адам, яғни 2 отбасы еліне қайта оралды. Жалпы, Оңтүстіктен көшіп келген қоныс аударушылардың ауданда тұрақтап қалуына депутаттар ерекше көңіл аударады. Бірінші кезекте отбасы мүшелерінің тұрақты жұмыспен қамтылуын назарға аламыз. Шаруа қожалығы өкілдерімен кездесіп, жұмыс мәселесін шешуге тырысамыз.

«Қамқорлық» акциясы аясында қоныс аударушыларға азық-түлік жинағы табысталады. Жетінші шақырылымның мәслихат төрағасы ретінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен ауыл әкімдерімен бірлесіп, Тараз қаласына барып, көшіп келуге ниетті адамдармен жолығып, елге шақырып қайтқан болатынмын. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Ауданда жол, ауызсу мәселесі қалай шешілуде?

– Өткен жылы Қосағаш, Ұзынсу, Қызылқақ ауылдарында су құбыры салынды. Оның құрылысы толығымен депутаттардың бақылауында болды. Сілеті, Бұланбай ауылдарында кешенді блок модулі орнатылды. Қазіргі уақытта аудан халқының
90 пайызы таза ауызсумен қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

– Ертіс ауданында Панфилов, Иса Байзақов, Голубовка ауылдарында дәрігер жоқ. Ауыл тұрғындары денсаулығын тексерту үшін аудан орталығына баруға мәжбүр. Халық сайлаған депутаттар осы мәселені қалай шешуде?

– Мұндай мәселенің бары рас. Биыл қаңтар айында мәслихат депутаттары аудандық аурухананың бас дәрігері және өзге де мемлекеттік орган басшыларының қатысуымен осы мәселе бойынша тұрақты комиссияның отырысын өткізді. Аталған ауылдарда дәрігер жоқтығына байланысты аудандық орталық аурахананың дәрігерлері аптасына бір рет шалғай ауылдарға іссапармен шығады. Ауыр жағдайдағы науқастар санавиация көлігімен ауруханаға жеткізіледі. Аталған ауылдардағы дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункттерде медбикелер жұмыс атқаруда. Келешекте дәрігерлерді тұрғын үймен қамту үшін депутаттар жергілікті бюджеттен қаражат бөлу мәселесін қарастыруды жоспарлап отыр. Аталған ауылдарға дәрігер келеді деген үміттеміз.

Ауылға келетін жас мамандарға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтермеақы төленеді. Аудан орталығында тұратын жас мамандарға 2 500 АЕК көлемінде, ауыл және ауылдық округтерде тұратын жас мамандарға 2 000 АЕК мөлшерінде пәтер алуы үшін бюджеттік несие беріледі. Депутаттар осы қаражаттардың дұрыс төленуін де қадағалайды.

Алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспарымен бөліссеңіз…

– Алдағы уақытта депутаттар бірқатар істі атқаруды жоспарлап отыр. Атап айтсақ, Сілеті, Северный жалпы орта білім беру мектептері мен өзге де күрделі жөндеуді қажет ететін әлеуметтік нысандарды жаңа кейіпке енгізу, автожолдарды жөндеу ісіне мониторинг жүргізуді жоспарлауда. Бұдан бөлек, қатарға қосылған депутаттар алдағы маусым айында үш күндік оқуға аттанады. Сайлаушылармен тоқсан сайын кездесулер өткізіледі. Аудандағы Қарақұдық пен Қызылағаш ауылдарында денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жүргізілуде. Депутаттар мониторинг арқылы құрылыс жұмыстарының уақытылы жүргізілуін қадағалайтын болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Айдана ҚУАНЫШЕВА.