Павлодар облысында білім беру ұйымдарында бірыңғай цифрлық есепке алу жүйесі енгізілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Павлодар облы-
сының әкімдігі білім беру ұйымдарында бірыңғай цифрлық есеп бойынша пилоттық жобасын іске қосты.

 

Облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалық етуімен өткен жиында білім беру саласында анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметі туралы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілік» жобасын іске асыру барысы және өзге де жұмыс бағыттары сөз болды. Сондай-ақ, «Гелиос софт» ЖШС ұсынған ақпараттық есепке алу жүйесінің тұсаукесері өтті. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали атап өткендей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізген. Бұл ретте еңбекақы төлеу қорына баса назар аударылды. Талдау аясында жоспарлаудан бастап ысырап ету мен иемденуге дейін мемлекеттік қаражатты жымқырудың барлық схемасы анықталған. Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері көрсеткендей, облыста сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған. Өңірде ұрлық пен алаяқтық сияқты қылмыс түрлері басым, ал аймақтағы білім беру мекемелерінде қолданылатын бұлтты бухгалтерлік есеп жүйесі енгізілгенімен, жемқорлыққа жол берілген. Мәселен, ағымдағы жылы облыста 8 қаржы жымқыру фактісі тіркеліп, соның салдарынан мемлекетке 95 млн теңге шығын келтіріліп, 3 бухгалтер сотталған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі облыстық ведомствоаралық комиссияның отырысында облыс әкімі Асайын Байханов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали пилоттық жобаның бірлескен бұйрығы мен жұмыс жоспарына қол қойды. Бұл жоба жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған және бюджет қаражатын еңбекақы төлеу қорынан ұрлаудың барлық схемасы ашылған білім беру саласындағы миллиардтаған бюджет қаражатын жымқыру себептерін жоюға бағытталған. Павлодар облысында Агенттік ағымдағы жылдың 15 желтоқсанына дейін білім беру ұйымдарында бірыңғай цифрлық есепке алу жобасын пилоттық режимде іске қосуды жоспарлап отыр. Мұндай цифрлық шешім болашақта аванстық төлемдермен және мұғалімдердің жұмыс уақытымен алаяқтыққа жол бермейді. Пилоттық жобаны ағымдағы жылдың соңына дейін іске асыру жоспарлануда. Жобаны жүзеге асыруда Павлодар облысын таңдау кездейсоқтық емес. Білім беру саласындағы талдау қорытындысы бойынша осы өңірде жемқорлық тәуекелдерінің көрсеткіші төмен екені анықталған. Бұған білім беру мекемелерінде қашықтықтағы бухгалтерлік есептің ақпараттық жүйесін қолдану әсер еткен сыңайлы. Цифрландыру қаржылық қажеттілікті асыра бағалаумен және негізсіз жалақы есептеумен байланысты тәуекелдерді айтарлықтай жояды. Пилоттық жоба аясында ақпараттық жүйенің функционалын кеңейту жоспарлануда. Атап айтқанда, жалақының 50 пайыздан асатын аванстарды төлеу фактілерін бақылау және бұғаттау тетігі, педагогтер мен басқа да қызметкерлерінің жұмыс сағаттарының асқан лимитін шектеу, сабаққа қатысуды бақылау жүйесімен интеграциялау арқылы қызметкерлердің уақытын есепке алу табелін автоматты түрде қалып-тастыру, қазынашылық есептілік нысандарын тікелей ақпараттық жүйеге жүктеу және т.б. функциялар енгізілетін болады. Қазіргі таңда осындай пилоттық жобаны Қазақстанның тағы бір облысында іске қосу мәселесі пысықталуда. Ақпараттық жүйені тестілеу оң нәтижелі болған жағдайда жоба бүкіл ел бойынша іске қосылады. Жалпы, еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі білім беру саласында 8,8 млрд теңге шығын келтірген 133 қылмыстық істі қарады.

 

Т.ӘБІЛДА.