Қыстың боранды, аязды күндерінен кейін де етек-жеңді ерте жинап, қамданбаса, су тасқыны деген табиғаттың тосын мінезі сынға алатыны белгілі. Міне, осы мәселе Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында талқыланды. Алдағы кезеңге әр өңірдің дайындығы пысықталып, кем-кетігі түгенделді.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық басталғанын жеткізді. Мәселен, су тасқынының ықтимал ушығу жағдайларына жедел әрекет ету мақсатында азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдарының арнайы топтары құрылды. Оның құрамында 39 мыңнан астам адам, 11 мыңға жуық техника, 500-ден астам жүзу құралдары және 3 мыңнан астам мотопомпалар бар.

Күштер мен құралдарды жедел тасымалдау, сондай-ақ зардап шеккен халықты шұғыл эвакуациялау қажет болған жағдайда «Қазәуеқұтқару» АҚ-ның әуе кемелері әрдайым әзір тұрады. Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері де құтқару операцияларына қатысуға дайын. Сонымен қатар су тасқынына қарсы іс-шаралардың тиісті жол картасын іске асыру жалғасуда. Бүгінде бұл жұмыстардың 57,7 пайызы іске асырылған.

— Бірқатар өңірлерде құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Су ресурстары министрлігі Ақмола облысында Есіл су реттегішін салу бойынша жобалау сметалық құжаттамаларын әзірлеп жатыр. Сондай-ақ өзіңіздің тапсырмаңыз бойынша аяқталмаған жобалардың көпшілігі әкімдіктермен 2025 жылға дейінгі Өңірлерді дамытудың және Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарларына көшірілді. Сонымен қатар олардың 27-сін іске асыруда алаңдаушылық бар. Бұл әсіресе Павлодар, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарына қатысты, — деп мәлімдеді министр.

Министр су қорғау белдеулерінде орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарды қорғау мәселесі өзекті екенін алға тартты. Сондықтан мұндай аумақта орналасқандарды көшіру мүмкіндіктерін қарастыруды және алдағы уақытта ол жерлерде құрылыс жүргізуге тыйым салуды ұсынды. Елді мекендерді су басу себептерінің бірі ретінде гидротехникалық құрылыс-тардың бұзылу ықтималдығы екенін мәлімдеді. Мәселен, қолда бар еліміздегі 1,5 мыңнан астам гидротехникалық құрылыстардың 300-ге жуығына қауіп төнуі ықтимал, олардың көпшілігі халықты жергілікті құлақтандыру жүйелерімен жабдықталмаған.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов гидротехникалық құрылыстардың жағдайын жақсарту шаралары туралы, Көлік министрі Марат Қарабаев жолдарды, көпірлерді және су өткізу құрылғыларын су тасқыны кезеңіне дайындау туралы баяндады.

Премьер-Министр өткен жылдың аяғы мен осы жылдың басында ауа-райы жауын-шашынды болып, қар көп түскенін атап өтті. Бүгінде еліміздің шамамен 90 пайыз аумағын қар басып жатыр. Мұның барлығы су тасқыны қаупін арттыра түседі. Мәселен, қазірдің өзінде Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында елді мекендерді су басып, жолдарды шайып кеткен деректер кездесіп отыр. Сонымен қатар желтоқсан айының ортасында Алматыда Есентай өзені де арнасынан асып кеткен.

— Мұндай жағдайлар қыс ортасында, алдағы су тасқыны кезеңіне дейін орын алып отыр. Сондықтан, өңір әкімдіктері аталған мәселелерге арнайы назар аударып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуі керек, — деді Премьер-Министр.

Қазгидрометтің болжамы бойынша биылғы қаңтар-ақпан айларында еліміздің барлық өңірлерінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтіліп отыр. Әлихан Смайылов осы жағдайға құзырлы министрліктер мен өңір әкімдіктері дайын болуы керектігін атап өтті. Яғни, Су ресурстары министрлігі осы бастан су қоймаларын толтыру көлемін анықтап, оны тұрақты түрде бақылап отыруы қажет. Көршілес мемлекеттермен су шығыны және трансшекаралық өзендердегі қауіп туралы үзбей ақпарат алмасу керек. Қажет болған жағдайда, су қоймаларынан суды алдын ала және қауіпсіз жіберу жөнінде шаралар қабылдануы тиіс. Үкімет басшысы республикалық маңызы бар нысандарда, коммуналдық және жекеменшік су қоймалары мен бөгеттерде жөндеу жұмыстарын жандандыру қажеттігін де еске салды. Сонымен қатар, Премьер-Министр ақпан айында «Көктем-2024» оқу-жаттығуларын өткізіп, су тасқыны жағдайы қиындаған кезде нақты іс-қимыл алгоритмін пысықтауды тапсырды.

Әзірлеген – Г.МАҒЖАН.

Суреттер газет мұрағатынан алынды.