Көктем келісімен құрылыс алаңдарында жұмыс қызады. Мемлекеттік тапсырыспен жоба жеңіп алған мердігерлер ісін бастайды. Жауаптысы, тәжірибесі молы, құрылысқа қажеттінің бәрі қолында барлар кестеден кешікпей, нысанды уақытылы тапсырудың қамына кіріседі. Ал, әйтеуір, арзан баға ұсынып, мемлекеттік тапсырыстан «тәбәрік» алып қалуды ғана мақсат тұтқандар тапсырыс берушінің зығырын шығаратын, түпкі тұтынушының қалауын қанағаттандыра алмайтын жағдайлар кездеседі. Әсіресе, өзге өңірлерден ешбір әзірліксіз «топ беретіндер» жап-жақсы жобаның жүн-жұрқасын шығаратыны тағы бар. Осыған байланысты кейінгі кездері Мемлекеттік тапсырыстар туралы заңға өзгеріс енгізіп, әр өңірдің өз мердігерлеріне басымдық беруге жол ашу ұсынылуда. Бұл мәселені «Алаң»-да кеңінен айтпақпыз.

  

Жанат ШҰҒАЕВ, Павлодар аудандық мәслихатының төрағасы:

– Мемлекеттік тапсырыстарға қатысты соңғы 10 жылдағы тәжірибені зерделеп, оңы мен солын таразылайтын кез келді деп ойлаймын. Мамандар отырып, қай жерде олқылық барын анықтауы тиіс. Кемшіліктер көрініп те тұр. Мәселен, жол жөндеуге қатысты жобаларды еліміздің оңтүстігінен беймәлім фирмалар ұтып алады. 15-20 млн теңге шамасындағы жоба үшін сонау Қызылордадан, Алматыдан мердігер техникасын артынып-тартынып, мамандарын айлап жұмыс істеуге әкелмейтіні анық. Содан өзіміздің өңірімізден қосалқы мердігер іздеп, әбігерге түседі. Мұның бәрі жұмыстың сапасына, уақытылы тапсырылуына кері әсерін тигізеді.

Жыл басында Сенат депутаттарымен кездесуде осы мәселені көтердім. Сонда Сенатор Ернұр Әйткенов бүгінде Президенттің тапсырмасымен Мәжілісте «Мемлекеттік тапсырыстар туралы» Заң қайта қаралып жатқанын айтты. Міне, осы құжатта бәрі ескерілсе дейміз. Бәлкім, құны 100-150 млн теңгеге дейінгі жобалар конкурсына тек жергілікті мердігерлердің қатысуына рұқсат беру керек шығар. Басқа да тетіктері қарастырылуы қажет. Сонымен қатар, мемлекет деңгейінде жобалаушылардың да жұмысы қатаң бақылауға алынса деймін. Әйтпесе, ауданы мен қуаттылығы бірдей бір нысанның құны екі ауылда екі түрлі жобаланып жатады. Тіпті, кейде айырмашылық бірнеше жүздеген миллион теңгеге жетеді.

Нұрлан НӘБИЕВ, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы:

– Бұл ұсыныс бұған дейін де Үкіметке айтылған. Мәселе ретінде көтеріліп жүр. Бірақ бұл қазіргі заңымызға қайшы. Себебі, белгілі бір адамдар ғана тендерге қол жеткізіп кетеді деген қауіп те бар. Бір қарағанда, бір мемлекет болған соң әркім қатысуға құқылы болғаны да жөн. Тек мердігерлер адал болса дейсің. Үкіметтің ақшасын ысырап қылмауға ұмтылса дейсің.

Жосықсыз мердігерлермен күресу үшін жан-жақтан қадағалауды күшейтуіміз керек. Депутаттар, облыстық, қалалық және аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, жалпы қоғам болып жұмылуымыз керек. Мәселен, қаламызда Назарбаев даңғылындағы жолды жылда жөндеп жатады. Келесі жылында сапасы жоғалып кететінін көріп жүрміз. Көктем шықса, көшелерде асфальттар тесіліп шыға келеді. Мердігерлер оны қыста асфальтқа кірген су қатып, көктемде тас жолды бұзып кетеді деп түсіндіреді. Мұндай асфальт әр елде төселеді. Бірақ біздікіндей бір жылға жетпей бұзылатынын естімейміз. Бәлкім, қолданылатын материалдар сапасына талапты күшейтуіміз керек болар. Мысалы, битумды алайық. Бұрын қолға тиген битум кетпейтін, қазір суша шайып тастауға болады. Ендеше оның құрамын, жасалу технологиясын қайта қараған дұрыс шығар. Әр кәсіпкер өз қалтасын емес, елін дамытуға ден қойған күні ғана оң өзгерістер орын алады.

 

Жанұзақ НӘБИ, Павлодар қаласының тұрғыны:

– Менің ойымша, бәрі – талап қоя білуде, бақылауда. Яғни, жобаны ұтып алған мердігердің жұмысты бастағанынан аяғына жеткізгенге дейін құзырлы органдар да, тапсырыс беруші де соңынан қалмай, әр кезеңін қадағалап отыруы қажет. Тұрғындар да бейжай қарамауы керек. Асфальт сапасыз төселіп жатыр ма, нысанның кірпішін қалауда қателік көрінді ме, дабыл қағуы тиіс. Құрылыстың аяқталғанын күтпей, басында, орта шенінде мердігерден кемшіліктерді жоюды талап ету керек.

Мерзімін кешіктірсе, сапасын ақсатса, салынатын айыппұл көлемі де айтарлықтай жоғары болуы тиіс. Сонда мемлекеттік тапсырысқа қатысқан адам қандай жауапкершілік мойнына алатынын түсінетін болады деп ойлаймын. Ал әр өңірдің мердігерлері өзінің аумағында ғана тапсырыс алып, жұмыс істесін десек, бұл жемқорлыққа әкелуі ықтимал. Яғни, жобаларды таныс-тамыр арқылы үлестіру белең алуы мүмкін.

 

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.