«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» демекші, қазіргі таңда елімізде қызылшамен қатар, қызамық ауруы (скарлатина) да тіркелуде. Тіпті, жуырда Батыс Қазақстан облысында қызамықпен ауырған қыз бала қайтыс болған еді. Бұл жағдай көпшілікті алаңдатып отырған жайы бар. Мұндай қайғылы оқиғаның қайталанбауы үшін ата-аналар нені білуі тиіс? Жалпы, балалар арасында тез таралатын жұқпалы індеттен сақтанудың қандай жолы бар? Ауру қаншалықты қауіпті? Осы және өзге де сұрақтарға облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев жауап береді.

— Батырбек Төлеубекұлы, Қазақстанда қызамық ауруының өршігені жайлы ақпарат таратылуда. Біздің аймақтағы ахуал қалай?

— Елімізде қызамық ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай әзірге тұрақты деп айтуға болады. Ал облыстағы жағдайға тоқталар болсақ, ағымдағы жылдың алғашқы 11 айында қызамықпен ауырған 250 жағдай тіркелді. Ауру жұқтырғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі 237 бала және 6 жасөспірім бар. Яғни, кәмелет жасына толмаған балалар көбірек зардап шегуде.

— Қызамық ауруы қаншалықты қауіпті және оны емдеу шаралары қалай жүргізіледі?

— Қызамық – өте жұқпалы ауру. Оны жұқтырып алған науқаста бас ауруы, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бадамша бездерінің қабынуы, терінің бөртуі сынды белгілер байқалады. Негізінен, бұл ауру «А» тобындағы стрептококк бактерияларының әсерінен пайда болады және ауа тамшылары арқылы таралады. Мысалы, сырқат адам жөтелгенде немесе түшкіргенде ауа арқылы беріледі. Сонымен қатар, жұқпалы індет қолды әбден жумағаннан және дұрыс тазаланбаған ыдыс-аяқ пен ойыншықтардан да жұғады. Сол себепті де балабақша мен мектепке баратын балалар жиі ауырып жатады. Қызамықты емдеу шарасы оның клиникалық көріністеріне, белгілеріне, ауырлығына байланысты жүргізіледі. Егер науқаста жоғары температура болса, төсек режимін сақтап, басқаларға жұқпауы үшін оқшаулау қажет. Сондай-ақ, ауырған адам көп мөлшерде сұйықтық ішіп, міндетті түрде 7 күн бойы бактерияға қарсы терапия курсын алуы тиіс.

— Жұқпалы індет балабақшаларда, мектептерде тіркелген жағдайда дезинфекциялық жұмыстар жүргізіле ме?

— Қызамық ауруы тіркелген ұжымда, яғни сыныптарда немесе балабақшадағы топтарда науқас оқшауланған сәттен бастап 7 күнтізбелік күнге карантин белгіленеді. Сондай-ақ, карантин аяқталғанға дейін үй-жайларды ағымдағы дезинфекциялау және желдету шаралары қолға алынуы тиіс. Бірақ қорытынды дезинфекция жұмыстары жүргізілмейді.

— Аурудың алдын алу үшін не істеу керек? Тұрғындарға қандай кеңес бересіз?

— Қазіргі уақытта қызамыққа қарсы екпе жоқ. Әлі әзірленбеген десем де болады. Сондықтан аурудың алдын алу үшін жеке гигиена ережелерін қатаң сақтау керек. Мәселен, балалардың қолдарын үнемі жуып отыру, ауыз қуысын да шайып, күту, ойыншықтарын таза ұстау, сондай-ақ, әр баланың жеке сүлгісі, тіс щеткасы болуы тиіс. Әркім өзінің жеке ыдысынан тамақ ішкені абзал. Осы қарапайым қағидаларды дұрыс ұстанған жағдайда ғана стрептококк инфекциясының таралу қаупін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік бар. Қандай жағдай болса да аурудың асқынып кетуіне жол бермеу керек. Міне, бұл айтылған ережелерді естен шығармай, тазалықты сақтай білген тұрғындар өзін де, өзгелерді де жұқпалы аурудан қорғай алады. Сондықтан «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде!» деген нақылды берік ұстанғанымыз жөн.

— Ақпаратыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.