Қазақ халқының ұрпақтарға ұлағат етер тереңде тұнып жатқан тарихы ұшан-теңіз! «Тарихты жасаушы бар, жазушы бар»  деген тарихшылар арасында ұлағатты сөз бар. Осы бір сөзге тоқтау жасап ой жүгіртсеңіз, тарихтың бір беті  өз тұсында жасап өткен жиһанкез ғұламалар хатында қалса, екінші бір беті ата-бабадан жалғасын тапқан, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттың асылын арқалап, аңыз-әңгімелерді арқау тұтып, қазақтың шерлі шежіресін алға тартуымен бүгінгі күнге жеткеніне шүкір етеміз!

Ғалымның хаты өлмейді

Тарихтың арғы – бергісіне үңіле қарасаңыз, қазақ жұртының тағдыры талауға түскен сол бір қан төккен қилы замандардан бері, елім деп еңіреген, туып – өскен жерім деп «мың өліп, мың  тірілген» қазақ  халқының басынан не өтпеді?!

Ресей империясының отарлау саясатының жойқын толқыны, баса-көктеп қарқын алған кезеңі Алашорда үкіметінің құрылуымен тұспа–тұс келген еді. Халқымыздың тарихта тағы бір тығырыққа тірелген уақытында ұлттық мүддені қорғау мақсатында ғұмырлары өте қысқа болған Алаш арыстарының Қазақ елінің қазіргі аумағын белгілеу және сақтап қалуда айтарлықтай оң нәтижеге қол жеткізгендерін білеміз. Ұлт қаймағы болған, кешегі Алаштың көзін көрген, солардың салған сара жолдарынан адаспай жүріп, тәлім–тәрбиесі  мен ақыл–кеңестерінен молынан сусындаған, ұлт  мақтанышы – академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан.

Қазақтың энциклопедист ғалымы, тарихшы, археолог, этнограф, әдебиетші, шығыстанушы, ұлттық археология мектебінің негізін қалаушысы,   Бүкілодақтық география қоғамының толық мүшесі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, академик Әлкей Хақанұлы Марғұланның  дүние есігін ашқанына 120 жыл толып отыр.

Ғалымның ғылым атты киелі де күрделі іске бел шеше кірісуі, уақыт деген қымбат дүниені мейлінше молынан пайдалану жолында өзі соңында қыруар ғылыми еңбектер қалдыруы дер едік. Қазақ халқының көне және ортағасырлық тарихын, әдет-ғұрпын, тұрмысы мен қолөнерін, ауыз әдебиетінің поэзиялық жанрын, ежелгі сәулет өнерімен бірге музыкасын зерттеуге сарп етті. Археолог–ғалым ретінде айқара ашқан Беғазы-Дәндібай, Саңғуыр, Беласар, т.б. ғылыми мәні зор ертедегі темір және қола дәуірлеріндегі археологиялық ескерткіштерінің тарихи-әлеуметтік мән-маңызын айшықтап берген болатын.

Қазақтың ұлан-ғайыр даласын қыр арқасы десек, көз алдыңа жарыса созылған «Абылай аспас Арқаның сары-ай белі» менмұндалайды. Базбіреулер ұшы–қиыры жоқ осынау кең атырапты, қаңбақ тоқтамас елсіз, сусыз жапан далаға ұқсатып бағады. Ақыр-аяғы Арқаның жеріне табаны тиген кез келген  пенденің, мүлдем басқа дүниеге тап болатынына еріксіз иланасың!

Киелі даланың өз алдына көз тартар сұлулығы мен тәкаппарлығы үйлесім тапқаны қашан! Сіз іздеген көк майса шөбімен, сыңғырлап аққан бұлағы, гүрілдеген өзені, жайқалып  өскен орманы мен тоғайы, айдын көлдері мен биік тауларына кезігесіз. Сары дала төрінде менменсіне аққан ұзын Қара Ертістің жөңкілуін табиғат Ананың сыйға тартқанына амал жоқ басыңды иесің!

Ендеше, «Ұшқан құстың қанаты талатын, шапқан аттың тұяғы тозатын» Ұлы Дала төскейіндегі Сарыарқа қазақтың қастерлі даласының бағыт көрсетер бір елі алда тұратын қой бастайтын серкесі іспеттес. Күй атасы Құрманғазы бабамыздың Сарыарқа даласына ат басын алғаш тірегенде атақты Сарыарқа күйін қалай шығарғаны жайында академик Ә.Х.Марғұлан өз еңбегінде өте керемет жазады:

«…Жайық бойындағы асқан сері, атақты күйші Құрманғазы Сағырбайұлы (1806-1886 жж.). Оның асқан серілігін, атақты күйші екенін жазған журналист И.Савичев ел-елді аралап жүріп, Құрманғазыны И.Ф.Бородиннің үйінен кездестіреді. И.Савичев Құрманғазының қияпатын келістіре жазып, оны суретке түсіріп алады. Жас кезінде саясат жүзінен көп қиыншылыққа ұшырап, елінен қуылған Құрманғазы Жайық бойын артта қалдырып, созылып жатқан кең сахара Сарыарқаға келеді. Арқасына киіз қапқа домбырасын салып жүре-жүре таңқаларлық көркем жерлерге кездеседі. Алдынан алыстан көгеріп тұрған биік таулар, үзіксіз ағып жатқан мөлдір сулар, жайқалып жел үрлеген түрлі шөптер, биікке ұмсынған қия тастар, бұлардың барлығы Құрманғазының шабытын көтеріп, әдемі елестер туғызады. Көгерген майса шөпке сондай қызығып, бір судың басында тоқтап, атының ауыздығын алып, «жануарым, бір кенелші», – деп қоя береді. Өзі домбырасын алып, бір жылтыр тастың үстіне отырып, Сарыарқаның сәулетіне қарап бір таңданады. Оның көгерген көп таулары, жайлап соққан қоңыр желі, көсіліп жатқан айдың даласы оған бір қуаныш бергендей домбыраны бірнеше рет шертіп-шертіп, сол арада отырып Сарыарқа күйін шығарады…».

 

Тектілігі – тереңде

Қасиет пен бақ дарыған осы бір сары жонда, тақиядай аумаққа ие, өз алдына сұлулықтың патшасына баланатын Баянаула еліне табан тірейсіз. Баянаула  сөзі аузыңызға түскенде ең алдымен сол өңірді сыртқы жаулардан қорғаған батыр бабаларымызбен бірге би-шешендеріміз, әулие–әмбиелеріміз, ғұлама ғалымдарымыз бен ақын-жазушылырымыз, өнер тарландары көз алдыңа келеді. Осы бір ұлы шоғырдың басында, әлбетте үш жүзге аты мәлім, кемеңгер, ақылгөй, ұлы жырау Абылай ханға:

«Сенен бұрын жеті ханды жебеледім. Кешегі Еңсегей бойлы ер Есім ханға да жолдас болдым. Сен оның бір түстігіне де жарамайсың!» – дейтұғын «Көмекей әулие» атанған Бұқар жырау Қалқаманұлы тұр.

Қазақ тарихындағы ең бір құнды мұраларымыздың бірі сонау ықылым заманнан бері ауыз әдебиетінің шырқау биікке көтерілген тұсында қазақтың игі жақсылары мен құймақұлақ көнекөз қарияларының арқасында ауыздан-ауызға бүгінгі ұрпаққа жеткен асыл гауһарымыз – шежіре. Шежірені алғаш қағаз бетіне түсірген де ғұлама-философ, әулие, ақын М.Ж.Көпейұлы болатын.

Халқымызда «Тектен нәр алған тозбайды» деген бір жақсы сөз бар. Ғұлама ғалымның шежіресіне үңілетін болсаңыз, төртінші атасында атақты Ер Олжабаймен туысатынына куә боласыз. Он сан Орта жүзге ұран болған, Абылай ханның өзі көзсіз ерлігіне тәнті болып, «Олжабай есен болса, ел аман» дейтін теңеуі батырға көрсеткен зор құрметі болса керек. Баянаула жерін жаудан қорғап қана қоймай, ата жауымыз болған қалмақтың жойылып кетуіне де соңғы нүктесін қойған батыр бабамыз Ер Олжабай еді. Оған дәлел іргемізде тұрған «Қалмаққырған» тауы. Ары қарай тереңдесек, жетінші атасында Құлболдыұлы Айдаболмен жетіп жығылады. Айдабол 13 жасында Ташкент төрінде би атанса керек. Міне, осыдан кейін-ақ ойлана беріңіз, Әлкей атамыздың тектілігінің қайда жатқанын?!

Әлкей Хақанұлының тумысынан әдебиет саласына қалам тартып, бар ынтасы мен рухани күшін жұмсай отыра айтулы дүниелер қалдырғаны белгілі. Жарты ғасыр уақыт аралығында  ұлт тарихын, этнографиясын, ауыз әдебиетімен қоса тұрмыс-салт жырларын, бір арнаға тоғыстыру аясында үлкен еңбектің қажет болғандығын, ғұламаның өзі жүріп өткен және сол жолда жиған бай қазынасы деуге болады. Төмендегі ғұламаның өз қаламынан туған өлеңге назар аударсақ:

«Тау-тасы Сарыарқаның сырға толған,

Ән  менен толқынды жыр, күйге толған.

Суреті ғасырлардың тасқа түсіп,

Сұлуы шежіре мен жырға толған.»

Әлкей Хақанұлының шексіз даланы сүйгендігі сол, бабалардан қалған тарихи жәдігерлерге шүйлігіп, ғылыми тұрғыдан тіл бітіріп, тірілткен   бірден-бір жасампаз тұлға. Дала мәдениетінің өз алдына қалдырған небір сырлары мен жауһарын моншақтай тізбектеп жинауда, тіпті Орталық Қазақстан, қасиетті Баянаула, Ұлытау, Жезді өңірлерін сүзіп өтіп, жолындағы кездескен балбал тастар мен тасқа жазылған таңбаларға жан бітірсе керек-ті. Академиктің тірнектеп жинаған ғылыми бай мұралары, пайымдаған құпия сырлары, бүгінгі ұрпаққа қалдырған түпсіз терең сарқылмайтын бұлақ десек те болады. Саралайтын болсаңыз: «Шоқан және Манас», «Едіге, Орақ, Мамай», «Қазақы эпосты тудырған тарихи негіздер», «Сарыарқа петроглифтері. Бөрі тотемі бейнеленген жартас гравюралар», «Ұлытау төңірегіндегі тас мүсіндер», «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» сынды көлемді еңбектерін атаймыз. Шоқтығы биік Шоқан Уәлихановтың бес томдық еңбегінің шығуына бар күшін сарп етті. Сонымен бірге 1966 жылы Ә.Х.Марғұланның басшылығы-
мен жарық көрген «Орталық Қазақстанның көне мәдениеті» атты монографиясы үшін Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Қазақ КСР FA-ның сыйлығына ие болды. Осы еңбекке қалам тартқан бір топ белгілі археологтар К.Ақышев, М.Қадырбаев, А.Оразбаевтардың да үлесі мол еді. Бұл еңбекті біртуар ғалым, академик Қ.И.Сәтбаевтың рухына арнаған болатын. Дәстүрлі Шығыстану ғылымының қыры мен сырын, бір ортаға түйіскен күрмеуге келмейтін сан-салалы өнер мен білімнің, тетігін шешуі және тереңдей білуіне өзі оқыған  бүгінгі таңдағы Санкт-Петербург қаласы дер едік. Бұл қаланың өз алдына сәні мен салтанаты жарасқан, мәдени ескерткіштерімен  қоса архитектурасының көзтартар сұлулығында еді. Алайда, болашақ ғалымның беріле де қызыға зерттеген салаларының бірі сәулет өнері (архитектура). Содан болар, жасаң студенттің сұлу қаладан керемет қасиеттерді бойына сіңіруі, ғылымның кез-келген саласына талғам жасамай, тереңнен бойлауы, сірә  қарымдылығында шығар деген түйінге тоқтайсыз.

Бағзы замандардағы ру, тайпалардың тарихы мен мәдениеті былай тұрсын, тіл құдіреттілгін, әдебиет байлығын зерттеуде алдына қара салмаған ғалымдардың бірі. Ғалым болып қалыптасу кезеңінде тырнақ алды ғылыми еңбектері адай мен наймандардың тарихы, тұрмысы туралы жария қылған жазбалары. Отыз жыдан астам уақыт шеңберінде Ұлы Даланың тылсым сырлары мен құпия кілтін ашуда сіңірген еңбектері ересен деуге болады.

Халқының өткен тарихын жан-тәнімен сүйіп өткендігі, көне қисса-дастандарды бала жастан жаттап, жадында мықтап сақтауының сыры, өзі туып-өскен Баянауыл атырабындағы ХV-XIX ғасырға тұспа-тұс келетін аңыз әңгімелерді терең білетін шежіре ойлы қариялардың өз аузынан естігені және бар. Ғұламаның кіндік қаны тамған Сарыарқа топырағы талай тарландарды дүниеге әкелсе, мәдениет пен өнердің ту тіккен ордасына айналған тұста, сол ортадан шыққан дауылпаз әнші-күйшілердің, көзін көріп тікелей ықпалында болғандығын ақиқатқа теңейсің. Демек, болашақ академиктің жасөспірім кезеңіндегі алғашқы мектепке аяқ басуы, өзі өскен даланың данышпан қарттарымен сырласуы ма дерсің!

Осы орайда белгілі тарихшы, академик Манаш Қозыбаев өзінің ұстазы жайында былай деп тебіренеді: «…Қара Ертістің бойын жағалай, Орталық Қазақстанға қарай ойысар жарыса созылған даланы еске алыңыздаршы. Қалмаққырғаннан шыға бере Қызылтаудың өңірінде Жүсіпбек Аймауытов дүниеге келді. Баянауыл тауының қос өңірінде таяқ тастам жерде Аймановтардың елі, Марғұлан ауылы, Сәтбай ауылы, Сұлтанмахмұт ауылы, Шорман ауылы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев ауылы, осы өңірдің Далба тауына жалғасқан жерінде Бұқар баба елі, одан әрі Қарқаралы арқылы Қасым Аманжоловтың еліне жалғасады. Ендеше Әлкей ағамыз өмірге келген сол бір дархан дала – ұлы шоғырлардың дәстүрлі елі, кезінде Абылай бастаған ұлы батыр бабаларымыз ту көтеріп дабыл қақса, Бұқар бастаған даналар исі қазақ елінің рухын шыңдаған даналар өңірі. Басқаша айтқанда, бұл – тұнық бұлағы бар, жайқалған құрағы бар, атамекен тұрағы бар, жанған шырағы бар өңір еді. Осы бір өңірде туған ұлылардың есімін атауға бір күн уақыт керек болар еді. Он мың жанға туған ұлылардың үлесін санаса, осы бір өңір барша әлемдік рекордты жасады десек, ешбір қателеспеген болар едік. Әлекеңнің ортасы – осы ұлылар өңірі…».

 

Беғазы-Дәндібай мәдениетін танытты

Қазақ фольклорын зерттеуде айтулы еңбектің мол қырына бойласа,   XVIII ғасырдың үлесіне жататын батырлар жырын басты тақырыпқа меншіктеуі еді. Археология ғылымының тұрғысынан Орталық Қазақстанның ежелгі мәдениетін зерттеуге бел байлағандығын аңғару еш қиындық туғызбайды. Ғұламаның көрегендігі Орталық Қазақстан – Сарыарқа  даласындағы сонау қола дәуіріне жататын, мол мұралардың жиі ұшырасатынын, ғажайыпқа толы көне ескерткіштерді түбегейлі зерттеп, ғылыми тұрғыдан оң бағасын беруіне жол ашты. Байырғы сақтардың тұрмысы мен мәдениетіне арқау болған андрон мәдениетінің қалыптасу дәуіріндегі кезеңдерді де шындық тұрғысында талдай білді. Әлкей Хақанұлының ең бір айтулы сүбелі еңбегі – Беғазы–Дәндібай  мәдениетін паш етуі. Сол тұстағы тайпалардың өмір сүру кезеңдеріндегі мал өсіру, металл балқыту, саз-балшықтардан құмыралар жасау өнеріне айрықша мән бергендігін ғылыми еңбектерінен аңғарамыз. Ғалымның пайымдауынша, қола дәуірінің ең кемелденген кезінде кен өндіру, егін егу, шымнан, тастан, бөренеден үй тұрғызу ісінің алға басқанын тілге тиек етеді.

Ә.Х.Марғұланның Атырау облысына қарасты, Жайық жағалауындағы көне Сарайшық қалашығын зерттеуі – өз алдына бір төбе. Академиктің Сарайшыққа алғаш табан тіреген кезеңі 1950 жылдарға сайып келеді. Араға бір жыл салып, ғұлама ғалым қазба қорытындысын Қазақ Ғылым академиясының археология секциясында бір топ ғалымдардың алдында өз есебін береді.

Ғұлама ғалым ежелгі қаланы қазу барысында даму сатысын үш кезеңге бөлсе керек: 1.Моңғолға дейінгі (ХI-ХIII ғғ.), 2.Алтын Орда заманы (ХIII-ХIV ғғ.), 3. Қазақ-Ноғай заманы (ХV-ХVI ғғ.). Ғалым осы арқылы Сарайшықтың бай тарихын айшықтай отырып, Азия-Шығыс Еуропа аралығында аса маңызды керуен орталығы болғанын дәлелдеген. Секция төрағасы профессор М.М.Дьяконов: «Марғұлан баяндамасы өте қызықты. Сарайшықтағы 1950 жылғы зерттеу жұмыстары үлкен болмаса да, кейінгі жылдары қазба жұмыстары үлкен аумақты қамтуы қажет» деп бір түйінге келсе керек. Алайда, Сарайшықты алғаш саралап, қазба жұмыстарын сонау өткен ғасырдың отызыншы жылдары қолтаңбасын тигізген Н.К.Арзютовтың экспедициясы ғалымды қатты қызықтырған. Н.К.Арзютовтың еңбектерімен терең түрде таныса отырып, қаланың пайда болуымен қалыптасуын және қазба жұмыстары кезінде табылған құнды жәдігерлерге сүйене отырып зерттеу керектігін алға тартады.

Жазушы, ғалым Шот-Аман Уәлихан ғалым жайында:

«…Ұлы адамдар күнде туа бермесе керек. Социологтар айтқандай, ел тағдырын қара табан тобыр (люмпен-пролетар) шешпейді. Халықты, қоғамды алға бастайтын – ойдың, ақылдың адамдары… Жақында жапонның «Сони» фирмасының іргетасын қалаушылардың бірі Акио Морита  мырзаның кітабын оқып шықтым: «1945 жылы Хиросимо мен Нагасакиде екі атом бомбасы жарылғанда еліміздің соғыста жеңілгенін, халқымыздың тағдырына үлкен қауіп төнгенін түсіндік. Бізге ең бірінші келген ой қайткенде де ұлтымыздың ең талантты адамдарын сақтап қалу болды». Бүгінгі өсіп-өркендеп отырған Жапонияны көргенде бұл ойдың ақиқаттығына көз жеткендей. Ал біз болсақ, жақсылығымызды сақтай алмадық Әлкей Хақанұлы, Мұхтар Омарханұлы, Қаныш Имантайұлы – сұрапыл өрттен біздің бақытымызға кездейсоқ аман қалған даналар…».

1977 жылы Қазақ Ғылым Академиясының бастамасымен жарық көрген, Қазақ Совет Энциклопедиясының 10-томында Сәтбай әулетінен шыққан белгілі тарихи тұлғалардың қысқаша өмірбаяндары берілген. Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, ағартушы-ұстаз Әбікей Сәтбаев туралы осы еңбектен табасыз. Алайда, Әлкей Хақанұлының ерлікке балайтын жасампаздығы, сол тұста Алаш арыстарын жазу былай тұрсын, айтуға тыйым салған қиын уақытта, өзінің ұлы ұстазын жариялауы еді. Ә.Х.Марғұлан       12-томнан тұратын еңбектің редакция алқасының тобына кірген болатын.

Академикті былайғы жұрт Қазақстандағы археология мектебінің негізін қалаған деген атпен таниды. Алайда, тікелей мамандығы тіл, әдебиет саласында 1945 жылы «Қазақ халқының эпикалық жырлары» деген атпен филология ғылымының докторы атанғанын білеміз. Осы тұста археология ғылымына қалай келді? деген сұрақ туындауы заңды да! Ленинград қаласында білімге бой ұрған сонау 37-нің қуғын-сүргінінде ғалым тұтқындалып, түрме азабын тартады. Кейін, аман-есен босап шыққан соң, қазақ ғылымын дамыту жолында жүрген, тұңғыш академик Қаныш Сәтбаев ғалымды Алматыға алдырады. Қаныш ағамыздың ақыл-кеңесімен Әлкей Хақанұлының өмірі мен ғылым жолындағы айтулы өзгеріске ұшырауы тап осы кезең еді.

Академик Қаныш Сәтбаевтың ең бір жақсы көрген ізбасар шәкірттерінің бірі – Әлкей Хақанұлы. Тек жерлесі, туысы болғандықтан емес, шынайы ғалымдығына сүйсініп жақсы көрген деседі. Қанағаң кейінде айтып отырады екен: «Әбікен Бектұров, Әлкей Марғұлан, Шапық Шөкин – бұлар менің ғылым жолындағы тұлпарларым» – десе керек.

Ғұлама ғалым өзінің «Қазақтың сал-серілік дәстүрі» деген еңбегінде Тәттімбет, Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұсаларға тоқталып, ғылыми тұрғыдан қызықты да қомақты түрде сипаттама береді:

«Өмірі сұлулыққа бөленіп, Көкшенің мұнартқан тауларында, орманды сайларында, мөлдіреген әдемі көлдерінде ерке өскен Арқаның асқақ әншісі Ақанды халық еркелетіп «сері» деп кеткен. Оның өмірі шын мағынасында сұлу ертегідей адам ойын өзіне еріксіз тартатын, шытырман, ғажайып өмір болған. Оның шығарған сөзі қандай сұлу болса, өмірі де сондай сұлу, қызық еді… 1843 жылы Қоскөлде Ақан сері туып, шын атын Ақжігіт деп қояды. Түсі ақшыл, ұзын бойлы сұлу кісі болған. Он үш жасқа дейін сегіз жылдай ауылдағы мектепте Күнтеу деген молдадан оқып, жеті-сегіз жылдан кейін араб, парсы, шағатай әдебиетіне қызыға қарап, ол туралы өзін оқытып жүрген молдамен бақасқа түседі… Ер жете келе білім, поэзия саласына өте үңіле қарайды, ол туралы Мәшһүр Жүсіп, Қасен молда сияқты әдебиетте хабары бар ғұлама кісілермен ой таластырады. Дегенмен, Шағатай, парсы әдебиетіне қанша қызықса да, Ақан сері оның ғұламасы болудан гөрі, ойы, жан күйі сахараның сұлу әніне, домбыраның толқынды үніне ойыса береді…».

Академиктің шынайы беріле жасаған жанқиярлық еңбегі – ол сонау бүгінгі Санкт-Петербург қаласындағы архив құжаттарын тереңнен қопарып бүгінгі ұрпаққа қалдыруы. Бұл пікіріме бір ғана дәлел – Арқаның ардагері Ақан серінің архивтен фотосуретін тапқандығы. Тіпті, жеті-сегіз жас шамасында ауыл мектебінде оқып жүргенде Әлкей атамыз Ақан серіні көрсе керек. Ол жайында ғұлама былай деп жазады: «Өте кішкене күнімде (1912 жыл), ауыл мектебінде оқып жүргенде, Ақан сері Науан хазіретпен бірге ел аралап келгені, оның сарғылт жирен кісі екені еміс-еміс есте қалған сияқты, бірақ сипат елесі анық емес» – десе керек.

Бүгінде Ұлы Ертістің бойынан орын тепкен, болашаққа айтулы ұстаз мамандарын түлетіп, ұшырып отырған, 62 жылдық тарихы бар педагогикалық университетіміз, ұлт мақтанышы, академик Ә.Х.Марғұлан атын алғалы да бірер жылдың шамасы болды. Бұл – қазіргі таңда Сарыарқа даласы, қала берді Ертіс – Баян өңірі үшін аса қуантарлық жайт!

Ұлы  Дала кеңістігі ғұламаның ақылына күш беретін, тұғырда отырған қыран құстай босап шығып, еркіне салсаң қанатын кеңге жайып, көкке көтерілген сайын ғылым атты киелі күшті ақыл-парасатымен, жасампаздығымен тұла бойына бағындырып мойындатқан, бірден-бір көрнекті тарихи тұлға, ұлт мақтанышына айналған, Алаштың асыл сынығы, академик Әлкей Хақанұлы Марғұланның аты тарих көгінде қалықтай беретіні сөзсіз.

 

Болатбек МҰЗАФАР, Марғұлан университетінің  ғылыми-зерттеу институты қызметкері.