Қалижан Бекқожин — қазақ поэзиясында өзіндік дара жол қалыптастырған ерекше тұлға. Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ұлы Отан соғысының ардагері. Көрнекті ақынның өлеңдері мен поэмалары қазыналы қазақ әдебиетінің қорын байытты.

Қалижан Бекқожин 1913 жылы 15 желтоқсанда қазіргі Баянауылдың әулиелі Қызылтау өңірінде дүниеге келген (азан шақырып қойған шын аты Қали–Мұхаммед). Әкесі Нұрғожа Троицк қаласындағы Зейнолла ишанның медресесін үздік бітірген. Мәшһүр Жүсіппен, Ақан серімен, Исамен айтысқан, кейбір болыстарды шенеп сын айтқан ақын болған адам. 1932 жылы Сәкен Сейфуллин Ақан серінің өлеңдерін басып шығарған. Сол жинақта Ақан сері мен Сүйіндік Нұрғожаның айтысы келтірілген. Бала кезінде жалдамалы молдадан арабша хат таныған Қалижан қисса-жырларды көп оқып, әдебиетке ерте құмартады. 1924 жылы дін оқуынан кеңес мектебіне ауысқан. 1929 жылы комсомол қатарына өтеді. 1930 жылдың басында Ертіс бойындағы Ақсу ауылында мұғалім болып істеген. 19 жасында аудандық «Колхоз» газетінде Халықаралық әйелдер күніне арналған тырнақалды өлеңі басылып шықты. Кейін осы газеттің жауапты хатшысы қызметіне жұмысқа шақырылады. 1934 жылы мамыр айында Алматыға Қазақстан жазушыларының І съезіне Павлодардан делегат болып барған. Сол кезде оған Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтің сөйлеген сөздері қатты әсер етті. Сәкен Сейфуллиннің кеңесімен сол жылы Қалижан Абай атындағы ҚазПИ-ге оқуға түсіп, ол жерде оқу озаты ретінде А.Пушкин атындағы арнайы шәкіртақы алып тұрған. Институтта лекция оқыған Сәбит Мұқановты өзінің ұстазы деп санаған.   4-курста оқып жүріп Қазақстан Орталық Комитетінің комсомол баспасында бас редактор, кейіннен директор болып қызмет атқарған. Қалижан Нұрғожаұлы 1938-1939 жылдары  «Партизан Балтабай» («Кек»), «Орман қызы», «Ақсақ құлан» атты үш дастан жазған. «Орман қызы» шығармасы Қазақстан Орталық комсомол комитеті жариялаған бәйгеде жүлде алған. Тарихи тақырыпқа жазылған «Ақсақ құлан» атты поэмасында (1938) күй өнерінің құдіретін, 13-ғасырдағы қазақ халқының ерлік күресін суреттесе, «Батыр Науан» поэмасы (1940) қазақтардың Ресей отаршылдығына қарсы қаһармандық күресінің көркем шежіресі ретінде танылған шығарма. Тоталитарлық жүйенің кезінде осы поэмасы үшін Бекқожин жазықсыз қудалауға ұшырады. Соғыс жылдары «Александр Невский» (1941), «Жиырма сегіз» (1942), атты патриоттық дастандарды дүниеге әкелді. Ал Жеңіске қол жеткен соң тудырған көптеген лирикалық жинақтарында сол тұстағы Қазақстанның әлеуметтік өзгерістерін, замандастарын жырласа, «Мәриям Жәгорқызы» поэмасында екі жастың шынайы махаббатын бейнеледі. Сталинге табынған кездегі елдегі қиын өмірді суреттеген «Тұрлаулы тағдыр» поэмасы (1957, 1962) қазақ әдебиетіндегі елеулі құбылыс болды. Шын ақын – өз халқының адал да төл перзенті, абзал азаматы. Өйткені оның бүкіл тұлға-бітімі, жан дүниесі, арман-мақсаты, қайғы-қуанышы – бәрі-бәрі өзінің туған халқымен етене бірігіп, біте қайнасып, табиғи тұтасып кетуге тиіс. Сондықтан да ақын тек қана халықтың тіршілігімен тыныс-тайды, оның жүрегі үнемі халық деп соғады. Олай болса, оның шығармашылық әлемінен тек халықтың мұң-мүддесін жырлау ғана орын алуы ауадай қажет. Халық тарихын жырлағанда да ақын – оның өмірінен түбегейлі орын алған асулы-белесті оқиғаларды ғана таңдап алып, өз шығармасына арқау, өзек етіп отырады. Қалижан Бекқожиннің шығармаларынан да негізінен өз халқының тарихындағы ұлы белесті оқиғалардың бейнеленгенін білеміз. «Батыр Науан» – азамат ақынның жүрегін жарып шыққан, шын тебіреніске толы, жігерлі, шабытты туынды. Ол отаршылыққа қарсы қаһармандықтың көркем шежіресі іспетті. Поэмада патша отаршыларының жер қайысқан қарулы солдатпен келіп, бейбіт қазақ ауылын  қанды қырғынға ұшыратуы жан тебірентерлік жыр жолдарымен суреттелген. Қазақ халқының қас дұшпанына қарсы ерлік күрестің шынайы шежіресіндей болып шыққан «Батыр Науан» — қазақтың эпикалық поэзиясының тарихындағы аса көрнекті шығарма. Осы поэмасы үшін  Қ.Бекқожиннің өзі де жазықсыз қудаланды. Көп жылдар бойы үстемдік құрған тоталитарлық режимнің күйреуінен кейін, халықтық демократияның елімізде салтанат құрған жаңа жарқын дәуірінде ғана «Батыр Науан» поэмасы өзінің әділ бағасына ие болды. Поэма «Жұлдыз» журналының 1990 жылғы 12-санында жарияланып, қалың оқырманның рухани игілігіне айналды. Ал заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов Мәлік Ғабдуллинге жазған жауап хатында: «Қазақ поэзия-сында соңғы кезде жарық көрген Қалижан Бекқожиннің «Мәриям Жагорқызын» ең үздік табысымыз деп айтар едім» десе, Сәбит Мұқанов: «Меніңше, «Ақсақ құлан», «Мәриям Жагорқызы», «Сұңқар туралы аңыз» дастандары — Қалижанның ақындық өнерінің биік шыңдары, поэзиямыздың алтын қазынасына қосылатын асыл туындылар» – деп бағалады. Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев: «Қалижан Бекқожин талантының қыры көп. Ол – лирик, ол – эпик, ол – сыншы, әдебиетші. Ол – ән өлеңдері мен оқулықтардың авторы, шебер аудармашы және драматург» деп баға берген.

 

Ботакөз САҒЫМБЕК,

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшы орынбасарының міндетін атқарушы.