Құлболды тақсыр бабам әулие өткен,

Айдабол, Күлік, Тұлпар содан біткен.

Үшеуі Мақпал деген бәйбішеден,

Солардан заманында төре келген!

Мәшһүр Жүсіп Көпеев.

Құлболды Шуманақұлы 1540 жылы дүниеге келіп, 1630 жылы қайтыс болған. Немесе XVI ғасырдың екінші жартысы мен XVII ғасырдың алғашқы ширегінде ғұмыр кешкен тарихи тұлға. Би, батыр, мемлекет қайраткері, қасиет иесі, 1580-1600 жылдары Сібір жаулаушыларының қазақ жеріне өтуіне тосқауыл болып, жатжұрттықтарға қарсы шайқастарға қатысқан. Құлболды бабамыз «Менің Құтым, қасиетім ортамда қалады» — дейді екен.

Шетке шыққан үрім-бұтағым онша мықты болмаса керек. Әншейін менің атымды абырой қылып күнкөріс жасап жүрер. Өз ортамда жүрсе, құтым соған қонар депті. Құлболды бабамыз — Хақназар, Шығай, Тәуекел, Есім хандарды көрген, солардың тұстасы болған адам. Құлболды бабамыздың бойына ғайыптың жеті кереметі дарыған (алмажай, доғал, кура). Ғарәптерге ем қылатын қасиеті де бар екен. Құлболды бабамыздың бұл қасиеттері Айдабол биге дарыған деседі. Құлболды бабамыз Ертістің арғы бетіне биелерін құлындатып, өріс бетіне асасын қадап «Аузы түкті кәпірлердің осыдан асқанын көрейін!» — депті. Содан орыстың келе жатқан жасағы көз көрмейтін тұманға ұрынып, өз адамдарына соғыс салып, өлгендері өліп, адасқандары адасып, аман қалғандары кейін қашыпты! Бабамыздың биелері құлындайтын бұл жер содан осы күнге дейін «Құлынды», деп аталады. Құлболды бабамыз ажал жастығына басын қойғанда Айдаболды шақыртып, «Балам, тіршілікте менің қасиетіме біреу сенді, біреу сенбеді. Мені, дүниеден өткеннен кейін ақ жауып, арулап жер қойнына берерсіңдер. Содан жұрт тарағанда сен кетпе. Қабырымды қайтадан ашып қара, көзің сонда жетер», — деп өсиет қалдырыпты. Құлболды бабамызды қалың елі күңіреніп ақырғы сапарға шығарып салғаннан кейін Айдабол бабамыздың есіне әкесі айтқан өсиеті түседі. — Япыр-ау, әкем маған сүй деп еді ғой, байқайыншы, —
деп күректі ала салып, қабірді ашып қараса, мәйіт жоқ! Құлболдыдан Айдабол, Күлік, Тұлпар, Ақбура, Майлытон, Шегір тарайды. Айдабол бабамыз 13 жасында би болған, батыр болған. Құлболдының бәйбішесінің аты Мақпал дедік. Ол заманда Арғын Сырдарияның күнбатысында жүреді екен. Арғын дариядан өтіп, Қаратау жайлайды деген сөз естіле бастаған соң, қарақалпақ — арғын бұл жаққа келсе, таң атырып, күн шығармайды. Өткелден өткізбейміз деп, өткел аузын алып тұра қалды дейді. Сыр суында аяқтап өтетұғын өткел болмайды. Сонда Мақпал анамыздың астында торы жорға аты бар екен. Нар жетелеп судан өтерде қара шұбар манат белдемшесінің етегін жинап алды да, іркілместен аты да үйректей қайқаңдап, жүк-мүгімен нарлары да шегініп тұрып қалмай, байпаңдап өте шықты дейді. Өткізбейміз деп тұрғандар ләм-мим дей алмады. Пай-пай бәйбішенің бөксесіне болайын, — десіпті.

Сонда Мақпал бәйбіше:

— Күлерсің, күлерсің,

Күндердің күнінде

Езуіңді жия алмай жүрерсің,

Бұл бөксе қай бөксе,

Айдабол шыққан бөксе

Артың болса Айдаболдай ұл тап, — деп жүре берген екен.

Күлік — қырғызша жүйрік деген сөз.

Қыс шілдеде

Жілік жүгіреді.

Жаз шілдеде

Күлік жүгіреді, — депті Мәшекең.

Өзінен жүйрік туа беретұғын ел.

Күліктің бәйбішесінен — Тілеуімбет, Наурыз, Дәулет, Өтепберді, Данияр, Сексен;

Өтепбердіден — Ақыл, Қошқар.

Өтепбердіні бір жан білмейді. Ақыл, Сексен атанған. Ақылдың Қойгелді деген баласы Самыраттың асында үш жүзден балуандығын асырған, Бұхара балуаны атанған қоңыраулы балуанды да жығып, бәйге алған. Самырат Бұхарды билеген Данияр биден туған Мінайдар ханның баласы екен. Қойгелді балуан жалғыз барып, қалмақтан бір еркек бала алып қашып келіп, атқа отырысы дулығадай болған соң, атын Дулыға қойып, асырап алып, бала қылған. Осы күні әулиелі Қызылтауда «Дулығатас» деген тас бар. Сол Дулығадан осы күні үрім-бұтақ жұрағат бар. Дулыға балалары —
Тоқанай, Тоқай;

Тоқайдан — Тақашбай, одан — Қуанбай.

Қуанбайға үш жүз қой бітіпті, одан он екі мыңға дейін жеткен деседі.

Қуаннан — Ордабай, Дандабай, Молдабай, Ноғай.

Дандабайдан — Торғауыт, Аймауыт, одан — Жүсіпбек.

Шобалай батыр жайында Мәшекең былай деп жазады. Бұл Күлікте аузы дуалы, айтқанын Алла қабыл қылатын Шобалай батырдан асқан біреуі де жоқ. Шобалай батырдан туған Жаңабатыр — би болған кісі. Оны ел Жәңке батыр деп атаған. Өзі қартайғанша ешкімнен ақыл сұрамаған. Онан доғал оқты Жанақ әулие ел іздеп барып, жолын табатын адам болған. Дұғасы қабыл болған — Өтеміс абыз, Қошқар абыз, Бажықай бақсы. Ақыл, Сексеннен шыққан Көтеш ақын, Амалдық сопы мен құт дарыған Қуанбайлар, Ақай, Әлдебек, Әкімбектер — сол Шобалай әулиенің батасы тигендер. Күлік — Ақыл, Сексеннен шыққан Төлебай диуананың екі перісі болыпты, оны Абылан, Қабылан деп шақырады екен.

Арғы атамды сұрасаң,

Айдабол, Күлік деседі.

Бергі атамды сұрасаң,

Ақыл, Сексен деседі.

Дауысым желдей еседі.

Атымды менің сұрасаң,

Төлебай диуана деседі.

Аққаншық пен сұрқаншық,

Одан шықсаң, бұдан шық.

Алыстағы Абыланым,

Жақындағы Қабыланым.

Абыл перім келгенде,

Алды-артыма жеткейсің.

Қабылан перім келгенде,

Құр далаға кетпейсің, — деп аса таяғын айналып иелерін шақыратын болған. Алдынан жазылмаған науқас болмапты. Төлебай диуана: бабам — Құлболды, анам — Мақпал, атам — Шобалай, нағашым Төлебайдың сынығы мен боламын, науқастарға ем боламын дейді екен.

Айдабол Төлебай батырдан — Едіге би.

Ақыл мен шешендіктен Едіге әкесі Төлебайдан да асып туған жан деседі.

Бұл қазақта ертеден келе жатқан әңгімелерге қарағанда үш Едіге болған екен.

Біреуі — ер Едіге, екіншісі — әз Едіге, үшіншісі — би Едіге. Осы Шоң, Торайғыр билердің әкесі Едіге би – ел қамын жеген Едіге атанды.

Едіге би Баянауланың баурайынан жүз кісі болып атқа мініп, Қызыл тауда отырған Мырзағұл баласы Сәти мырзаға «Наурызнама» қалдырамын деп барса, Сәти мырза үйде жоқ, қансонар болған соң, бүркітін алып аң аулай кетіпті. Сәти мырзаның Баяу деген бәйбішесі: – Мырзамыз ас-суды алып кеткен жоқ. Кісі келе қалса, мені жоқтатпа деп тапсырып кетті деп, Едіге биді сегіз күн сыйлап, бір күннен бір күнді асыра күтіпті. Сәти мырзаның алдырған түлкілерінің ішінде бір қара түлкісі бар Наурызнаманың үстіне келіп қалыпты. Қара түлкі алдырып келгеніне бір қуанса, Едігенің келгеніне екі қуанып; – Бұл Наурызнама Баяудікі болды деп Едігенің өзіне түйе бастатқан тоғыз, қалғандарының біріне түйе, біріне ат беріп, жүз кісіден біреуін де құр қайтармапты. Сөйтіп Едіге би жүз кісімен еліне қайтып келе жатып Мырзашоқының маңындағы Қараөзек деген жерге ат шалдырайық деп түсіп отырып, жолдастарынан:

– Сәти мырза артық па әлде мен артықпын ба? — деп сұрайды.

– О не дегеніңіз, Әрине, сіз артықсыз, —
дейді жолдастары.

Едіге би ашуланып: – Сендер кенелдік, олжаға шаш-етектен баттық, деп келесіңдер, мен қорланып келемін. Мен жүз кісі түгілі сегіз кісіні бір түн осындай қылып күте аламын ба? Бұл жүз кісіні сегіз күн күтті ғой. Осыны не үшін қылды деп ойлайсыңдар? Жанғозының жалпақ кедейін есінен қалғысыз қылайын деп істеді.

Едіге би сосын шарт жүгініп отыра қалып; Көзінен жасы бұршақтай домалап, иә құдай, халқымды, жұртымды өзімнің тұсымда бай қылмасаң да, балам Шоңның тұсында бай қыл, — деп жалбарыныпты. Едігенің сол батасы қабыл болып Шоң бидің тұсында басы Шоңның өзі де бай, Фазыл да бай, Бәрмен де бай, Ақын да бай, Батыр да бай, Ақпан да бай, Ботбай да бай, Тұрсынбай да бай, Шонты да бай — бай емесі болмапты. Бірде Едіге бидің өзінің шөбере туысы Қарағозы Қарабатырдың баласы Бабыр әлі билік айтқанда бірге жүретін үзеңгілес серігі сұраған екен:

– Едіге би, сізді ел-жұртыңыз сыйлайды, үш жүздің арасындағы болып жататын жер дауы, жесір дауына араласып әділ төрелігін бересіз, бірақ байлығыңыз атағыңызға сай келмейді. Бұл қалай? – дегенінде,  Едіге тұрып:

– Ел сыйласа, елдің бірлігін сақтаған азды-көпті еңбегім бар шығар. Байлық жиям десем, жау шапқаннан әлсіреген жұртым бар. Талай даудың шешіміне берген түйе бастатқан тоғыздық айыппұлды сол халқыма бөліп бердім, артылғанын жылына бір келетін мерекеміз Наурызнама қылдым, елдің еңсесі көтерілсе, дау-дамай да азаяды. Мен кедей болғаныммен, елдің батасы ұрпағымды құр алақан қалдырмас, — деп жауап қайырыпты. Едіге бидің балалары Шоң, Торайғыр билер қарадан шығып, хан болды, дұға, батаның шарапаты тигендер деп осыны айтады. Едіге бидің Далбадан Баянауылға қоныс аударып, көш жүрерде Қарақозы Бабырды, Еламанның Ботан абызын, баласы Шоңды шақырып бозқасқа шалдырып, асатаяғын лепес қылып Бабырға беріпті. Бабыр дүниеден өтерінде Байқонақ абызға, Байқонақ Құрманбай абызға, одан Қасым ишан алып, одан Еламаннан шыққан Сүлеймен баласы Сағымбек диуана иеленіпті.

Едіге би 7 жасар Ақдәулетті ертіп руы Керей 96 жастағы Қожаберген жыраудан бата сұрай барғанда жырау:

Қыдыр дарып, бақ қонсын, Едіге, саған,

Мерейің үстем болып, артсын бағаң.

Өзінің қатарының алды болсын,

Қасына ертіп келген осы балаң.

Тіл-аузым, таңданбайын, тисін тасқа

Тұлғасы бұл ұлыңның елден басқа,

Еліне опа болып, билік айтып,

Келгей де ғұмырлы боп ұзақ жасқа.

Тірі болса билердің зоры болсын,

Хан, сұлтан, төрелердің соры болсын.

Бітіміне істері ылғи сай боп,

Ақдәулет болмай аты, ер Шоң болсын.

Тірлікте қанағатшыл, болсын қоңды,

Сабырлы мінезімен болсын оңды.

Едіге шырақ, замана барады азып,

Бұл балаң әділ бидің болар соңы, — деп батасын берген екен.

Шоң би Едігеұлы 79 жасында Баянаула сыртқы округінің аға сұлтаны болып, қарадан шыққан хан атанды.

«Баянаула» жырында

– Баласы Едігенің Торайғыр, Шоң,

Туыпты атасынан олар да оң.

Қазақтар олай-бұлай көшіп жүріп,

Баянға орнығуы осыдан соң, — деп келеді. Бұдан Құлболды бабамыздың, – «Менің құтым, қасиетім ортамда қалады» деген сөзі көрініп тұрғандай ма, қалай!..

Мұхамет-Қайыр Шәріпов,

өлкетанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.