Бүгінде Павлодар облысы еліміздің индустриялық-инновациялық орталығына баланады. Өңірімізде өндірістің осындай деңгейде өркендеуінде алдыңғы буын ағалардың салған ізі, қалдырған қолтаң-басы жатыр. Сондай жандардың бірі – алюминий зауытының ісін ілгерілетіп, отандық өнеркәсіптің дамуына елеулі үлес қосқан, кейін облыс орталығындағы Индустриалдық ауданға басшылық етіп, өңірдегі талай түйткілді тарқата білген Балтабек Әкімқұлов. Өкінішке қарай, бүгінде арда азамат ортамызда жоқ. Көзі тірі болғанда бүгін 80 жасқа толар еді. Осыған орай, Балтабек Құлжанбекұлының өмір және еңбек жолына тоқталуды жөн санадық.

Жастайынан еңбекпен шыңдалды

Балтабек Әкімқұлов 1943 жылы Аягөз деген шағын қалада әкесі Құлжанбек пен анасы Үміттің шаңырағында тұңғыш бала болып өмірге келді. Соғыстан кейінгі жылдарға тұспа-тұс түскен балалық шағы оңай бола қойған жоқ. Оқушы кезінен-ақ әкесі қызмет ететін теміржол депосында демалыс кезінде қолғабыс жасап, темір ұстасы болып жұмыс істеді. Қазақтілді 10 жылдық мектепті тәмамдаған соң бірден еңбекке араласып, шыныға түсті. Оған қоса, ата-анасы, соңынан ерген екі інісі мен екі қарындасына қорған болып, қолдау көрсету маңызды болды. Үш жыл құрылыс алаңында бел жазбай жұмыс істеді. Әу баста бетоншының көмекшісі болып орналасса, кейін алдыңғы қатарлы жұмысшылардың біріне айналды. Кіндік қаны тамған жердегі мектеп-интернаттың, кинотеатрдың, сол кездегі «Аягөз» деп аталған қонақ үйдің қабырғасында оның қолтаңбасы бар. Іргелес жатқан елді мекендердегі тұрғын үйлердің, мектептердің, көлік-трактор тұрақтарының құрылыстарына да атсалысып, іргелі ғима-раттардың бой көтеруіне үлес қосты.

– Мен ес білгелі тек еңбек адамдарын көріп, солардың ортасында өсіп-өндім. Әкем соғыс жылдары майдан даласына керек-жарақтарды теміржолмен тасыды. Жеңіске жетіп, бейбіт аспан астында өмір сүру үшін бар уақытын арнады. Анам да жұмыстан қол үзген жоқ. Сондықтан болар, бала кезден-ақ бойымызға еңбекқорлықты, елге деген сүйіспеншілікті сіңіріп өсірді, – деп балалық шағын еске алатын Балтабек аға. Сөйтіп, оқу бітірген соң үш жыл аралығында Аягөз бен оның маңындағы ауылдарда құрылыстың кең қанат жаюына қол ұшын созып, маңызды әлеуметтік, мәдени, өндірістік ғимараттарды салды. Кейін бала арманның жетегімен білім қуып Алматыға жол тартты. Мұндағы Қазақ политехникалық институтының студенті атанды. Металлургия мамандығына оқуға түсу емтиханынан сүрінбей өтіп, бірден қабылданды. Сол бір жылдары студенттер жоғары оқу орнында білім алмас бұрын алдымен екі жыл өндірістік ортада тәжірибеден өтіп, шыңдалуы тиіс еді. Сөйтіп, Балтабек Әкімқұлов бала кезден тай-құлындай тебісіп бірге өскен, кейін институтқа қатарлас түскен сенімді серігі, жақын жолдасы Тұрғазымен бірге жолдамамен Балқаштағы металлургия комбинатына қабылданды. Тәжірибеден өтуге келгендердің бір бөлігі қиын қызметке шыдас бермей, басқа факультеттерге ауысып жатты. Ал аягөздік жігіттер сынаққа сынбай, ауыртпалыққа мойынсұнбай өздерін жақсы қырынан көрсете білді. Небары бір жарым жыл аралығында екінші разрядты жұмысшыдан бастап бесінші разрядқа дейін жоғарылады. Комбинат-
тағы тәлімгерлері де жастардың жауапты екенін ерекше атады. Өндіріс «майданында» шыңдала жүріп отбастарына қаржылай көмек көрсетуге де мүмкіндік туды. Осы орайда Балтабек Әкімқұлов студенттерден құралған құрылыс отряды командирінің орынбасары ретінде талай ғимараттың салынуына қатысқанын атап өткен жөн. Мектептен соң құрылыс алаңында жұмыс істеген шақтағы көрген-білгені көп көмек болды. Оның бастамасымен Павлодар облысы Қызылжар ауылында инкубатордың, Құрымсы елді мекенінде жатақха-наның құрылысы мерзімінен бұрын аяқталды. Аталған отрядтың үздіктері «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталды. Олардың қатарында Балтабек аға да бар.

Өндірісті ілгерілетті

Балтабек Әкімқұлов досы Тұрғазымен бірге өндірістік және диплом алдындағы тәжірибені Павлодар алюминий зауытында өтті. Алдымен өндірістік кезеңді үшінші разрядтағы тәжірибеден өтуші ретінде бастап, сілтісіздендіру учаскесінің төртінші разрядты аппаратшысы болып аяқтады. Сол уақытта «қанатты» металл өндірісіне қызығушылық танытып, бұл жүйенің қыр-сырын меңгеруге талпынды. Көзінде оты бар жас тәжірибеден өтушіні зауыт басшылығы да жібергісі келмеді. Сөйтіп, институтты түрлі-түсті металдардың инженер-металлургы мамандығы бойынша тәмамдаған соң еңбек жолы осы өндіріс орнында басталып, бірінші учаскенің бесінші разрядты жұмысшысы ретінде қабылданды.

Металл өндірудің тылсым дүниесі жас маманды бірден баурап алды. Осы саланың тереңіне бойлап, жұмысты игеру үшін бар күш-жігерін салды. Ауысым шебері, шебер, аға шебер, учаске шебері сынды түрлі баспалдақтан өтті. Металл өндірі-сіндегі түрлі процеске де қатысты. Сүзгіден өткізуші, сілтісіздендіру аппаратшысы, жуу-қойылту аппаратшысы сынды қызметтерді атқарып, аз уақыт аралығында кәдімгідей ысылды. Бойында еңбекке деген зор құлшынысы бар маманға зауыт басшылығы назар аударып, учаске, кейін цех басшысы етіп тағайындады. Қызмет жоғарылаған сайын жауапкершіліктің жүгі де арта түсті. Кейде аяққа резеңке етік киіп, күндіз-түні өндірістің басы-қасында жүруге тура келетін. Мұндай қиындықтың ешқайсысы еш кеткен жоқ. Балтабек Әкімқұлов цехқа жетекшілік еткен тұста жоғары өндірістік сүзгілер қойылып, жұмыс жағдайы жақсара түсті. Учаске басшысы болған тұста да біраз түйткілдің түйінін тарқатты. Құралдар жиі істен шығып, апаттық тоқтаулар болып тұратын-ды. Сол кезде Балтабек Құлжанбекұлы мәселенің анық-қанығын анықтап, талдау жасап, шешім жолдарын аз уақытта қарастыратын еді. Тіпті, әлі ыстығы басылмаған қоюлату аппараттарын іске қосуда жедел әрекет етіп, шапшаңдық танытатын. Себебі тұтас металл өндірісінде кедергі болмауы тиіс. Қысқасы, ең қиын учаске – гидрометаллургиялық бөлімнің «отымен кіріп, күлімен шықты». 1984 жылы зауыттағы партия ұйымының хатшысы болып сайланды. Бұл қызметте де өзінің ұйымдастырушылық касиеттерін көрсете білді. Дей тұрғанмен, келесі сайлауда өз еркімен қайтадан өндіріске цех бастығы болып оралды. 1987 жылы ірі зауыттың бас инженері қызметіне келді. Тәуелсіздік алған жылы сол кезде зауытқа басшылық еткен Балтабек Құлжанбекұлымен бірге ширек ғасырға жуық уақыт иық тірестіре қызмет еткен Александр Исаев Мәскеудегі «Союзалюминий» басқармасына ауыстырылды. Сондықтан бұл жауапты қызмет әрі абыройлы міндет осы зауытқа алғаш рет 1964 жылы тәжірибеден өтуші ретінде келіп, кейін еңбек жолын бастаған Балтабек Әкімқұловқа ұсынылды. Бұл білікті қызметкердің ширек ғасыр аралығында жинаған тәжірибесінің, еңбегінің бағалануының көрінісі болса керек. Алюминий кәсіпорнының тізгінін қолына алған соң жаңа тынысы ашылды. Балтабек Құлжанбекұлы кадрлардың біліктілігін шыңдауға, өндіріс көлемін арттыруға көп көңіл бөлді. Ал 1992 жылы Павлодар алюминий зауыты мен Торғай, Краснооктябрьдегі  боксит және Керегетастағы әктас кен орындары «Казглинозем» өндірістік бірлестігі болып ұйымдастырылып, сол бірлес-
тіктің бас директоры болып тағайындалды. Жаңадан құрылған бірлестіктің алдынан түрлі кедергі кесе-көлденең шыққанымен, тәжі-рибелі басшы өзінің пайымымен оларды еңсеріп, кәсіпорынды жетіс-тікке жетелей білді. Оған 1994 жылдың қорытындысы бойынша зауыт өнімінің 97 000 000 теңге таза табыс түсіруі де дәлел бола алады.

Әлеуметтік істен шет қалған жоқ

Балтабек Құлжанбекұлының тек зауыттың емес, тұтас Ертіс-Баян өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі зор екенін бөле-жара атап өту керек. Оның тікелей бастамасымен облыс жұртшылығының өмірін жақсартуға бағытталған іргелі істер атқарылды. Айталық, алюминий сульфатының, яғни коагулянттар өндірісінің іске қосылуына ұйытқы болды. Соның есебінен суды тазартуға мүмкіндік жасалып, облыс орталығының сұранысы толығымен өтелді. 1990-ыншы жылдардың басында зауыт қолдауының арқасында италиялық технология бойынша жылына 70 мың аяқ киім шығаратын кәсіпорын салынып, жұмысын бастады. Сондай-ақ, өндірістік бірлестік жергілікті «Роса» зауытына жаңа құралдар орнатуда көп көмек көрсетті. Облыс орталығындағы №1 жылу-электр орталығының жанынан тағы бір қазандық салынып, кеңінен дамып келе жатқан қала тұрғындарын жылытуға жайлы жағдай жасалды. Балтабек Әкімқұлов әлеуметтік мәселелерді де назардан тыс қалдырған жоқ. Зауыт басшысының ұйымдастыруымен Қамзин көшесін-дегі алты және тоғыз қабатты үйлер, 100-ден астам жеке баспана салынды. Сол арқылы жұмысшылардың отбасы баспаналы болды. Қала құраушы кәсіпорынның басшысы ретінде «Металлург» мәдениет сарайының, «Кристалл» демалыс базасының, балабақшалардың құрылысына қолдау білдірді. Алюминий зауытында 30 жылға таяу уақыт еңбек атқарған соң облыс орталығындағы Индустриалды ауданның басшысы болды. Кейін облыстың тәртіптік кеңесін, Монополияға қарсы комитеттің облыстық департаментін басқарды. Бұл қызметтерде де елеулі еңбек атқарды. Мәселен, жылу, электр энергиясының оңтайлы тарифтерін ойластырды. Қалалықтарға коммуналдық қызмет ақысының, ауылдағы ағайынға көмір бағасының қалтаға салмақ салмауын басты назарда ұстады. Бірнеше рет Павлодар қалалық партия комитетінің мүшесі, қалалық және облыстық атқару кеңестерінің депутаты болған тұста қоғамның өзекті мәселелеріне ден қойып, көпшіліктің көкейіндегі күрмеулі жайттардың шешім табуына ықпал етті. Құрметті демалысқа шыққан соң бар түйген-білгенін жастармен бөлісу үшін С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік универси-тетінде ұстаздық етті.  Балтабек Құлжанбекұлы көп жылғы еңбегі үшін ҚР «Құрмет белгісі», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерімен, басқа да мемлекеттік наградалармен марапатталды. Қазақстан Республикасы өндірісінің Құрметті қызметкері, Павлодар облы-сының Құрметті азаматы атанды.

Әулеттің тірегі

Балтабек аға қызметпен қатар, отбасына, ағайын-бауырына да көп көңіл бөлді. 1950 жылы Аягөз қаласындағы қазақ мектебінің табалдырығын алғаш рет бірге аттаған Ырымбике апамызбен шаңырақ көтеріп, отбасын құрды. Сол бір жылдарды өмірлік жолдасы былай еске алады:

– Біздің сыныптың балалары тату болып, бір-біріне бауыр басып кетті. Әсіресе, Балтабек пен Тұрғазы бір үйдің баласындай жақсы араласты. Бір ауданда тұрғандықтан, бәріміз мектепке бірге барып, бірге қайтатын едік. Бала кезден етене араласып, достастық. Орта мектепті тәмамдаған соң сыныбымыздың балалары білім алу үшін әр жаққа кетті. Балтабек пен Тұрғазы жұмыс істейтін болып, қалада қалды. Біз демалыс кезінде туған өлкемізге келгенде олар бізді жылы шыраймен қарсы алып, уақытты бірге қызықты өткізетін едік. Сөйтіп, бала кезден, бір сыныптан басталған достығымыз нығайып, ұлы сезімге, отбасылық өмірге ұласты, – дейді Ырымбике апай. Балтабек аға институттың берген жолдамасымен 1968 жылы алюминий зауытында еңбек жолын бастаған уақытта сыныптасы Ырымбикемен отау құрды. Химия мамандығын меңгерген өмірлік жары да сол кәсіпорынның зертханасында біраз уақыт еңбек етті. Ол жұмыспен қатар шаңырақтың қамын ойлап, ер азаматы мен бала-шағасының жағдайын жасады. Екеуі Ардақ, Меруерт, Гаухар есімді қыздарды өмірге әкеліп, тәрбиелеп, өсірді. Тұңғыш жиені Лашынды да бауырына басып, мейірім, махаббатын берді. Бүгінде қыздарынан 12 жиеншар көріп отыр. Әкімқұловтар әулетімен етене араласқан жақын-жұрағат Балтабек ағаның қыздарына да, жиендеріне де үлгілі әке, қамқор ата болғанын айтады. Ол отбасынан жан жылуын аяған емес. Өмірі өнегеге толы осындай абзал жан өткен жылдың 7 шілдесінде келместің кемесіне мініп, мәңгілік сапарға аттанды. Көзі тірі болғанда осы жылдың 7 желтоқсанында 80 жасқа толар еді. Амал нешік?! Ардақты азаматқа сексеннің сеңгіріне шығу бұйырмапты. Десе де, оның артында облыс пен елдің өндірістік саласының дамуына қосқан өлшеусіз үлесі, өңірдің өркендеуіне сіңірген еңбегі, маңдай терін төккен сәттерінің куәгері болған әріптестері, жарқын бейнесін жүрегінде мәңгі сақтайтын ұрпағы бар. Қоғам игілігі үшін тынбай еңбек еткен азаматтың есімін елі ұмытпайды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.