Жақында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Әл-Әки» фольклорлық ансамблі тыңдармандарымен жүздесті. Онда ҚР Мәдениет қайраткері, күйші, аталмыш өнер ұжымының жетекшісі Жасқайрат Қайдарұлы «Әл-Әкидің» 25 жылдық тарихына тоқталды.

- «Әл-Әки» ансамблінің іргетасын 1993 жылы танымал өнер иесі Нұрболат Ахметжанов қалады. Заманның қиын шағында Нұрболат ағамызға Әлкенов және Әкімов деген азаматтар қол ұшын беріп, демеушілік жасайды. Осы кісілердің құрметіне ұжымға «Әл-Әки» деген атау берледі. Осы жылы ресми түрде бекітіліп, ансамбльге «Халықтық» атағы беріледі. Нұрболат аға ұжымның дамуына, ел ішінде танылуына, репертуардың таңдалуына ерекше мән берді. Яғни қазақтың халық әндері, күйлерімен қатар шетел шығармаларын да елге ұсына білді. Кейіннен бұл ұжымға 1997 жылы Мәдениет қайраткері Талғат Кәрімов жетекшілік етті. Ол кісі де «Әл-Әкидің» үлкен сахналарға шығып, өрісінің кеңеюіне көп үлесін қосты. Ал 2004 жылдан бастап бұл орынға мен келдім. Бұдан кейін біз республикалық, халықаралық түрлі байқауларға қатыса бастадық. Әр додадан өнерпаздарымыз шашасына шаң жұқтырмай, лауреат атанып келіп жүр. Ұжымдағы қыз-жігіттер шетінен дарынды. Олар қандай шығарма болсын, бірден іліп әкетіп, шегіне жеткізіп орындап береді. Репертуарымызда тек қазақ әндері, күйлері ғана емес, әлем сүйіп тыңдайтын шығармаларды да біртіндеп қоржынымызға қосып жатырмыз. Келер жылдың көктемінде 25 жылдық мерекелік кешімізді өткіземіз. Оған дайындығымыз басталып та кетті, - дейді Жасқайрат Қайдарұлы.

Бүгінде өнер ұжымында 13 адам қызмет етеді. Ансамбльде домбыра, қобыз, саз сырнай, қыл қобыз, домбыра бас тәрізді аспаптар бар.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде өткен кеште халық әндері, термелер мен күйлер, сонымен қатар Абай Құнанбаев, Бәкір Тәжібаев, Шәмші Қалдаяқов сынды қазақтың біртуар азаматтарының әндері орындалды.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz