«Ертіс» ФК-ның спорт директоры Ойрат Садуов журналистерді бас бапкермен таныстырды.

- Херард Нуспен біз 2 жылға келісімшартқа қол қойдық. Жаңа жаттықтырушы футболшыларымызды алдыңғы қатарға шығарады деп сенеміз. Сондай-ақ ол жасөспірімдер арасында да аяқдоптың серпін алуына күш жұмсайды деген ойдамыз, - деді О.Садуов.

Херард Нус бапкерлік қызметін футболсүйер қауымға жақсы таныс Рафэль Бенитестің көмекшісі ретінде бастаған. 2008-2009 жылдағы маусымда «Ливерпуль» клубының жаттықтырушылар құрамында еңбек еткен. «Чуннам Драгонс» (Оңтүстік Корея) және «Мельбурн Сити» (Австралия) командаларында да бас бапкердің көмекшісі болған. Бұдан кейін Солтүстік Америкалық «Райо ОКС» клубының бас бапкері қызметін атқарды. Сондай-ақ, «Райо Вальекано» және «Эльче» сынды Испания клубтарында техникалық директор қызметінде болған.

- Алдағы уақытта клубтың ілгері қадам басуы үшін еңбек ететін боламын. Қазақстанға демалуға келген жоқпын. Керісінше, мықты команда дайындап, жоғары деңгейде әлемдік футбол алаңдарында доп тебе алатын аяқдопшыларды дайындағым келеді. Әлемдегі атақты футбол командаларында әртүрлі қызметтер атқарып, тәжірибе жинақтаған соң алға қойған мақсатымды орындауға толықтай мүмкіндігім бар деп ойлаймын, - деді «Ертістің» жаңа бапкері Херард Нус.

Фархат ӘМІРЕНОВ

saryarka-samaly.kz