Абзалдың айтыста жеткен жетістігін ел біледі. Сонымен қатар, түрлі қоғамдық жиындар мен маңызды кездесулерде өз ойын еркін білдіре алатын белсенді жастардың бірі. Әсіресе, ұлттық өнеріміз айтыстың Павлодар өңірінде дамуына ерекше үлесін қосып келеді. Алғаш рет 2009 жылы айтыс сахнасына шыққан ол бүгінгі күнге дейін талай сөз аламандарында топ жарып, облыс намысын қорғап жүр. Айтыс өнеріне «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени ойын-сауық орталығының ішіндегі «Желдірме» ақындар үйірмесінде шыңдалып, кейін өзі оқыған Инновациялық Еуразия Университеті қабырғасында «Жебе» ақындар клубын ашты. Қазіргі күні облыстық жастар саясатын дамыту басқармасы жанындағы «Жастар бастамаларын дамыту орталығында» ашылған «Алдаспан» жас ақындар клубының белді мүшесі. Республикалық патриоттар форумын ұйымдастырушылар тарапынан алғаш сұраныс түскен кезде біздің облыс-тан Абзал Қабдрашты ұсынған да осы «Жастар бастамаларын дамыту орталығы».

- Жылдың патриоты атану - мен үшін үлкен жетістік. Дегенмен, біздің облыста осы атаққа лайықты азаматтар баршылық. Алдағы уақытта осындай аға-апаларымыздың да еңбегі бағаланса екен деп тілеймін. Жалпы, мұндай марапаттар маған шығармашылық және кәсіби тұрғыда көтерілуіме күш береді. Болашақта сайттағы оқырмандарым мен айтыстағы тыңдармандарыма тұшымды дүниелер ұсынуға бар күш-жігерімді саламын. Менің мұндай жетістікке жетуіме жол салған айтыстағы ұстаздарым Бейсенбі Мұқажанов пен Асығат Тұрғанбек ағаларыма алғысым шексіз, - дейді Абзал Қабдраш.

Айта кетейік, биыл Абзалдың айы оңынан туып тұр десек болады. Жақында ғана Павлодар облысының мәдениет, әдебиет және өнер саласының дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімінің гранты берілсе, 2017 жыл қорытындысы бойынша «Үздік спорт тілшісі» аталымына ие болды.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz