Биылғы жылдың көктемінде ғалым аға өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өткен болатын. Бұл – тек Ғ.Есімнің мерейтойы ғана емес, қазақ ілім-білімі, руханияты мен терең философиясының мерекесіне айналды. Өйткені мерейтой қарсаңынан бастап күні бүгінге дейін барлық бұқаралық ақпарат құралдары ғалымның шығармашылық жолы жайлы айтып, еңбектерін қайыра бір шолды.

Қазақ философиясы, соның ішінде еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта Абай ақынды сан алуан қырынан танытқан телегей-теңіз зерттеу еңбектері жайлы сөз қозғалды.

Кездесу барысында Ғ.Есім Абай шығармашылығы, Құнанбай қажының тереңдігі, әке мен баланың қарым-қатынасы туралы айта келіп:

- «Кемеңгер Мұхтарда» 4 кітаптың әр тарауына түсініктеме беріп, кемеңгер айтпақ болған нысаналы ой, идеяларға арнайы тоқталып, эссе жанры арқылы баяндауды жөн көрдім. Бүгінгі ұрпақ «Абай жолын» оқығанмен қай тұрғыдан, қай саясатпен жазылғанын түсінбей қалуы мүмкін. Сондықтан «Кемеңгер Мұхтар» - «Абай жолын» оқушылар үшін терең түсініктемелік құрал, қосымша әдебиет, - деді. Сондай-ақ автор «Абайды ұлы, Ұлы ақын дейді, бұл мүлдем дұрыс емес. Ұлы деген қасиетті, қастерлі сөз тек Жаратушыға ғана арналып айтылады. Жаратушы тумады да, туылмады да. Оған серік қосу дұрыс емес... Сөз мәнін, мағынасын терең түсінуіміз керек. Мен осы еңбекті жазғанда кітаптың атын қалай қоюды көп ойландым. Сонда «кемеңгер» деген сөз тіл ұшына оралды. Осы сөздің мағынасын іздедім. Сондағы түйгенім – сөз мағынасын терең бойлап, сөзді таныған адамды кемеңгер дейді екен. Мұхтар Әуезов – сөз тереңіне терең бойлаған кемеңгер. Сондықтан кітап атауы «Кемеңгер Мұхтар» аталды».

Айта кету керек, Ғарифолла Есім - Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында «Хакім Абай» атты еңбегін жарыққа шығарып, бұл кітап орыс, түрік, ағылшын тілдеріне аударылды. Шәкәрім қажының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Шәкәрім Құдайбердіұлының әлемі хақында «Данышпан Шәкәрім» және «Мудрость Шакарима» деген атпен зерттеу еңбегі екі тілде жарық көрді. Сол үлкен еңбектердің заңды жалғасындай болып, «Кемеңгер Мұхтар» баспадан шықты. Абай – Шәкәрім - Мұхтар – үшеуі бір әлем – трилогия! Бұлар - қазақ әдебиетінің үлесіне тиген сүбелі қазына!

Кітаптың тұсаукесерінде Ғ.Есім жаратылыстану, адамзат дамуының ілкі сипаты, дүние, әлем, тұрмыс хақында ой толғай келіп, Құнанбай жолы, Абай жолы, Мұхтар жолы туралы терең түсініктемелер берді. Кеңестік дәуірде коммунистік режимге орай жазылған еңбекті мәтіндік талдау тәсілімен жаңаша сипаттап, оқырман сауалдарына жауап берді.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Ақын Алақанұлы, Ғалымбек Жұматов, ақын Шолпан Байғалы, сондай-ақ «Найзатас» журналының жауапты хатшысы Айбек Оралхан «Кемеңгер Мұхтар» жайлы ойларын ортаға салды. Айбек ақын аталмыш еңбекті тереңнен талдап, ұтқыр тілмен өзінің ой-пікірін жеткізді. Кітапхана басшысы Шолпан Баянқызы кездесу соңынан ғалымға ризашылық айтып, шығармашылық табыс тар тіледі. Бұл күні Ғ.Есімнің рухани бай дүниесі, шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.

«Кемеңгер Мұхтар» кітабының соңына таман автор былай деп сөз толғайды: «Қазақ болу – бүгінгі заманның басты мәселесі. Қазақ болу үшін ойшыл ақын Абай қалай қазақ атанды, оны көркем тілмен баяндап берген Мұхтар Әуезовтің қазақтығы қалай деген сауалдарға жауап іздесек, қазақтың кім екені анықтала түспек. Дәстүрлі қазақтың елі, жері, діні, тілі және мемлекеті бар, бірақ қазіргі қазақ баласы жақсы мен жаманды айыра алып жүр ме? Бұл - ұрпақтардан ұрпақтарға өтетін ұстаз Абайдың сауалы!».

Бұл сауал, бұл философиялық тереңдік әр қазақ баласының көкейінде тұруы тиіс!

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz