Шаңғы спортының «Скиатлон» түрі бойынша ерлер мен әйелдер 30 және 15 шақырымдық бәсекеде бақ сынаған. 15 шақырымдық қашықтықта алдына қара салмаған Анна Шевченко осы сайыстағы ең мықты спортшы екендігін дәлелдеді. Көкшетаулық Валерия Тюленева мәре сызығын Аннадан 0,2 секунд уақытқа кейін кесіп, күміс жүлдені еншіледі. Бұл сайыста шығысқазақстандық Елена Коломина қола медальді қанағат тұтты. Жеңімпаздар арасында уақыт айырмасы өте қысқа болғандықтан, төрешілер фотосараптаманың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. Спартакиада 28 желтоқсан күні өз мәресіне жетеді.

Анна Шевченко Оңтүстік Кореяда 9-25 ақпан аралығында өтетін қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетуі мүмкін 12 павлодарлық спортшының қатарында бар. Аннамен қоса үміткерлердің қатарына биатлоншылар Антон Пантов, Дарья Климина (Усанова), Максим Браун, Тимур Куц пен Александра Сасина, шаңғышылар Ирина Быкова мен Дарья Ряжко, сонымен қатар шорт-трекшілер Денис Никиша, Ольга Тихонова, Еркебұлан Шамұханов және Ким Ионг да бар.


Әзірлеген Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz