Мәселенің мәнісін түсіндіру үшін қарапайым математикалық есепке жүгінуге тура келеді. Жоғарыда атап өткендей, облыс орталығындағы балабақшаларда жыл басынан бері 7 200 орын бос тұрған. Шартты түрде алар болсақ, бұл – 36 балабақша деген сөз. Ең сорақысы, мыңдаған баланың жоқтығына қарамастан, мектепке дейінгі мекемелер мемлекет тарапынан берілетін қаржыны толығымен алып, оны игеріп келген.

Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз болды. Павлодар облыстық мәслихатының хатшысы Владимир Берковскийдің сөзінше, жыл сайын балабақшадағы әрбір балғынға 240 мың теңге қаржы бөлінеді. Демек, 2 млрд. теңгеге жуық қаржы санда бар, санатта жоқ балалар үшін бөлініп, игеріліп келген.

- Балалардың тек 64 пайызы ғана балабақшаға келеді. Бұл мектепке дейінгі тәрбие беру орталықтарында әрбір үшінші орын бос тұрғанын білдіреді. Қазіргі уақытта кезекте тұрғандардың қатары қалың. Кемшілік мұнымен шектелмейді. Шаһардағы 5 балабақшада жүзу бассейні бар. Өкінішке қарай, оның тек біреуі ғана жұмыс істейді. Мәселен, №101 балабақшада жаттықтырушының жоқтығына байланысты бассейннің жұмысы тоқтап тұр, - дейді В.Берковский.

Аталмыш мәселенің алдын алуда облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы «Smart Pavlodar» пилоттық жобасын енгізуді ұсынды. Бұл жоба арқылы бейнебақылау орнатылып, балабақшаға баратын балаларды бақылауға болады. Алайда мұндай бастамаға аймақ басшысы қарсылық білдірді.

- Бұл - өзекті мәселе. Жан-жақты зерделеуді қажет етеді. Меніңше, мұның бір себебі мынада: көптеген ауқатты отбасылар балаларын тіл үйрету курстары, басқа да көптеген үйірмелерге қатыстырады. Оларда балабақшаға деген қажеттілік жоқ. Сондықтан жоғарыда аталған көрсеткіш бойынша мұқият жұмыс жүргізу қажет. Балғындар тек денсаулығына байланысты балабақшадан босатылуы тиіс. Егер мұндай себеп болмаса, тізімнен алып тастап, босаған орынға кезекте тұрған балаларды алу керек. Қаңтар айынан бастап балабақшаға бармай жүрген барлық балалардың ата-аналарымен сөйлесіп, себебін білуді тапсырамын. «Smart Pavlodar» пилоттық жобасын жүзеге асыру арқылы уақыт жоғалтамыз. Сондықтан бұл мәселеге жедел кірісіп, балабақшадағы бос орындарды толықтыру керек, - деді Болат Жұмабекұлы.

Мәселе тек балабақшамен шектел-мейді. Өңірде мектеп оқушыларын оқулықпен қамту мәселесі ерекше назарға алынған. Мәселен, 2018-2019 оқу жылында 3,6,8 және 10-сыныптың оқушыларына жаңа оқулық алу үшін 1,4 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Десе де, жоспарлау кезінде артық сатып алынған оқулықтардың саны басым болып отыр. Мысалы, 60 млн. теңгеге 42,5 мың оқулық артық сатып алынған. Өңірдегі 5 сыныптың 3980 оқушысы үшін 5292 ағылшын тілі кітабына тапсырыс берілген. Яғни 1300 данаға көп. Успен ауданын-дағы 143 оқушыға дәл осындай 224 оқулық сатып алынған. Мамандар бұл мәселені болашақта оқушылар санының артатындығымен түсіндіріп отыр.

- Қаржыны дұрыс мақсатқа жұмсау қажет. Кітапхана сөресінде қолданылмай жатқан кітаптарға ақша жұмсаудың қажеті қанша? Бұл жағдайды назарға алуды тапсырамын, - деді Б.Бақауов.

Аймақта ұстаз тапшылығы мәселесі де өзекті болып отыр. Әсіресе ағылшын тілі, математика пәндері бойынша және бастауыш сынып оқушыларына білім беретін 424 мұғалім қажет.

- Математика, ағылшын тілі пән-дерін кез келген адам меңгере алмайтыны белгілі. Алайда бастауыш сынып ұстаздарына тапшылық неден туындап отыр? «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы бар. Биыл бұл мәселені зейнет жасындағы педагогтарды тарту арқылы шештік. Ал 2018 жылы бастауыш сыныпқа – 63, математикадан – 57, орыс тілі мен әдебиеті бойынша – 50, ағылшын тілінен 50 педагог қажет. Мұндай мамандарды қайдан аламыз? Екібастұз қаласының өзіне 129 ұстаз қажет, - деді Болат Жұмабекұлы.

Өңірде ауылдық жердегі 70-ке жуық мектепте 10-11 сыныпта 1-3 баладан ғана оқиды екен. Мұндай көрсеткіш Ертіс, Успен және Качир аудандарындағы 10 мектепте, Павлодар және Железин аудандарындағы 8 мектепте тіркеліп отыр. Бұл ретте Болат Жұмабекұлы білім ордасының жабылып қалмауы үшін оңтүстік өңірлерден көп балалы отбасыларды әкеліп, балаларын оқумен қамту мәселесіне назар аударуды жүктеді.

Аймақ басшысы облыстағы кәме-леттік жасқа толмаған жасөспірімдерге арналған профилактикалық шаралардың нашар жүргізіліп жатқанын сынға алды. Мәселен, 2016 жылы 24 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаса, биыл 11 айдың ішінде бұл көрсеткіш 28-ді құрап отыр. Өкінішке қарай, 8 оқиға қайғылы жағдайда аяқталған. Осы орайда, өңір басшысы оқушылар арасында профилактикалық шараларды күшейтіп, әр баланың көңіл-күйіне ерекше мән беруді тапсырды.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz