Балалар!

Албырт жандар алға асыққан,
Сендерге бұл өмірдің сырын ұққан.
Ата-анаң, ұстаздарың, ұлы Отаның,
Қамқор боп шуақ төккен жылылықтан.


Сендерді мәпелеген, аялаған,
Арман не кемдік көрмей, өссең аман.
Тағы да жыл ұршығы шыр айналып
Жаңа жыл
Есік қақты, жаңа заман.


Ұлы Ертіс еркем деген өздеріңді,
Кіршіксіз судан мөлдір кездеріңді.
Ақ Ертіс, Асқақ Баян – туған өлкең,
Тілейді мұң шалмасын көздеріңді.


Ал ақын сендерге өлең өрнектеген,
Атырған әр ақ таңын еңбекпенен.
Жаңа жыл құтты болсын деп тілейді,
Сәбиге құтты қадам еңбектеген!

Сүлеймен БАЯЗИТОВ, жазушы 

 

 

Жақсылық көп болсын!

Мен Екібастұз қаласы №26 мектебінің 6«Б»-сыныбында оқимын. «Айналайын» қосымшасын үзбей оқып тұрамын, мақала жазып тұрамын.

Біздің екібастұздық балалардың көңілдері көтеріңкі, қазір мектептерде жаңажылдық шырша мерекесі өтуде. Содан кейін қысқы демалыс. Демалыста мен ауылға атама барамын, көмектесемін, қар күреймін, шаңғы тебемін. Атаммен балық аулауға шығамын

Құрметті жас достар! 2018 жаңа жыл бәрімізге құтты болсын! Оқуда озат болып, тәрбиелі, өнегелі ісімізбен мектебімізді, ұстаздарымызды, ата-анамызды қуантайық! Еліміз аман, Тәуелсіздік туы асқақтап, Отанымызда жақсылықтар көп болсын деп тілеймін.

Ерасыл ҚАМАШ, 6 «Б»-сынып оқушысы, Екібастұз қаласы.

 

 

Ауыл қысы керемет!

Баянауылдағы Теңдік ауылының қысы керемет! Ондай қыс еш жерде жоқ. Тап-таза аппақ қар ақ күмістей жалтырайды. Ауа қандай! Аспан мөп-мөлдір.

Ал балалар үшін қыста қызық көп. Қармен атысамыз, сырғанақ тебеміз. Мал суарып, шөп салып, қора тазалауға да үлгереміз. Біздің жақта қыс нағыз күшіне енді. Міне, Жаңа жыл да келіп қалды. Сосын қысқы демалыс! Таза ауада демалып, қармен атысып ойнаған өте қызық!

Сүйіндік ТАҒА, 3-сынып оқушысы, Академик Қ.Сәтбаев мектебі, Баянауыл ауданы.

 

saryarka-samaly.kz