«Халық радиосының» атауы бүгінде алысқа тараған. Оны жерлестеріміздің көпшілігі 100.5 FM жиілігінен тыңдап үйреніп қалса, «Отау ТВ» жерсеріктік жүйесіне қосылған кез келген абонент үйде отырып-ақ құлағының құрышын қандырады. Ал ондай мүмкіндігі жоқтар интернеттің көмегімен кәдімгі смартфонға орнатылған «Халық радиосы» қосымшасын пайдалана алады. Қысқасы, өңірлік радио бүгінде республикалық ауқымға шығып, шекарасын да, аудиториясын да кеңейтті. Радиостанцияның бас редакторы Ерсайын Ертісбаевтың айтуынша, 24 сағаттық хабар таратуға көшу павлодарлық радионың танымалдығын арттырып қана қоймайды, контенттік сапаны да күшейтеді. Арна көпшілікке қазақ және орыс тілдерінде түрлі танымдық, ойын-сауықтық, ақпараттық бағдар-ламаларды ұсынуды одан әрі жалғастырады. Әсіресе, жастар эфирден өмірдегі, музыка мен мәдениеттегі ең маңызды, талғамды, қажетті дүниелерді таба алатын болады.

Бұған дейін таңғы сағат 7.00-ден түнгі 12.00-ге дейін ғана жұмыс істеп келген эфирдің толық циклға көшуі қалалық жердегі тыңдармандардың қалауын ескергеннен шығып отыр. Қала орталықтарындағы тіршіліктің түнгі уақытта да қайнап жататыны түсінікті. Осындайда жастардың бұл мезгілде жанға жайлы музыка тыңдап, жағымды әуенмен бой сергіткісі келетіні рас. Радио ұжымы музыкалық қоржынның алуан түрлі әрі толымды болуына назар аударуда. Еліміздегі өзге радиолар секілді шетелдің әуендерін күні бойы айналдырып, қазақ тіліндегі әндерді тек түнгі уақытта беру әдісі павлодарлық арна үшін жат саналады. Сондықтан отандық эстрада әндерін бұрынғыдан да жиі еститін боламыз.

Әзірше, 24 сағаттық хабар тарату тек Павлодар қаласында ғана мүмкін болмақ. Кейіннен өзге де өңірлер түнгі радиоға қосылады. Бұл бағытта техникалық мүмкіндіктер шешілуде.

 

Мұрат АЯҒАНОВ

 

saryarka-samaly.kz