Оңтүстік Корея мемлекеті ақ олимпиаданы өткізуді ұзақ жылдар бойы жоспарлаған. Спорт тарихында әлемдік бәсекені ұйымдастыруға өз кандидатурасын үш рет ұсынған Пхенчхан қаласы, бұған дейін 2010 жылғы Олимпиада ойындарын өткізу құқығын - Ванкуверге, 2014 жылғы Олимпиаданы өткізу мәртебесін Сочиге беріп қойған еді. Осылайша оңтүстік кореялықтардың арманы үшінші талпыныста орындалды. Ойынның ашылу және жабылу рәсімдерін бір мезетте 75 000 адам тамашалай алады. Ал шаңғы жарыстары өтетін орталыққа 15 500 көрермен сыяды. Тұғырдан секіру орталығы бір сәтте 60 000-нан астам спортсүйер қауымды қабылдауға қауқарлы. Биатлон сайыстарын да бір уақытта 26 500 көрермен көре алады. Сондай-ақ «Ёнпхён» тау шаңғысы базасында бір мезгілде сайысты 18000 көрермен тамашалауға мүмкіндік жасалған.

Күллі дүние назар салатын ірі бәсекенің басталуына бір айдан астам уақыт қана қалды. Ел намысын әлемдік додада қорғайтын спортшылар арасында павлодарлықтардан кімдер бар? Олардың бабы қандай?

- Павлодар облысының дене тәрбиесі және спорт басқармасы 2017 жылы облыс бюджетінен шаңғы жарысына - 20,7 млн. теңге, биатлонға - 26,2 млн. теңге, шорт-трекке 32,0 млн. теңге қаржы бөлді. Спортшылардың жақсы нәтижеге жетуіне барынша мүмкіндік жасаудамыз. Біз үкілеп отырған 12 спортшының осалы жоқ. Барлығы да - республикалық, халықаралық додаларда жақсы нәтиже көрсетіп жүрген жандар. Шорт-трекші Денис Никиша мен Ким Ионг А және шаңғышы Анна Шевченколардың олимпиадаға қатысуға лицензиялары бар. Ал қалған 9 спортшы қаңтар айында өтетін әлем кубогының кезеңдеріне қатысады.

Үздік нәтиже көрсеткендері Қазақстан ұлттық құрамасы сапына енуі мүмкін, - дейді облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының спорт бөлімінің басшысы Олег Кольев.

2016-2017 жылдар жерлес биатлоншыларымыз үшін жетістікке толы болды. Атап айтсақ, Дарья Климина мен Максим Браун Жапонияның Саппоро қаласындағы 2017 жылғы VIII Азия ойындарында чемпион атанды. Антон Пантов та осы бәсекеде жақсы нәтиже көрсетіп, күміс медальді иеленді. Ал Александра Сасина мен Тимур Куц 2017 жылғы Қазақстан Респуб-ликасы чемпионатының қола жүлдегерлері атанды.

Шаңғы жарысы бойынша да павлодарлық спортшылардың ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштері бар. Анна Шевченко Алматы қаласындағы 2017 жылғы XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың чемпионы атанды. Ирина Быкова да аталған Бүкіләлемдік қысқы Универсиадада күміске қол жеткізді. Дарья Ряжко болса 2017 жылғы ел чемпионатында екінші орынды еншілеген.

Шорт-трекшілеріміз де жарап тұр. Жапонияның Саппоро қаласында өткен 2017 жылғы VIII Азия ойындарының қола жүлдесін Ольга Тихонова мен Ким Ионг А жеңіп алды. Денис Никиша 2017 жылы Беларусияның Минск қаласында өткен әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанды. Еркебұлан Шамуханов 2017 жылғы Қазақстан Республикасының чемпионатында алтыннан алқа тақты.

- Анна Шевченконың үлкен спортқа келгеннен бергі жетістігі көңіл қуантады. 2013 жылдан бері қарай тізе берсеңіз ол биік белестерді бағындыра білді. Маған Аннаның табандылығы ұнайды. Алдына мақсат қойса, сол мүддеден шығуға қашан да тырысады. Осыған дейін А.Шевченко Швейцария елінде жаттығуын пысықтады. Қазір әлем кубогының «Тур де Ски» кезеңіне қатысуда. Жақсы нәтижелерге жетеді деп ойлаймын. Ешбір спортшы олимпиада ойындарына жеңілу үшін бармайтындығы белгілі. Көк байрағымызды желбіретіп, еліміздің Әнұранын әлемге тыңдатсақ деген асыл арманымыз бар, - деді спортшының бапкері Александр Курсаков.

Естеріңізде болса, 2014 жылы ХХІІ қысқы Олимпиада ойындары Ресейдің Сочи қаласында өткен еді. Байрақты бәсекеге әлемнің 90 елінен 2800 спортшы қатысқан болатын. Айтулы додада еліміздің намысын 52 спортшы қорғады. Мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы жекелей бәсекеде Денис Тен қос бағдарламада 255,1 ұпай жинап, Қазақстан қоржынына қола жүлдені салды.

2015 жылдың 8 маусымында Халықаралық олимпиада комитеті Лозаннадағы отырысында 2018 жылы оңтүстік Кореяда өтетін қысқы олимпиада бағдарламасына бірнеше өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдаған еді. Олар алты бірдей қашықтықтағы ойындарды бағдарламаға қосып, ерлер мен әйелдер арасындағы екі ойын түрін тізімнен алып тастаған. Осылайша Сочиде өткен дүниежүзілік ойынға қарағанда алдағы ақ олимпиада ойындарының саны 4-ке көбейіп, жалпы саны 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады деп күтілуде.

Аталған ақ олимпиаданың төл логотипі екі символдан тұрады. Олардың бірінде аспан, адам және жердің үйлесім тапқан көрінісі бейнеленген. Ал екіншісінде қар мен мұзды білдіретін жұлдызша суреттелген. Бұл қатысушы спортшылардың жұлдызы биіктен жансын деген тәтті тілектен туындаған тәрізді. Ал Пхенчхан - 2018 қысқы олимпиадасының негізгі эмблемасына «Soohorang» атты жолбарыс таңдалып алынған. «Sooho» сөзін кәріс тілінен аударсақ, қорғаныс дегенді білдіреді. Ал «Rang» сөзі жолбарыс дегенге саяды. Жолбарыс Корей халқының ежелгі ауыз әдебиетінде ерекше құрметке ие. Ол күш-қуатқа бай жануар ретінде бейнеленеді. Ал жолбарыстың түсінің ақ болуы қысқы олимпиаданың көрінісін ашуға мол мүмкіндік бермек.

Пхенчхан - 2018 қысқы олимпиадасында жеңімпаздарға табыс-талатын медальдардың алдыңғы бетінде Олимпиада сақиналары, екінші бетіне Пхенчхан қысқы Олимпиадасының логотипі бейнеленген. Медальдың диаметрі - 92,5 миллиметр, шығыңқы бетінің қалыңдығы - 9.42 миллиметр, ойыс бетінің қалыңдығы 4,4 миллиметрді құрайды. Алтын медальдің салмағы - 586 грамм, күміс медаль - 580 грамм, қола медальдің салмағы 493 грамм тартады.

Айта кетерлігі, бұл жолғы алтын медальдің салмағы 2014 жылғы Сочи Олимпиадасындағы алтын медальдан салмақтылау болып отыр.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz