Мәскеудің мықтыларын жинаған

Павлодар облысының тумасы, ғалым-геолог, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың қайраткерлігінің бір қыры Қазақ ұлттық ғылым академиясын құруы барысында жарқырап көрінді. Ұлы істің қиыншылығы мен қыр-сыры туралы «Қаныш аға осындай еді» атты естелік кітапты оқыған азаматтар толық хабардар деп ойлаймыз. Расында, Қ.Сәтбаевтың бұл орайда атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Бір ғана Ұлы Отан соғысы жылдарында жаумен шайқасып жатқан Мәскеуден талай кеңестік оқымысты ғалымдарды алдыртып, оларды қазақ жерінің игілігі үшін еңбек етуге тартқанын аңыз етіп айтуға тұрарлық. Бұл істі ғалым атамыз өмірінің маңызды бір кезеңі ретінде қабылдағаны анық. Әуелде КСРО Ғылым академиясының филиалы ретінде ашылған мекеме кейін, 1946 жылы Қазақ ұлттық ғылым академиясы болып жеке отау тігіп шықты. Содан бері бұл ғылым ошағы қазақ елінің мүддесі үшін қызмет еткені белгілі. Алғашқы Президенті Қаныш Сәтбаев қажырлы еңбектің үлгісін көрсетті. Одан кейін Дінмұхаммед Қонаев басшылық етсе, ізін ала Павлодар облысының тағы бір мақтанышы, атақты энергетик Шапық Шөкіұлы Шөкин басшылық етті. Қай қайраткердің тұсында да Қазақ ұлттық ғылым академиясы ғылыми жаңалықтардың бесігі болып тұрды.

Қуғындалған Сәтбаев

Қазақ жеріндегі ұлттық Ғылым акаде- миясын құру идеясы Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан уақытта пайда болған еді. Көрнекті ғалым соғыстың қиыншылығына мойынсұнбай, Қазақ КСР Ғылым акаде- миясын ұйымдастыру ісін табанды түрде қолға алды. Қазақ КСР Ғылым академиясының құрылуы республикамыздың ғылыми тұрғыда дәлелді шешімдерін тұжырымдауға, ел экономикасының, ғылымы мен мәдениетінің өркендеуіне үлкен мүмкіндіктер ашты. Ғылым академиясының құрамына зерттеу институттары, секторлар, кітапханалар мен мұражайлар, лабораториялар, кабинеттер мен комиссиялар, сонымен бірге базалар мен филиалдар қарайды, сондай-ақ, бұл мекемелердегі тиісті салаларды жоғары білімді мамандар және қызметкерлермен қамтамасыз етеді. Қазақ КСР Ғылым академиясы ашылғаннан кейін дербес ғылым салаларында зерттеу институттарының ашылуы етек ала бастайды. Қоғамдық және жаратылыстану ғылым салаларында көптеген ғылыми зерттеу орталықтарының ашылуы, олардың дамуына үлкен септігін тигізді. Сондай-ақ, олардың ашқан жаңалықтары мен жеткен жетістіктері де еліміздің ғылыми кешенді даму белестерін айқындай түсті. Институттардың ашылуы Қазақстанның ауыл шаруашылығының дамуына үлкен септігін тигізді. Себебі ол кезеңде еліміздің ауыл шаруашылығы тоқырауда болды. Ұлы Отан соғысы жылдары барлық өнімдер майданға арналды, ал соғыстан кейінгі ауылдың жағдайы мүшкіл еді. 1947-1948 жылдары ауылдық жерлерде жұмысшы қолының тапшылығы немесе техникалық жетіспеушіліктер орын алды. Егістік аймақтарда тек қол еңбегі өнімі болғандықтан жұмыс өнбеді. Кейбір аймақтарда ғана кәрістерді көшіріп әкелгеніне байланысты күріш алқаптары болды. Егіс алқаптары тек 1952-54 жылдары тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде көбейіп, ауыл аймақтарындағы халық нанға сол кезден кейін ғана тоя бастады. Ғылым Академиясының жаңа ғылыми- зерттеу орталықтарының ашылуы еліміздің ғылымы мен мәдениетіне, қоғамдық өміріне ерекше әсер ете бастады. Десек те, республикамыздың мұндай жетістіктерімен қатар академияның жанындағы қоғамдық ғылым бөлімдерінің зерттеу жұмыстары сынға ұшырап, басына қара бұлт үйірілді. 40-жылдардың соңы мен 50-жылдардың басындағы қоғамдық саяси өмір Қазақ КСР ҒА-ның 200-ге жуық қызметкерлерін жұмыстан шығарып, айыптап үлгерді. Оның ішінде Қазақ КСР Ғылым Академиясының президенті қызметінде болған Қ.Сәтбаевқа жүктелген міндет тарихи шындықты өткен кезеңнің басты оқиғалары ретінде дәлелді жазғандары үшін қудалауға ұшыраған қазақ зиялылардың екінші тобын жұмыстан қуу еді. Негізсіз айыптаудан бас тартқан Қаныш Сәтбаев та осы қудалаудың жолына түсіп кетеді.

 

 Ғалымдардың көбі қазақтар еді

 Қаныш Имантайұлы Сәтбаев қазақ ғылымының жанашыры болды. Ол Ғылым академиясының басшылығында болған кезінде ғылымға байланысты әр саланы мұқият қарап, оны орындалуын қадағалап отырды. Мысалы, 1950 жылы №134 хат бойынша Қазақстан КП(б) ОК хатшысы Ж. Шаяхметовке «Абай Құнанбаевты мәңгілік есте қалдыру» туралы ұлы ақынның 1954 жылы дүниеден өткеніне 50 жыл толуына байланысты Абайдың кітаптары сұраныста екенін, қалған шығармаларын да шығару керектігін айтып, еске алу шараларын өткізуді күн тәртібіне кіргізу керектігін дәлелдеп, іске асырды. Бұл өз елінің тұлғаларын дәріптеп, олардың еңбегін елге таныстыру ісіндегі ғалымның атқарған қызметі еді. 1958 жылы Қаныш Имантайұлы КСРО Жоғарғы Кеңесінің бесінші сессиясының депутаты болып сайланды. 1959 жылы КОКП XXI съезінде делегат, 1961 жылы – КОКП XXII съезінде делегат, КСРО ҒА Президиумының мүшесі болып сайланады. 1962 жылы Сәтбаев Кеңес Одағының Жоғарғы Кеңесінің алтыншы шақырылған сессиясында депутат және төраға орынбасары болып сайланады. 1963 жылы Қаныш Имантайұлы геология ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін Ленин орденімен 4-ші рет марапатталды. Қ.И. Сәтбаевтың құнды да бай дәлелдерінің арқасында ашылған Қазақ КСР ҒА-ның ғылыми мекемелерінде 1946-1960 жылдары аралығында 82 ғылым докторы мен 800-ден астам ғылым кандидаты қорғап шықты. 1970 жылы Қазақ КСР ҒА ғылыми мекемелерінде 114 ғылым докторлары, 1060 ғылым канди- даттары қызмет атқарды. Бұл көрсеткіш 1946 жылмен салыстырғанда ғылым орталығында академиктер 4 есе, корреспонденттар 4 есе, ғылым докторлары 2 есе, ғылым кандидат- тары 5,9 есеге өскендігін көрсетеді. Ғылыми зерттеу мекемелеріндегі қызметкерлердің көбісі қазақтар болды. Қарқынды жұмыстардың нәтижесінде Қазақ КСР Ғылым академиясының геологтары, металлургтері, энергетика саласының маман- дары, кеншілері, химиктері, тарихшылары мен тілшілері, экономистері өздерінің ғылыми жұмыстарын халық шаруашылығының мамандарымен бірлесе отырып жүргізді. Нәтижесінде сол кездегі басты сыйлықтар Ленин және Сталин атындағы марапаттау- лармен немесе еңбегі сіңген ғылым қайраткері деген атақтар алды. Бұл Ғылым академиясының табанды еңбегі мен жетістіктерінің көрсеткіші еді. Қазақ ғалымдарының бірегейі Қ.И. Сәтбаевтың Қазақстандағы ғылымның дамуына қосқан үлесі зор. Мәселен, Қарағандыда металлургиялық зауыттың өмірге келуі, Қостанай, Алтай темір және марганец, Қаратаудың фосфорит кендерін игеру және Ертіс-Қарағанды каналының қазылуына, біраз ғылыми-зерттеу институттарының ашылуына тікелей араласып, зор еңбек сіңірді. Сондықтан Қ.И. Сәтбаев сияқты ұлы тұлғалар бастаған ғылым саласы өз болашағын еш жоғалтпақ емес. Бүгінде Қазақ КСР Ғылым акаде- миясы болып құрылған Ғылым ордасы өсіп, өркендеп, мұнда дайындалған ғалымдар көптеген ғылыми жаңалықтарымен еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Қазақ КСР Ғылым академиясының тарихына байланысты құжаттар «Ғылым ордасы» ведомстволық мұрағатының қорларында сақтаулы. «Қазақ КСР Ғылым академиясы» атты 2 қорында Ғылым академиясының тарихына байла- нысты барлық құжаттар бар және бүгінде бұл құжаттар өз құндылықтарын жоғалтқан емес.

 

Алда да ҰҒА елмен бірге

Бүгінде 70 жылдық белесті бағындырып отырған Қазақ ұлттық ғылым академиясының алға белгілеген міндеттері де айтарлықтай. Қазақ ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрыновтың айтып өткеніндей, қазіргі уақытта ғылым акаде- миясы республикалық қоғамдық бірлестік бола отырып, кеңестік модельден бас тартып, тәуелсіз Батыс-Еуропалық моделінің сүлбесі бойынша дамуда. Аға ұрпақтың өнегелі істерін жаңа серпінмен жалғастыра алатын, сөйтіп елімізді әлемдегі жетекші 30 елдің қатарына қосуға қабілеті мен дарын-талант- тары жететін жастардың отандық ғылымның қатарын толықтыратынына сенімі зор. Бүгінде академияның 237 тұрақты мүшесі, 14 шетелдік және 88 құрметті мүшелер бар. 2004 жылдан бері академияның 6 құрылымдық бөлімшесі еліміздің ірі ұлтық университеттерінде топтасқан.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев академияны 70 жылдығымен құттықтап, ел дамуына қосқан үлесін атап өтті. Академия қабырғасында еліміздің мақтанышы саналатын алыптарымыз еңбек етті. Бүгінгі мерейлі сәтте біз Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан және басқа да ғалымдарымызды атап өтуіміз қажет. Тәуелсіздік жылдарында Ұлттық академия академиктері алдыңғы буынның абыройлы ісін лайықты жалғастыра білді. Қазақ ғылымы дамудың биік белесіне көтерілді. 25 жылда ғылыми ұйымдардың саны екі есеге көбейіп, саны 300-ден асты. Ғылымды қаржыландыру жыл өткен сайын артып келеді. Соңғы үш жылда ғана 100 миллиард теңге бөлінді.

Алдағы уақытта біз бұл ұстанымнан айырылмай, ғылымның қарқынды дами беруіне барлық жағдайды жасайтын боламыз. Тиісінше, әлемдік дамудың көшін бастаған 30 елдің қатарына қосылу жолында сіздерге зор үміт артылады. Себебі, бүгінгі жағдай білім мен ғылым арқылы іске қосылады. Алдағы осы мақсатымызға жету үшін мен биыл үшінші жаңғыруға байланысты биылғы Жолдауымда бес басымдықты айқындап бердім. Олардың қай-қайсысы да ғылым мен білімге байланысты. ХХІ ғасыр – ғылым мен білімнің ғасыры. Әсіресе, қолданбалы ғылым көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатқанын бәріміз көріп отырмыз, – деді Елбасы. Үкіметке әзірлеуге тапсырған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы әзірлеуді әлемдегі барлық озық технологияларды өзімізге бейімдеп, жаппай енгізуге мүмкіндік беретініне тоқталды. – Ғалымдарымыз дәуір сұраныстарына сай өз дүниетанымын, ғылыми көзқарастарын қайта қарауы керек. Біз өнеркәсіптік ғылымның қажеттілігін ескере отырып, гуманитарлық салаларға да ұмтылуымыз қажет. Оның барлығына тиісті кадр, тиісті компетенция қажет. Мұның бәрі мектептен басталып, университетпен, ғылыммен аяқталады. Мемлекет те, мен де қазір осы шараға белсене кірісіп жатырмыз. Бүгінде Ғылым академиясы салалық және өңірлік бөлімшелері бар ірі зияткерлік орталыққа айналды. Біз ғылыми және ғылыми- техникалық қызмет нәтижелерін коммер- цияландыру туралы заң қабылдадық. Енді осы заң толыққанды қолданылуы қажет. Ғылыми-зерттеушілік қызмет нәтижелерін қазақстандық кәсіпорындардың қажеттіліктеріне бағыттайтын тетіктер енгізу керек. Біздің алдымызда импортты алмастыру және экспорттық өндірісті дамыту міндеті тұр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Түйін

Осылайша, қиын-қыстау уақытта Қаныш Сәтбаевтың қайраткерлігінің нәтижесінде құрылған Қазақ ғылым акаде- миясы алдағы уақытта да өзінің жұртымен бірге. Елдің игілігіне қызмет етуге тиіс. Мұны тек үздік отыз елдің қатарына кірудің алғышарты ретінде ғана емес, кешегі ғалымдардың мұраларын лайықты жалғастыру деп түйсінуіміз керек.

 

Нұрбол ҚАНАТБЕКҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz