Италияның Валь-ди-Фьемме қаласында өтіп жатқан шаңғыдан «Тур де Ски» кезеңінде Алексей Полторанин топ жарды. Ерлер арасындағы масс-старт сайысында 15 шақырымға классикалық жүгіру жарысында ол 38 минут және 40,3 секунд уақыт көрсеткішімен үздік нәтижеге қол жеткізді. Ресейлік Андрей Ларьков екінші келсе, канадалық Алекс Харвей үздік үштікті қорытындылады.

Ал Швейцарияның Ленцерхайде қаласында өткен шаңғыдан «Тур де Ски» турнирінде ерлер арасындағы 15 шақырымға классикалық сырғанау жарысында Алексей Полторанин екінші орынды еншіледі. Жарыстың аталған түрінен ел намысын Алексейдің бір өзі ғана қорғап жатқандығын айта кеткен жөн. Ол осы сайыста жарыс қожайыны Дарио Колоньяданға небары 0,6 секунд айырмашылығымен жол берген. Ал үшінші орынды норвегиялық Мартин Йонсруд Сундбю місе тұтты.

Алексей Полторанин «Тур де Скидің» соңғы кезеңінде төртінші орынға табан тіреді. Жарыстың қорытынды сайысында қатысушылар еркін стильмен 9 шақырым қашықтықта бақ сынаған. Бұл сында да швейцариялық Дарио Колонья өзін өзгелерден мықты екендігін дәлелдеп, жалпы есепте де көш басына шықты.

Қыздар арасындағы 10 шақырымдық масс-старт жарысында жерлесіміз Анна Шевченко 16-орыннан көрінді. Бірінші орынды 29 минут 7,9 секунд көрсеткішімен норвегиялық спортшы Хейди Венг иеленді. Фин елінің намысын қорғаған Криста Пярмякоски сайысты екінші болып қорытындылады. Үшінші орында австриялық Тереза Штадлобер.

Әзірлеген - А.ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz