Щвейцариялық жүйе бойынша өткен турнирге 9, 11, 13, 15 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар 4 топқа бөлініп өнер көрсеткен.

Тоғызқұмалақтан облыстың бас жаттықтырушысы Арыстан Қапаевтың айтуынша, жарысқа Ақсу, Екібастұз, Ертіс, Железин, Баянауыл, Лебяжі, Павлодар аудандарынан барлығы 137 жас тоғызқұмалақшы қатысқан. Сайыстың алғашқы үш күнінде спортшылар тоғызқұмалақтың классикалық түрі бойынша бақ сынаса, турнирдің соңғы екі күнінде ойынның блиц түрі бойынша мықтылар анықталған. Сайыстың жеңімпаздары республикалық турнирлерге қатысуға тікелей жолдама алды. Ал екінші орын иеленген спортшыларға да ірі жарыстарға қатысатын мүмкіндіктер бар. Үшінші орын алған ойыншылар арасында алдағы уақытта республикалық додаларға қатысуға іріктеу өткізіледі.

2018 жылы ақпан айының 5 мен 9-ы аралығында Алматы қаласында жеке командалық кубок өткізіледі. Былтырғы жылы павлодарлық тоғызқұмалақшылар аталған бәсекеде топ жарған еді. Жерлестеріміз биыл да былтырғы жетістікті қайталауға ниетті. 6 спортшы 1 команда болып қатысатын сайысқа облыстық команданың қосымша құрамасының кейбір ойыншыларын жұмылдыру жоспарланған. 18-22 қаңтар аралығында Ақсу қаласында облыстық команда кубогы сарапқа салынады. Үздік ойыншыларға спорт шеберіне үміткер атағы берілмек.

- Ата-бабамыз ойнаған төл ойынды жас ұрпақтың жадына сіңіру - біздің ата-аналық борышымыз. Менің немерем Арнұр Шахмет былтырдан бері Ақсу қаласындағы №2 мектепте тоғызқұмалақ үйірмесіне барып жүр. Нәтижесі жаман емес. Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің тоғызқұмалақтан өткізген X республикалық турнирінде екінші орынға ие болды. Енді, міне, облыстық турнирде жүлделі үшінші орыннан көрініп отыр, - дейді Ақсу қаласының тұрғыны Теміржан Темірбаев.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz