Кітаптың мазмұнына баға берген еліміздің ғалымдары Елбасының туындысын Қазақстанның тәуелсіздік энциклопедиясына балады. Дәуірнамалық еңбек деп есептейтіндер де жетерлік. Себебі, мұнда Қазақстанның тәуелсіздікті қалай алғаны, ел болып қалыптасу жолы, алғашқы кезде атқарылған жұмыстар, бәрі-бәрі қамтылған. Яғни, бұл жинақ Қазақстанның даму үлгісінің айқын көрінісі, жаңа тарихымыздың жазбасы десе болады.

Кітап 4 бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлім Қазақстанның бірінші жаңғыруына арналған. Мұнда Елбасы мемлекеттің дүниеге келуін кеңінен баяндайды. Бұл дегеніңіз, 1991-1995 жылдардағы жағдайлар қамтылған. Егемендік алып, Қазақстанның жасаған алғашқы саяси қадамдары, президенттік институттың нығаюы, парламенттік сайлаудың өтуі, сот билігінің қалыптасуы жайын сөз еткен. Ал «Ұлы бетбұрыс» (1996-1999 жылдар) деп аталған екінші бөлімде елдегі екінші жаңғырудың басталғаны айтылады. Яғни, бұл бөлімге стратегиялық жоспарлар құруға көшу, Елорданың арқаға ауысуы, мемлекеттік басқару жүйесінің қалыптасуы, экономиканың тұрақтануы сынды ауқымды істер арқау болған. «Қияға құлаш сермеу» (2000-2010 жылдар) деген атауға ие үшінші бөлімде Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның мақсаты айқындалғанын айтқан. Мемлекетті нығайтудың іргелі реформалары қолға алынғаны, экономикалық саясат пен өсім, қаржылық сектордағы нық қадамдар, дағдарысқа төтеп берудегі тегеуірінді іс-қимыл турасында ой толғайды. Әлеуметтік саладағы өзгерістер де осы бөлімде толық қамтылыпты. Енді төртінші бөлім қалыптасқан мемлекеттің беталысына арналған.

Автор толымды туындыда Қазақстанның 26 жылдағы 33 жетістігі мен оған жету жолдарын талдай отырып, көрсеткен екен. Мамандар туындыны алдағы уақытта әлем тілдеріне аударуға бел буып отыр. Осылайша, Қазақстанның қарышты қадамын, даму тәжірибесін өзгелерге үлгі ету көзделген. Ал оған дейін бұл кітапты әрбір қазақстандықтың оқып шығуы тиіс. Тіпті, оқу бағдарламасына енгізу де ойда бар.

Қабидолла ШӘКӘРІМОВ, облыстық «Замандас» ардагерлер клубының директоры:

- Елбасының кітабын оқығанда тәуелсіз еліміздің жүріп өткен жолы толығымен көз алдымызға келеді. Бүгінгі күнге жетудің оңай болмағанын аңғаруға болады. Халықаралық беделіміздің де біршама өскенін көреміз. Тарихымыз хронологиялық түрде толық қамтылыпты. 26 жыл ішіндегі оқиғалар ғана жазылмаған. Елбасы кітапта жеке көзқарасын да білдіріпті. Қандай да бір мәселені шешу кезінде қандай пікірде болғанын, қандай ойлар мазалағанын да бүкпесіз баяндаған екен. Жинақтың алғашқы бетіне Мемлекет басшысының кітапты өзінің басты қолдаушылары – халқына арнайтынын айтыпты. Яғни, халқын бәрінен биік қоятынын аңғаруға болады. Кітап өскелең ұрпаққа таптырмас тарту дер едім. Өйткені, туындыда Елбасы егемен еліміздің өткен жолын сипаттап қана қоймайды, терең талдаған.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz