Екібастұзға қарасты Шідерті кенті жағынан бір оқырман телефон соқты: «Қараңғы түнде әлдебіреулер ауылдың итін шулатып, әр үйдің есік-терезесін қағып жүрді. Шошынып, есікті ашып қалғанда алқам-салқам киініп, бет-ауыздарын бояп, жалмауыздың бетпердесін, қара шұлық кигендерді көргенде талып қала жаздадық. Әлгілер «Сеем, веем» деп шулаған өзіміздің ауылдың оқушы балалары екен. Босағадан аттай бере, үй ішіне айнала бидай-жем шашып, әндерін бақыра айтып, бір сұмдық көрініс болды. «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» дегендей, балалардың бұл ісіне қатты күйіндік. Мұғалімдер осындай жосықсыз істерді балаларға неге түсіндірмейді?» деп кейіді. Шідерті – кезінде өзге ұлт өкілдері көп қоныстанған, жергілікті халықтан гөрі, жат жұрттың салт-дәстүрі кеңінен насихатталған жер. Қазір көпшілігі қандастарымыз болғанмен, өзге ұлттың дәстүріне бойұрғандық әлі де сақталып қалған екен. Расында, оқырманымыз айтқандай, мұның салтымызға жат дәстүр екендігін ата-аналар, мектепте мұғалімдер балаларға неге түсіндірмейді? Жалпы, елімізде аталып өтілетін мемлекеттік мереке-мейрамдардың мән-маңызын осы біздің оқушыларымыз біле ме екен? Білмейді-ау, білсе осылай жасар ма еді?

Ескіше жаңа жыл деген не? Қайдан келген? Тарих былай дейді: «Патшалық Ресейге «Юлий» күнтізбесі I Петрдің жарлығымен 1700 жылы енген-ді. Бұған дейін әлем жаратылғанынан бері деп есептеліп келген 7208 жыл 1 қаңтардан бастап 1700-ші жыл деп өзгертілді. Ол кезде Еуропа «Григорий» күнтізбесіне ауысып кеткен еді (1582 ж). Екі күнтізбедегі айырмашылық себебінен бұл кезде Ресейде 1700 жылдың 1 қаңтары болса, Еуропа елдерінде 1700 жылдың 10 қаңтары кіріп жатқан еді. Уақыт өте келе «Григорий» күнтізбесі бүкіл әлемге таралды. Біз құрамында болған Кеңес Одағына ол 1918 жылы енгізілді. 1918 жылдың 24 қаңтарында «Батыс Европа күнтізбесінің Ресей мемлекетіне енгізілуі туралы» В.И.Ленин қол қойған декрет қабылданды. Бұл кезде «Юлий» және «Григорий» күнтізбелерінің арасындағы алшақтық 13 күнге жеткен еді (1700 жылы екі күнтізбедегі айырмашылық 10 күн болған). Декретте көрсетілгендей 1918 жылдың 31 қаңтарынан кейінгі күн 1 ақпан емес, 14 ақпан болып есептелді. Осы өзгерістен кейін 1919 жылдан бері, ескіше жаңа жыл қаңтардың 13-інен 14-іне қараған түні тойланып келеді. Бұл өзгеріс қазақ халқын да айналып өтпеді. 1 наурызда жаңа жыл мерекесін тойлайтын біздің ел ендігі кезде 14-інші наурызда жаңа жылды қарсы алатын болды. Бұған Шәкәрім қажының баласы Ахаттың естелігі дәлел. Ол: «14 март - ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз деген» деп жазған. Осыны мектеп оқушылары білуге тиіс қой.

«Біздің елде тұрмыс-салт жырларының бірі Жарапазан айту деген бар еді. Ол ораза ұсталатын рамазан айында айтылады. Кешкілік ауызашар кезінде ауылдың өлең айтуға бейімі бар жастары жиылып, әр үйдің тұсына келіп Жарапазан айтады екен. Оны ешкім ерсі санамайтын болған, қайта үйден шама-шарықтарына қарай сыйлық алып шығып, Жарапазаншыларды риза етіп жіберетін болған» делінген біздің «Тұрмыс-салт» жайлы зерттеу еңбектерде. «Жарапазанның негізгі мақсаты — ораза айында ел көңілін көтере жүріп, ислам дінін насихаттау, жұртты шариғатқа, иманға ұйыту, береке-бірлікке, ізгілікке шақырудан туған» делінеді. Ахмет Байтұрсыновтың «...ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдiң тұсында тұрып жарапазан өлеңiн айтады», – деп жазуы да осының дәлелi. Ендеше, қазақ балаларының «Сеем, веем, посеваем...» деп, есік қағып түн ішінде ауыл аралауы қалай? Сол балалар, солар білім-тәрбие алып жүрген мектептері, мұғалімдері «Жарапазан» дегенді біле ме екен? Жалпы, бұл жағдайға білім беру бөлімдерінің қызметкерлері не дейді?

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz