Стратегияның қалыптасуы

Жас мемлекет үшін тырнақалды сыртқы саяси қадамдар ауырға соғады. Қазақстанға өзінің сыртқы саясатын тыңнан бастауға тура келді. Сыртқы саяси бағытты қалыптастырудың негізгі қиындығы елдің өз тәуелсіздігін тыныш та тұрақты жағдайда емес, мүлдем жаңа геосаяси жағдайда бастауында болатын. Дәл осындай кезеңде мемлекеттің Қазақстанның мүдделеріне тікелей немесе жанама әсері бар халықаралық процестердегі ұстанымдарын мүлтіксіз белгілеу қажет болатын. КСРО-ның ыдырауы жаһандық және аймақтық деңгейде түрлі зардаптар туындатты. Посткеңестік кеңістікте қарулы жанжалдар пайда болды. 1992 жылдың наурыз-сәуірінде Мохаммед Наджибулла режимінің күйреуі Ауғанстанда ішкі соғыстың туындауына әкеліп соқты, мамырда Тәжікстанда қақтығыстар басталды. Тұрақсыздық қатері әзірге өз қауіпсіздігі мәселесін шеше алмаған, сондықтан әлсіз болып отырған ортаазиялық жаңа мемлекеттерге де төнді. Қазақстанның өз ішіндегі және одан тысқары аймақтағы түрлі күштер арандату әрекеттері арқылы қазақстандықтарды бір-бірімен ғана емес, сондай-ақ көршілерімен де жанжалдастыруға тырысты. Кеңестік дәуірдің ауыр мұраларының бірі Қазақстан үшін көрші мемлекеттермен аумақтық дау-дамай болатын. КСРО-ның ядролық арсеналының қомақты бөлігіне ие болып қалған тәуелсіз Қазақстан жетекші державалардың қатаң бақылау объектісіне айналды. Халықаралық саясатта қалыптасқан стереотиптерге орай, олардың өздеріне мүлдем бейтаныс жас мемлекетке деген көзқарасы шу дегенде әртүрлі болды. Басында біздегі ақиқатты білмеген олар Қазақстанды ядролық қаруы бар және бүкіләлемдік қоғамдастыққа қатер төндіретін ислам мемлекеті деп қабылдады. Бұл жағымсыз образ бізге ғана емес, сондай-ақ біздің болашақ әріптестерімізге де кедергі келтірді. Қиындық мынада болатын: іс жүзінде Қазақстанда күрделі сыртқы саяси міндеттерді шешуге өкілетті кәсіби дипломаттар болмады. Кеңестік дәуірде Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінде негізінен хаттамалық шаралармен және халықаралық мәдени әріптестікпен айналысатын бірнеше адам ғана жұмыс істеді. Мен күрделі міндеттер шешу алдында тұрған біздің еліміздің, дәстүрлі саяси мәселелерді айтпағанда, шетелде бірде-бір өкілділігінің жоқтығын, сыртқы саяси мәселелердің қарапайым тәжірибелері де білікті мамандары да жоқтығын талай мәрте айтқам. Бастапқы кезде, басқа да жас тәуелсіз мемлекеттер сияқты Қазақстанның халықаралық мүдделерін Ресей қорғады. Алайда мұндай амалсыз шара ұзаққа созылуға тиіс емес еді. Міндетті түрде өзіміздің сыртқы саяси және дипломатиялық жүйемізді жылдам құруымыз керек болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еуразиялық кеңістіктің болашағы әзірге беймәлім болды, біз шетелдік үлгілерді көрсоқырлықпен қайталамай, керісінше, тек өзіміздің ұлттық мүдделерімізді басшылыққа ала отырып, ҚР сыртқы саяси бағытын қалыптастырдық. Бірінші бүкілхалықтық президент сайлауы өткеннен кейін келесі 1991 жылдың 2 желтоқсаны күні мен қазақстандық сыртқы саясаттың негізгі принциптері мен басым бағыттарын белгіледім. Қазақстан өзінің геосаяси жағдайы мен экономикалық әлеуетіне орай аймақтық тар ауқымда шектеліп қалмауға тиісті еді. Қазақстанның болашағы Азиямен де, Еуропамен де, Шығыспен де, Батыс-пен де байланысты болатын. Шығыс пен Батыс арасындағы өзара түсіністік бір-бірінің ерекшелігін білуіне және біздің елдеріміз бен халықтарымыздың игілігі жолында барлық мүмкіндіктерді есептеуге байланысты болатын. Дәл осындай саясат жүргізген мен Қазақстанның қауіпсіздігіне қатер төндіретін қандай да бір құбылыстың алдын алатынымызға сенімді болдым. Қазақстанның геосаяси жағдайының ерекшелігін түсіну бізге әлемдік алыптармен көрші орналасқан жас мемлекетіміздің болашағын болжай білуге көмектесті. Көптеген адамдар әлсіздік факторы деп есептеген нәрсенің бәрін біз, керісінше, табыстың кепілі есебінде қарастырдық.

Ядролық қарусыз әлем жолындағы көшбасшылық

Аумағымыздағы Семей сынақ полигоны, мұраға қалған кеңестік қару-жарақ тәуелсіз республиканың меншігіне өткеннен кейін бізге үлкен таңдау жасау қажет болды. Бәске ұзақ мерзімді ұлттық қауіпсіздік тігілді. Таразының бір басында - өзіміздің әскери қуатымыздың ресурсы ретінде ядролық әлеуетті сақтап қалу, ал екінші басында өзіміз үшін ядролық қарусыз болашақ таңдап, одан бас тарту арқылы бүкіл жер жүзіне біздің мақсатымыз күшімізді қару-жарақ жинаумен дәлелдеу емес екенін көрсету тұрды. Осынау күрделі таңдау алдында тұрған кезде Алматыға, көптеген адамдар үшін тірі аңызға айналған, Маргарет Тэтчердің келгені есімде. Дегенмен алғашқы кездесуден-ақ бастысы қонақтың биік мәртебесі немесе маңызын сезіну емес, жұмыс пен мәселенің шешілуі екеніне ден қойдық. Ол өте еркін, тік мінезді әрі ашық адам болатын. Тэтчер бірінші кездесудің өзінде маған: «Сіз ядролық қаруды не істемек ойдасыз?» – деген сауалды тікесінен қойды. Іштей кесімді шешім қабылдап қойсам да, әлі де ойлану үстіндегідей қалып таныттым. Бір жағынан маған оның мұндай тік мінезі ұнады. Екінші жағынан, Тэтчердің бұл сауалды өз тарапынан ғана емес, сондай-ақ батыстағы тұтас саясаткерлер ортасы атынан қойып отырғанын түсіндім. Ал негізгі келіссөз процесі әлі алда еді, сондықтан картаны алдын ала ашып тастауға да болмайтын. Дегенмен мен Тэтчермен барынша ашық сөйлесуге шешім қабылдадым және өз көзқарасымды барынша нақты білдірдім. Қазақстан қару-жарақтың таралу қаупіне жауапкершілікпен қарайды, бірақ бізге ядролық мемлекеттердің кепілі қажет еді, сонымен бірге елеулі инвестицияға есеп жасап отырғанбыз. Онсыз біз нақты келіссөздер жүргізе алмайтын едік. Осы әңгіме барысында Тэтчер мені мұқият бақылады. Бірінші кездесудегі сол ойлы да қатаң көзқарас есімде жақсы сақталыпты. Өзіңді рентген сәулесі арқылы тексеріп жатқандай болатын. Алайда біздің сөзімізде ешқандай жасырын астар болған жоқ. Тэтчер менің ашықты-ғымды жоғары бағалады. Кейде саясатта стереотиптерді бұзу да қажет. Өзіңнің қарсы алдыңда отырған адамның мінез-құлқы мен деңгейін түсіну де маңызды. Менің басымнан әлемдегі ең ірі мемлекеттердің бірінің президентіне байланысты бір оқиға өтті. Атын айтпақ-ақ қояйын. Өйткені тұтас бір мемлекеттің беделіне нұқсан келтіргім келмейді. Дегенмен сол адамның бойындағы үлкен саясатқа деген көзқарас болмашы ғана есебі бар кішкентай компанияның жұмысты жаңадан бастаған есепшісіне тән болатын. «Есесіне мен не аламын, әңгімелесуші мені алдап кетпей ме?» дегендей ойда отыратын. Ал Маргарет Тэтчермен әңгіме барысында оның ерік-күші мен деңгейін бірден сезіндім. Ол қашанда өзіне не қажет екенін білетін. Әңгіме деңгейін де өте үлкен биікке шеберлікпен көтере алатын. Алматыдан аттанарда Тэтчер маған: «Меніңше, Сізбен әлі де көп жайды талқылауға болатын сияқты», – деді. Шынында да, солай болды. Бұдан кейін де онымен бірнеше мәрте кездестік. Лондонға барған сайын мен міндетті түрде оған соғатынмын. Осылайша, Қазақстанның «ядролық мәселеге» байланысты таңдауы біржола шешілді: 1991 жылдың 29 тамызында мен Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойдым. Алайда проблемалар көп еді. Сондықтан 1992 жылдың қазанында БҰҰ-да сөз сөйлегенде, мен осынау ажалдың апанын жапқанымызды, бірақ аймақты сауықтырып, зардап шеккендерді емдеу, нәрестелерді қатерден қорғау үшін мол қаржы керек екенін атап көрсеттім. Әлемдегі АҚШ, Ресей мен Украинадан кейін көлемі жағынан төртінші ядролық арсеналдың тағдыры туралы мәселе ашық күйінде тұрған. 1991 жылдың соңында республика аумағында 1216 ядролық оқтұмсық болды. Бұл сол кезде Ұлыбританияның, Франция мен Қытайдың оқтұмсықтарын қосып есептегеннен де көп болатын. Мен «ядролық қару-жарақ Қазақстанның аймақтағы ықпалын күшейтуге қабілетті» дейтіндердің пікіріне мүлдем келіспедім. Саясаткер ретінде ядролық мемлекет мәртебесі елге болмашы ғана артықшылық беретінін, есесіне болашақта үлкен сыртқы саяси проблемалар тудыратынын айқын түсіндім. Атап айтқанда, Ресей өзін КСРО-ның бірден-бір ядролық мұрагерімін деп есептеді, ал АҚШ пен басқа да батыс державалары әлемге тарап кеткен ядролық қарудың терроршылар үшін қолжетімді болу мүмкіндігіне алаңдады. 1992 жылдың басында жас тәуелсіз мемлекеттер ядролық қаруды бір жерден бақылау мәселесіне келісе алмағаннан кейін олардың алаңдаушылығы тіпті күшейе түскен. Сол 1992 жылдың мамыр айында үлкен Джордж Бушпен келіссөздер барысында, «ядролық мәселенің» еліміз үшін барынша пайдалы, оңтайлы шешімін табудың сәті түсті. Біздің дипломатиямыз әлемдегі аса ірі державаның Қазақстанды саяси тұрғыда толық мойындауына және бізбен жан-жақты экономикалық әріптестікке әзір болуына қол жеткізді. Осылайша, әлем тарихында тұңғыш рет сыртқы саяси диалогта ядролық қаруға ие болу емес, керісінше, одан бас тарту маңызды тетікке айналды. 1993 жылдың ақпанында біз жаңадан сайланған АҚШ президенті Билл Клинтонның Мемлекеттік хатшы У.Кристоферге Қазақстанмен әріптестік мәселелерімен айналысу туралы тапсырма берген хатын алдық. Атап айтқанда, Б.Клинтон «Нанн-Лугар заңына сәйкес, АҚШ Қазақстанның ядролық қарудан азат болу процесіне көмектесу үшін қаржы бөлуге міндеттенетінін» жазыпты. Дегенмен, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Қазақстанға келген кезде шахталардағы ядролық зымыран қондырғыларын жою жөніндегі келісімшартқа жылдам қол қойғызу үшін тізеге салмақ болды, мен оны тоқтаттым. Әрине, біз АҚШ-тың алаңдаушылығын түсіндік және өзім де келісімге қол қоюға дайын едім. Бірақ дәл мұндай стратегиялық шешім үшін Қазақстан не алады? Мен оның есесіне Қазақстанның экономикасын әртараптандыруға, қорғаныс кәсіпорындарын бейбіт мақсатқа пайдалануға және басқа да қажеттіліктерге керекті америкалық инвестициялардың келуін талап еттім. Біз тек мұнай бизнесі ғана емес, басқа да америкалық бизнес түрлерінің Қазақстанға келуін қаладық. АҚШ үкіметі оған мүмкіндігінше септесуге тырысты. Ол үшін мемлекетаралық маңызды келісімдер керек болатын. Қысқасы, келісе алмадық. Сөйтіп, Кристофер риза болмай кетті. Мұндай жағдайларда АҚШ-қа пайдалы нәрселердің басқаларға да автоматты түрде пайдалы болатыны туралы америкалық элитаның ниеті заңды да. Бірақ маған өз елімнің мүддесін қорғау керек еді. Сөйтіп саналы түрде тәуекелге бардым. Бақытымызға орай, президент Б.Клинтон мен вице-президент А.Гор реалистік тұрғыда ойлайтын адамдар болатын. 1993 жылдың 10 желтоқсанында Жоғарғы Кеңес ядролық қару-жарақты таратпау туралы келісімшартқа қосылуға дауыс берді. 1994 жылдың 28 наурызында Борис Ельцинмен Қазақстан аумағында уақытша орналасқан Стратегиялық ядролық қарулар туралы келісімшартқа қол қойылды. Келісімшартқа сәйкес, Ресей Қазақстанға ядролық шабуыл қатерінен қорғауға кепілдік берді. Қазақстанның басты артықшы-лығы – жаппай қырып-жоятын қару-жарақтың мол қорында емес, керісінше, ашықтықта, бейбітшілікте, саналы ой-сана мен моральдық беделде екенін біз о бастан жақсы сезіндік. Ол ядролық қарусыз мемлекетті жүздеген, тіпті мыңдаған оқтұмсығы бар мемлекеттерден де қауқарлы күшке айналдыра алатын. Ұзақ мерзімді ұлттық қауіпсіздікті нығайту үшін қатерлі қарудан бас тартудың мұндай саясаты барлық замандарда да өзгелерге үлгі болуға тиісті еді. 1994 жылдың қазан-қараша айларында АҚШ Қазақстаннан (Өскеменнен) Америкаға 600 килограм жоғары байытылған уранды алып кету жөніндегі «Жақұт» операциясын іске асырды. 1994 жылдың 5 желтоқсанында Будапештте өткізілген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) саммитінде Қазақстан, Ресей, АҚШ және Ұлыбритания басшылары Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қосылған елдердің қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы Меморан-думға қол қойды. Соңынан Қазақстанға мұндай кепілдікті, Франция мен Қытай сияқты, басқа да ядролық мемлекеттер берді. 1995 жылдың мамыр айының соңына қарай Қазақстан аймағындағы ядролық қару толық жойылды немесе әкетілді, баллистикалық зымырандардың шахтадағы қондырғылары да жойылды. Осылайша, кеңестік ядролық қаруды мұраға алған, ел алдындағы аса күрделі міндетті - бүкіл әлемнің мүддесіне сәйкес және ұлттық қауіпсіздікке ешқандай нұқсан келтірмей шеше алдық.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, «Тәуелсіздік дәуірі»

saryarka-samaly.kz