Сексенінші жылдарда газеттің редакторы болған Балтабай Бекжанұлы Сейсенбеков те сол тұғырлы бағытты нық ұстанғандардың бірі еді. Басылымда 1981 жылдан бастап 1988 жылға дейін редактор қызметін атқарды. Ол газетке облыстық мәдениет басқармасының басшысы қызметінен ауысып келген болатын. Балтабай Бекжанұлының қызметінен ғана емес, жалпы жұртшылықпен қарым-қатынасынан байсалдылық, мәдениеттілік танылған азамат екенін білетін едік. Редакциядағы қызметі тап осылай байыптылық пен ерекше сыпайылық деңгейінде бастау алды. Ол кезде редакцияның өзге де толып жатқан техникалық қызметкерлерімен бірге шығармашылық құрамының өзінде жиырма сегіз адам бар еді. Бәрі дерлік қаламы ұшталған, қай тақырыпты болсын терең деңгейде қозғап кететін тәжірибелі мамандық иесі қатарында болатын. Облыстың үлкен мәдени ұжымын басқарып келгеніне қарамастан Балтабай Бекжанұлы редакцияның табалдырығын аттап кіргеннен қарапайымдылық танытты. Көп ұзамай жаңа басшы алғашқы лездемесін де өткізді. Бәріміз сәлемдесіп болып орын-орындарымызға жайғастық. Әрбір қимылынан, киген киімінен тазалықтың, тәртіптіліктің лебі есіп тұрған жаңа басшы өзіне белгіленген орынға жетіп, жан-жағына ойлана бір қарап қойып:

- Ал ағайын, партиялық тапсырмамен сіздердің үлкен ұжымдарыңызға келіп қалдық. Шынымды айтсам, бүгіннен бастап істі алға қарай дамыту үшін өзгеден бұрын маған сіздерден көп үйренуім керек екендігін аңғарып тұрмын, - деген еді. Тап осы сөзі отырғандардың біразын ойландырып тастаған. Әрбір сөздің өзекті тұсына мән бере тыңдап отыруға машықтанған қауымның ойында сан алуан түйіннің қылаң бергені сауалды көзқарастарынан-ақ байқалған. «Бұл не, бізді сынағаны ма? Өзі басшылыққа келіп тұрып: «Менің сіздерден көп үйренуім керек. Енді алға жылжыған әрбір қадамымызда сіздердің ақыл-кеңестеріңізге сүйеніп отырамын» - дегені шынында да шығармашылық ортаны басқарудың оңайға түспейтінін бірден түсініп, жүрексінгені ме?» -деген сауалдардың түп- төркінінде сыпайлылықтың нышанын ұғып қалғандардың да аз болмағаны ақиқат еді. Сол лездемеде басталған ұжымның бір-біріне ілтипат танытып, өзара түсіністік талпынысы уақыт алға жылжи келе бір тұтас қауым болып, облыстық газеттің алдына қойылған жауапты міндеттерді ойдағыдай атқаруға жол болды. Менің өзім еңбек жолымда газет саласында қырық жылдан астам еңбек еткен екенмін. Сол бір жылдарда Балтабай Бекжанұлының редакция жұмысымен танысып, менің жұмыс орныма келген кезі есімде қатты сақталып қалды. Кабинетімнің бүйір тұсында кішкене қоржын бөлме бар еді. Сол бір кішкентай бөлмеде машинка болатын. Шұғыл бір тапсырмаларды орындау үшін машбюроға қайта-қайта жүгірмей, қасымдағы бөлмеде материалды жедел басып дайындай қоюға өте бір қолайлы, тыныш жағдай болатын. Сол бөлмеде сытырлатып материал басып отырған едім. Кабинетке кірген жаңа редакторымызды аңғармай да қалыппын.

- Ғалымбек, бір шығарманың қызығына еніп кеткенсің-ау, шамасы. Дұрыс, жазу керек, іздену керек. Әлі-ақ үлкен жазушылардың қатарында болғаныңда бұл еңбеккерлігің өзіңе сабақ болады, - деді де, шығып кетті. Не керек, бір ойға түскен әңгімелерді, мақалаларды сол шағын бөлмеде отырып, машинкаға басып алу әдетіме айналып кетті. Осы әдетімнен сөгіс естіген кездерім де болды. Кейінгі кезде келген басшыларымның бірі оңаша бөлмеде машинка басып отырғанымды көріп: «Жұрттан тығылып не тындырып отырсың?» - деп сұрады. «Әңгіме жазып отырмын» - дедім ағымнан жарылып. «Айналайын, әңгіме жазатын болсаң Алматыға бар. Әңгіме жазғыш жазушылар сонда жиналады. Біздің редакциядағы журналистер партия берген тапсырмаларды орындауы керек алдымен» деп, еріккеннің ермегімен айналысып отырғандай мені жақтырмай қараған. Сол кезде бір Балтабай Бекжанұлымен алғашқы кездескенімді еске алғанмын. «Сол кезде атқарып отырған ісімді құптай сөйлегенінің өзі шығармашылығымды шыңдап, ілгері қадам басуыма үлкен мұрындық болған екен-ау» деп ойлаймын үнемі. Өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдарында «еңбек ұстазы» деген қозғалыс тек білім беру жүйесін ғана емес, бүкіл өндірістік, әлеуметтік саланы кең қамтыды. Сол игілікті бағытты барынша насихаттаған журналис- тер қауымының арасында да ұстаздық таныта білетін ұлағатты азаматтар танылды. Тек газетімізде ғана емес, облысымыздың көптеген бұқаралық ақпарат құралдарында Балтабай Бекжанұлын өздерінің ұстазы санайтын қаламгерлер жетерлік еді. 1959 жылы Алматы қаласындағы жоғары партия мектебін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған Б.Сейсенбеков Баянауыл аудандық «Ленин туы» газетінде қызмет атқарып, редакторы болды. Одан кейін облыстық «Қызыл ту» газетінің бөлім меңгерушісі болды. Сол облыстық газеттің басшысы болып жүрген кезінде журналистика бағытында көпке үлгі бола білді. Бәкеңді өзінің ұстазы ретінде санаған қаламгердің бірі, зейнеткерлікке дейін облыстық газеттің редакторының орынбасары деңгейіне дейін көтерілген Өскенбай Тастемханов «Ағаның аялы алақаны» деген естелігінде былай деп жазады: «Еңбек жолын Баянауылда аудандық газет редакциясында бастаған, кейін басшылықтың ұйғаруымен мәдениет саласында жемісті еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған Балтабай Бекжанұлы кезінде өзі белсенді авторларының бірі болған «Қызыл туға» редактор сайланғанда бір өзі жаңа бір леп ала келген еді. Ол ұжыммен жаңаша бағыттарда жұмыс істеуге әзір екендігін танытты» - дейді. Сол жаңа лептің бірі - жастарды, қаламгер әріптестерін уақыт талабына сай белсенділікке жетелеген бағыт еді. Заман алға жылжыған сайын газет өндірісіне де, шығармашылық бағытына да көп өзгерістер келгені белгілі. Атап отырған сол жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдарында қаламгерлердің шығармашылық қарымы кеңейді. Журналистер өздерінің кейіпкерлері - еңбек адамдары жайында көркем деңгейдегі очерктер жаза бастады. Бұл жеке адамның еңбегіндегі деректер мен нақтылы фактілерді қамтып қана қоймай, жұртшылықпен қарым-қатынасын, отбасын тәрбиелеудегі алар орнын жан-жақты суреттеумен жалғасты. Оған дейін газет оқырмандары тек қысқа хабарды қамтитын мақалаларды оқып келсе, енді адам өмірін терең талдайтын көркем шығармаларға тән дүниелерді оқитын болды. Газет оқырмандарының ынтасы артты. Бұл газет кейіпкерлерінің адамға, оқырмандарға, ал журналистердің өмір шындығына жақындығын қалыптастыра түсті. Бәкеңнің қызы Г.Қабдуалиева «Звезда Прииртышья» газетінде жарияланған «Слово об отце» деген мақаласында: «Біз әкемізбен жақын араласып жүрген жолдастарымен, әріптестерімен, қонақтарымен кездескен шақтарда қасында болып әңгімелерін тыңдап, сөздерін ұғып қалуға тырысатынбыз. Сол құрметті азаматтарға дастарқан жайып, қызмет көрсетуді де өзіміздің мәртебелі міндеттеріміздей санайтынбыз» - дейді. Адами қатынастың тәрбиелік тұрғыдағы орны осы бір шағын естеліктен де аңғарылатынын тағы бір атап өтпеске болмас. Қазіргі ХХІ ғасырдың екпінді жылдарында адамды тәрбелеудің өрелі тұстары бәсеңдеп қалған секілді көрінеді. Кезінде жастар ғана емес, еңселі азаматтардың өзіне ұлағатты ісімен өнеге бола білген өрелі азаматтарды тани білетіндердің де қатары сиреп қалғандай көрінеді кейде. Бәкеңмен қызметтес болып жүрген кезімізде байқаған тұстарымыздың бірі ол кісінің сән мәдениетіне, киімге ерекше ұқыптылығы еді. Қашан көрсек те, киген костюмы мен таңдап таққан галстугімен үндесіп тұратын ақ көйлегінің үнемі мұнтаздай таза, кіршіксіз болатындығы. Сөз жоқ, бұл ұқыптылық пен сәнділіктің түп-тамырында зайыбы Зәру Мәженқызы Ыбраеваның еңбегі жатқаны да даусыз еді. Жұртшылыққа өзге де толып жатқан қоғамдық жұмыстарындағы белсенділігімен танылған Зәру апамыз үй тәрбиесінде де көпке үлгі болатын. Сол ұқыптылық, қолындағы іске тындырымдылықтың бір қыры, бір көрінісі ретінде Бәкеңнің киіміне бір кіршік түспейтінін байқайтынбыз.

Ағамыздың түске дейін бір, түстен кейін бір ақ көйлек киетінін кейін өзіміз де есейіп, етене араласа бастағанда білдік. Қандай талғам десеңізші! Қазірде облысымызға танымал лауазымды қызметкерлеріміздің өзі «галстук - капитализмнің белгісі» дегендей болмашы сылтаулар айтып, сәнге сән қосудан тартынып, ыстықтап-пысынап қалың свитер киіп жүргенін көресің. «Осы бір талғамды тәрбиені қазірде тек естеліктерде ғана жазып жүрген жоқпыз ба?» - деген ойлар қылаң беріп қалады кейде. Дегенмен тәрбиені, жақсы әдет-ғұрыптарымыздың түбін терең тамырлы, бір-біріне жалғасқан деп ұғамыз. Сол талғамнан тым алшақтап кетпегеніміз лазым. Сондықтан Балтабай Сейсенбеков секілді үнемі алдыңғы қатардан танылып, көпке үлгі көрсеткен азаматтарымызды қашанда ұмытпауға тиіспіз.

Ғалымбек ЖҰМАТОВ, жазушы.

saryarka-samaly.kz