Елбасы кеңеске мүше елдердің делегациялары алдында маңызды мәселе жайында баяндама жасады. Алдымен Қазақстан Президенті беделі биік кеңеске қатысқаны үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы А.Гутерришке, Польша Республикасының Президенті А.Дудаға және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше басқа да елдердің делегация басшыларына ризашылық білдірді. Кеңес құрамына қабылданған бірқатар елдерді маңызды қадаммен құттықтады. Содан кейін Елбасы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне Қазақстанның тұрақты емес мүше ретінде сайлануы және биыл аталмыш органға төрағалық етуін біздің елімізге және оның бейбітшіл саясатына деген зор сенімнің белгісі екенін атап өтті.

- Бұл жауапты міндетті Қазақстан Орталық Азия елдері арасынан алғашқы болып қолға алды. Осылайша, біз Бүкіләлемдік ұйымның осы маңызды органында өңір халықтарының «үніне» айналдық. Қазақстанның аталмыш кеңестегі алғашқы жылы өтті. Біз күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге барынша белсенді, әділ атсалыстық, - деді Елбасы.

Осы ретте, еліміздің Ауғанстан/«Талибан», ИЛИМ/ДАИШ, «әл-Каида» және Сомали/Эритрея жөніндегі комитеттерді басқара отырып, бұл органдардың нәтижелі қызмет етуіне үлес қосқанын атап өтті. Бұдан соң Президент күн тәртібіндегі негізгі әрі өзекті мәселеге көшті.

- Бейбітшілік пен қауіпсіздік мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған сенім шаралары дау-жанжалдардың алдын алуда және өзекті жаһандық проблемалардың түйінін тарқатуда шешуші рөлге ие. Біріккен Ұлттар ұйымының Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясы мінберінен мен Азияда қауіпсіздік сенім шаралары бойынша өңірлік құрылым құру ұсынысын алға тартқан едім. Табанды дипломатиялық жұмыстардың нәтижесінде бұл механизмге қол жеткізілді. Бүгінде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі өңірдегі 26 мемлекетті біріктіріп, табысты жұмыс істеуде. Ширек ғасырдан кейін тағы да Біріккен Ұлттар Ұйымында Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстанның атынан сөз сөйлеп тұрмын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Десе де, Елбасы тынымсыз еңбекке қарамастан, кейбір елдер арасындағы өзара сенімді арттыру мәселесі жаһандық деңгейде әлі де өзекті күйінде болып отырғанын жасырмады. Сондықтан Қазақстан Президенті қауіпсіздіктің жаһандық жағдайын тұрақты ұстап тұрудың маңызды элементіне айналуы күн тәртібінен түспеуі керек, деді Елбасы.

Өйткені дәл осы сенім шаралары талай қауіптің бетін қайтарған. Мәселен, Елбасының бастамасымен еліміздің ядролық қарудан бас тартуы әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланғаны белгілі. Бүгінде Қазақстан ядролық қауіпсіздік саласында барлық халықаралық шарт-тардың қатысушысына айналды. Өзінің ядросыз мәртебесін заң жүзінде бекітіп алды.

Н.Назарбаев өзара сенімділік атмосферасы халықаралық ынтымақ-тастықтың жаңа үлгісін қалыптастыруға ықпал ететініне сенім білдірді. Ал Қазақстанның алапат қарудан бас тарту жолы өзге елдер үшін үлгі бола алады. Бұл ретте, Президент тәуелсіз еліміздің ядролық қарудан бас тарту арқылы жоғары халықаралық беделге ие болғанын да атап өтті. Солтүстік Корея басшылығын дәл осы жолмен жүруге шақырды. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті жаппай қырып-жоятын қаруларға ие елдер қатарының артуы ядролық, химиялық, биологиялық және радиологиялық қарулардың бүлдіргіш күштердің қолына түсу қаупінің артуына әкелетінін де ескертті.

Ал қаруды таратпау бағытында сенімді нығайту үшін Елбасы нақты ұсыныстарын ортаға салды. Біріншіден, ядролық қаруды таратпау жөніндегі шарттан шығуды мүмкін емес ету қажет, деді Елбасы. Екіншіден, жаппай қырып-жою қаруларын сатып алу және таратуға қарсы қатаң шаралар қолданудың нақты тетігін ойлап табу қажет. Мұндай көп тарапты келісімдер БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жекелеген қарарларымен бекітілуі керек дегенді алға тартты Н.Назарбаев. Үшіншіден, жаһандық қауіпсіздік жүйесін жаңғырту үдерісінің жетістігі немесе сәтсіздігі әлемдік қауымдастықтың милитаристік анахронизмді еңсеру қабілетіне тікелей байланысты. Осылай деген Елбасы елдерді әсери блоктарға бөлуді доғару қажеттігін алға тартты. Төртіншіден, халықаралық өмірге саяси сенім мен жүйелі келіссөздерді міндетті түрде қайтару керек, деді. Бұл ретте, Қазақстан қашанда тараптардың бір үстел басында келіссөздер жүргізуіне жағдай жасауға дайын екенін де еске салды.

- Әлемдік қоғамдастық – алуан түрлі және көп қырлы сипаты арқылы күшейе түскен біртұтас организм. Ол жер бетіндегі ұлттар мен халықтар арасында теңгерім мен үйлесім болған кезде ғана алға басып, дами алады. Сол себепті, біз халықаралық құқық үстемдігіне негізделген қауіпсіз әлем мен әділетті әлемдік тәртіпке бірлесе қол жеткізуіміз керек. Бұл істе Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің рөлі зор және оған тарихи миссия жүктелетіні де сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Кеңес отырысы барысында Польша Президенті А.Дуда, Кувейт Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Шейх Сабах Халед Әл-Сабах және Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі С.Лавров сөз сөйледі. Сарапшылар Қазақстанның бейбітшіл саясат жолындағы, әлемдік қауіпсіздік бағытындағы әрекеттеріне оң баға-ларын берді.

Әзірлеген – Г.МАҒЖАН.

saryarka-samaly.kz