«Top Star» фитнес клубының директоры Ольга Бульба ауқымды шараға атсалысқанына қуанышты екендігін айтты. «Ертіс» ФК-мен серіктес болғанымыз -
жақсы жаңалық. Өңір тұрғындары үшін бұл клубтың маңыздылығы жоғары. Біз қашан да облыс намысын қорғаған аяқдопшылармен біргеміз. Әрбір ойынын тағатсыздана күтіп, тамашалауға асығамыз. Біздің орталық футболшыларымыздың физикалық дайындығына қандай да бір әсер ете алса, бұл біздің отандық спортқа қосқан аз да болса үлесіміз болар еді», деді ол.

Аталған фитнес орталығында білікті мамандар қызмет көрсетеді. Адам ағзасындағы әрбір бұлшық етті ширатуға қажетті барлық құралдар жұмыс істеп тұр.

«Ертіс» футбол командасының қорғаушысы Руслан Есімов жасалған жаңа келісімшарт үшін клуб басшылығына алғысын айтты.

- Жасыл алаңда жаттығу бір басқа. Ал заманауи құралдармен жабдықталған фитнес орталығында тер төгу әрбір спортшы үшін пайдалы болары сөзсіз. Бұл біздің алдағы маусымда жақсы нәтижелерге жетуге мүмкіндігімізді молайта түседі деп ойлаймын, - дейді спортшы.

Бұл бастама оң нәтиже беретін болса, алдағы уақытта екі тарап арасындағы келісімшарт ұзартылуы мүмкін.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz